ЖаңалықтарРуханият

Жас таланттар бақ сынасты

Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайында «Сарыарқа жұлдызы» эстрадалық ән орындаушылардың облыстық байқауы өтті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Сайысқа облыстың барлық қала мен ауданынан келген өнерлі жастар қатысып, вокалдық шеберліктерін ортаға салды. Өнер сайысы өңірдегі дарынды жастарды қолдау мен олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау мақсатында ұйымдастырылды. Байқауға өнер саласының білікті мамандары төрелік етті. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Назқоңыр» ансамблінің жетекшісі Дәуренбек Әркенов және Мәдениет саласының үздігі, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Әуен» ансамблінің жетекшісі Камшат Насырова, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің эстрадалық вокал бөлімінің меңгерушісі Елена Недова бар.

Сахнада өнер көрсеткен жас таланттар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, қазылар алқасының жоғары бағасын алды.

Байқау нәтижелері бойынша жеңімпаздар үш жас санатында анықталды. 7-10 жас аралығындағы санатта І орынды Ақтоғай ауданынан келген Медине Қайролла иеленсе, ІІ орын Осакаров ауданының өкілі Нұртілек Шаймұратқа бұйырды. ІІІ орынды қарқаралылық Көркем Болат еншіледі. 11-13 жас аралығындағы топта Қарағанды қаласынан Айсәуле Марат үздік деп танылды. ІІ орын Ақтоғай ауданының намысын қорғаған Дильназ Сағындыққа, ІІІ орын Осакаров ауданынан қатысқан Кәусар Аманкелдіге берілді. Ал, 14-18 жас аралығындағы орындаушылар арасында І орынды Теміртау қаласынан Нұрсая Рзағали иеленді, ІІ орын Шахтинск қаласының «Балауса» вокал тобына, ІІІ орын Топар кентінен келген Інжу Жанымханға тиесілі болды.

Салтанатты шара соныңда байқау қатысушылары арнайы Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Мәдениет қызметкерлері болашақ жұлдыздарға шығармашалық табыс пен сарқылмас шабыт тіледі.

Бұл байқау жас таланттардың өнер әлеміне қанат қағып, сенімді қадам басуына зор серпін бергені сөзсіз.

Аяулым ЖАНАТОВА,
ҚарҰЗУ-дің ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button