ҚарағандыСпорт

Аймақта балалар мен жасөспірімдер футзалының қысқы маусымы қорытындыланды

Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер арасында өткен футзалдан қысқы маусым өз мәресіне жетті. Freedom Futsal BFL жобасы мен Freedom BFL фестивалі аясында түрлі жас ерекшеліктеріндегі 50-ден астам команда бақ сынап, өзара кіл мықтыны анықтады.

Маусымның жабылуына арналған салтанатты рәсімде үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталып, ойыншылардың жеке жетістіктері де назардан тыс қалмады. Үздік ойыншы, қақпашы, қорғаушы, шабуылшы және сұрмерген аталымдары бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Сонымен қатар, «Жігерлі мінезі үшін» және «Үздік гол» арнайы аталымдарының иегерлері де марапатқа ие болды.

Жоба жетекшісі Изат Мүсілімовтың айтуынша, биылғы маусымда қатысушылар саны артып қана қоймай, командалардың ойын деңгейі мен дайындығы да айтарлықтай жоғарылаған.

Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған командалардың бірі – Scaut 2015A ұжымы. Команда ойыншысы Ілияс Қабдраш жетістікке жетуде жаттықтырушылар мен ата-аналардың қолдауы, сондай-ақ команданың ұйымшылдығы маңызды рөл атқарғанын айтты.

Ал STU командасы алғашқы маусымының өзінде жоғары нәтиже көрсетіп, өткізген 14 ойынның 12-сінде жеңіске жетті.

– Осындай жарыстар балалар мен жасөспірімдердің тәжірибе жинақтап, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Алғашқы маусымымызда-ақ жақсы нәтиже көрсеткеніміз біз үшін үлкен қуаныш, — деді STU командасының жаттықтырушысы Ерлан Оқасов.

QOFA ұйымының бас хатшысы Талғат Қаржаубаевтың сөзінше, Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер футзалы қарқынды дамып келеді. Мұндай турнирлер талантты спортшыларды анықтап, өңірдің болашақ спорттық резервін қалыптастыруға зор ықпал етеді.

Арай ЖАМАНҚҰЛ 
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button