Спорт

Қарағандылық спортшы еліміздің үздік биіктікке секірушісі атанды

Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортшысы Кристина Овчинникова Польшада өткен халықаралық турнирде жүлдегер атанып, Қазақстанның биіктікке секіру бойынша ұлттық рейтингінде көш бастады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Польшаның Белосток қаласында World Athletics Continental Tour Bronze сериясына кіретін Mityng Gwiazd na Rynku Kościuszki халықаралық турнирі өтті. Әйелдер арасындағы биіктікке секіру жарысында қарағандылық спортшы 1,87 метр нәтижемен қола медаль жеңіп алды. Бұл көрсеткіш биылғы маусымдағы қазақстандық жеңіл атлеттер арасындағы ең үздік нәтиже саналады.

– Бұл турнир қаланың орталық алаңында ұйымдастырылды. Еуропада мұндай жарыстарға көрермендер көп жиналады. Мен бұл туралы алдын ала білмеген едім. Рейстің кешігуіне байланысты дене қыздырып та үлгермедім. Атмосфера ерекше болды. Көрермендердің қолдауы жарысқа қосымша серпін берді, – дейді спортшы.

Белостоктағы додаға әлемнің үздік жеңіл атлеттері қатысты. Жарыс ерлер мен әйелдер арасындағы биіктікке секіру, сырықпен секіру және ядро итеру бойынша ұйымдастырылды. Турнирге Қазақстан, Польша, Украина, Грекия, Франция, Португалия, Италия, АҚШ, Мексика, Түркия және Нигерияны қоса алғанда, 13 елден 35 спортшы қатысты.

Аталмыш бәсекеде бірінші орынды Украина өкілі Ирина Геращенко – 1,96 м иеленсе, Финляндия спортшысы Элла Юннила – 1,90 м күміс жүлдегер атанды. Ал, Кристина Овчинникова үздік үштікті түйіндеп, Франция, Түркия және Польша атынан қатысқан қарсыластарынан озық нәтиже көрсетті.

Алдағы күндері қарағандылық спортшы Германия мен Польшада өтетін халықаралық жарыстарға қатысады. Одан кейін Қазақстан чемпионатында бақ сынамақ. Оның биылғы маусымдағы басты мақсаты – Азия ойындарында табысты өнер көрсету.

Әдемі МАДИЯРҚЫЗЫ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button