Руханият

Тәкаппар дүниені жалт қаратып…

Сұлтан Дәулетханұлы 1980 жылы Моңғолия республикасының Байөлке аймағында туған. 1992 жылы Қазақстанға көшіп келіп, 2002 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін үздік дипломмен бітірген. Еңбек жолын Бұқар жырау ауданының Ақтөбе ауылындағы орта мектепте бастаған. 2005 -2008 жылдары өзі оқыған университетте филология факультетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасында оқытушы болды. 2010-2022 жылдары Тоғызқұдық ауылындағы мектепте директордың ғылыми іс жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. Қазір Доскей ауылындағы «Мирас» балалар өнер мектебінде жыршы-жырау сыныбының оқытушысы. 2019 жылы «Атажұртқа тағзым» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді.

Бір үй бар жел өтінде, шеткеріде

«Тоғызқұдық ауылының шеткі көшесіндегі қызыл кірпішті үйді ел «Қар астында қалатын үй» дейді екен».
Автор.

Бір үй бар жел өтінде, шеткеріде,
Шықпаса да шенеунік, бек төріне,
Келген жан дәмін татып, қонақ болып,
Ғұмыр тілеп жүретін көктеміне.

Иесі шаңырақтың – момын адам,
Көрсетсе де көп сынақ өмір оған,
Тағдырына налыған кездері жоқ,
Өзгелерге қашан да көңілі алаң.

Ұйытқысы сол үйдің – алтын адам,
Сақтап жүрген қазақы қалпын аман.
Төрт-ақ жылдық білімі болса-дағы,
Ақыл-кеңес сұрайды әркім одан.

Аналықтың парызын адал ақтап,
Білгенін жүр келінге аманаттап,
Көнекөздер ерекше қадірлейді,
Бас қосылған жерлерде дара мақтап.

Келіні де құты сол босағаның,
Жаннан артық қадірлер дос адалын.
Жапырағын жайқалтып бір әулеттің,
Жасағаннан тілейді хош-аманын.

Бөбектері ол үйдің әлі балғын,
Енді-енді келеді танып алдын.
Ертеңіне қараймын ақ үмітпен,
Өшірмес деп олар да шамын ардың.

Сол бір үйдің бар жаны – бағаларым,
Шалқар шабыт сыйлайтын маған арын.
Бақытым да байлығым – солар менің:
Әке-шешем, жан жарым, балаларым!

Жалғандағы сол бір үй – жұмақ маған,
Қанағатшыл ғұмырым тұрақтаған.
Тек сол үйге жеткенше асық болып,
Құлазимын шақтарда жырақтаған.

 

Телегей

«Ей, тәкаппар дүние!
 Маған да бір қарашы…»
Қасым АМАНЖОЛОВ

Оралып қарша жауған оқтан аман,
Көндікпей жетегіне ноқта-заман.
Тәкаппар дүниені жалт қаратып,
Даңқымен дүбәрәні отқа ораған
Рухына хас шайырдың мыңдап мадақ!

Өзегін тек жасынға құндақтап ап,
Қасым-жыр ғасырларға зырлап барад(ы).
Қазақтың көсегесін көгертер жас,
Жаныңа азық етші жырды ақ қанат
Көгінде арманыңның самғау үшін!

Ұлтының бақытты бір таңдары үшін,
Жазды өлең жасалса да жанға қысым.
Шенді мен шекпендіге илікпеген,
Өр Қасым заманының заңғары шын
Сөзінен келер ұрпақ қуаттанар.

Әнінен әр жүрекке шуақ тарар,
Жанымен түсінгенге сыр ақтарар.
Қасымның әлеміне бойласаңыз
Қу тірлік баяны жоқ жырақ қалар,
Тазарып, мына өмірді қайта сүйіп,
Мұратың мәңгіліктен тұрақ табар!

 

Мен де бір ақыныңмын

Атымды шығарам деп түспедім әлекке де еш,
Жалған даңқ, бос мақтаулар тегінге қажет те емес.
Кешкенім қоңыр тірлік, көргенім көппен бірге,
Естірім ен даладан – елде жоқ бөлек кеңес.
Жағалап жан бақпадым «тірегі» күшті ағаны,
Жанымды семіртеді көктемгі құстар әні.
Жаратқан өзі жар боп, ешқашан тайдырмасын,
Жүректің түбіндегі үміттің үш тағанын!
Шындыққа ара түсіп, тастайтын отқа жанын,
Мен де бір ақыныңмын, арманы Хаққа мәлім.
Кешегі, бүгінгіні, ертеңгі сезгенімді,
Баршаңа еш бүкпесіз өлең ғып ақтарамын!

Торы төбел ат

Әкемнің жан серігі – торы төбел ат,
Талайдың ішін оттай өртеген ат.
Базарға жол тарттың-ау, ақы иеңнен,
«Адалым!» деген биік мәртебені ап.

Көзіме тізбектелді өткенің де:
Келіп ең тоқсан бестің көктемінде.
Жүйткитін шақтар қалды өзіңменен,
Едірей тау мен тасы, көк белінде.

Үйірге қосқанда әкем құнаныңда,
Қой бақпай бірнеше күн жыладым да.
Мен сонда алғаш рет құлазыдым,
Бала едім берілмейтін жүдә мұңға.

Өткеріп бастан өмір сынақтарын,
Сен содан тағыланып жырақтадың.
Өзіңді көруді аңсап бір жаз өтті,
Тең көрмей ертегінің пырақтарын.

Оқудан қайтқан кезде Балқан барып,
Тұрған бір кезің есте арқандалып.
Ат түгіл, ат үстінен кісі жұлар
Шайманның сақа айғыры арқаңды алып.

 Шапқылап жемге келер Үшжотадан,
Үйірің саудаланды қысқа таман.
«Жүрісі жайлы осының» деген иең,
Шанаға жекті со жыл қыс қақаған.

Ақ қарға түспей тұрып іздер бөтен,
Ішікке орай салып біздерді әкем.
Құлжаннан* шанаменен суылдатқан
Күндерді сағынышпен іздеуде өтем.

Дегенде Мәди туған дала көрдік,
Интернат жабылып қап, қала келдік.
Қалдырмай арбаң менен сені өзгеге
Көшкенде өзімізбен ала келдік.

Жақсы боп Тоғызқұдық жаңа мекен,
Жатсыну көргеміз жоқ ала бөтен.
Жұтымен тоқсан жеті сынағанда,
Арқаңда шықтық сенің аман-есен.

Салғанда салмағын жұт жанға күшті,
Бойыңа жинап алып бар намысты,
Тізерлеп тартқаныңда тонна жүкті,
Көрген жұрт күшіңе ерен таңғалысты.

Қыс шана, ал жаз болса арба сүйреп,
Бір үйдің бар тірлігін алға сүйреп
Жүргенде көздеріңнен сыр ұғушы ем,
дегендей «ешқашан да болма күйрек».

Алыстан шөп тасуда алда келген,
Ауылда ат соңысың арба көрген.
Қоштасу қиын соқты біздер үшін
Өзіңдей парқы бөлек ардагермен.

Сенімді серік болдың мал жайғанда,
Сенімді көлік болдың шалғайларда.
Сен кетіп, арбаң қалды қаңтарылып,
Күніге елестейсің таңғы ойларда.

Өзің боп жебеушісі қиялымның,
Жанымды баурайды әркез күй ағын мың.
Қалада жүрсем-дағы кетер емес
Тықылы тасжолдағы тұяғыңның.

Көшпелі ел едік қой ертеден-ақ,
Тағы да келіп қондық өлкеге жат.
Жүрегі жоқ адамдар мезі еткенде,
Түсіме кіріп тұршы, торы төбел ат?!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button