Ұстаз жолы – ұрпаққа ұлағат
Ахмет Байтұрсынұлының өшпес мұрасы – бүгінгі жас буынның рухани темірқазығы. Ұлт ғұламасының ғибратты ғұмыры кеншілер шаһарында зор салтанатпен ұлықталды.

Қарағанды қалалық білім бөлімінің Әдістемелік кабинетінің «Зияткерлік модернизация» жобасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясында «Ұлт ұстазының ұлы жолы» атты тағылымы мол мюзикл өтті. Рухты оятқан ғажайып кеш ретінде тарихқа хатталды. Тәлім-тәрбиесі терең, мәдениеті асқақ шара өңірдегі қарашаңырақ Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының сахнасында көрерменге жол тартты. Театр шымылдығы түрілген сәттен-ақ көрермен қауым Алаш арысының сан қилы тағдыры мен тар жол, тайғақ кешулі заманына саяхат шеккендей болды. Мюзикл форматында ұсынылған бұл тың туынды өзіндік көркемдік ізденісімен, мазмұн тереңдігімен және эстетикалық қуатымен ерекшеленді.
Қойылым желісінде Ахмет Байтұрсынұлының торқалы топырақта өткен балалық шағы, алғашқы ағартушылық және ұстаздық соқпақтары, кең жайлаудың төсінде дүниеге келген жаңа әннің мұңды да әсем тарихы айтылды. Сондай-ақ, Алаш қозғалысындағы жанқиярлық қызметі мен жазықсыз айыпталып, тар қапасқа қамалған қасіретті кезеңдері шеберлікпен сахналанды. Ән, би және театр өнері өзара мінсіз үйлесім тапқан әсерлі көріністер ұлт ұстазының өмір жолы мен күрескерлік тұлғасын қауымға жан-жақты, шынайы жеткізді. Шара барысында Қазыбек би атындағы аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағы комитеті мектеп-гимназия ұжымына шығармашылық табыс тілеп, ақшалай сертификат табыс етті.
– Мюзикл жанры арқылы Ахмет Байтұрсынұлының өміріндегі маңызды кезеңдерді терең сезіндіре алдық. Оқушылар бұл жобаға аса бір қызығушылықпен қатысты. Әрбір оқушы өзіне берілген кейіпкерді жауапкершілікпен сомдауға ұмтылды. Дайындықта олар тек сахналық шеберліктерін дамытып қана қоймай, Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын тереңірек таныды. Бұл олардың рухани дамуына да оң әсер етеді деп есептеймін,– дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының директоры Сәуле Ізтілеуова.
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен мол мұрасын дәріптеген бұл тағылымды шараға атсалысқан мектеп ұжымы мен оқушылардың еңбегі зор. «Ұлт ұстазының ұлы жолы» мюзиклі – өткен тарихқа тағзым, бүгінгі күнге ғибрат және болашаққа бағытталған жарқын қадам.
Нұрасыл АМАНЖОЛ,
ҚарҰЗУ-дің ІІ курс студенті



