Балқашта жол бойындағы сервисті дамыту үшін жер телімдері бөлінуде
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, “Алматы – Екатеринбург” автожолының Балқаш қаласына жақын бөлігінде «Капля» жаңа жол бойы сервистік аймағын дамыту жұмыстары басталды. Мұнда болашақта туристер мен автокөлік жүргізушілері үшін тартымды нысанға айналатын жер учаскесі бөлінген. Қарағанды облысында жол бойы сервисін дамыту басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Қазіргі таңда аталған аумақта аукцион арқылы жеті жер телімі берілді. Мұнда жанармай құю станциясы жұмыс істеп тұр, сондай-ақ қонақүй мен дәмхана құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Шұбартүбек пен Тораңғалық туристік кенттері бағытында ірі жанармай құю кешендерін салуға арналған тағы үш алаң айқындалды.

– Бизнесті одан әрі дамыту мақсатында қосымша 40 гектар жер бөлінеді. Бұл аумақта сервистік нысандарға арналған шамамен 80 жер телімін қалыптастыруды, сондай-ақ инженерлік желілерді тартып, негізгі көлік ағынына кедергі келтірмеу үшін қосымша жол салуды жоспарлап отырмыз, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Жол қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта жылдамдықты автоматты түрде бақылау жүйелері мен өзге де заманауи технологиялар қолданылып жатыр.

– “Қарағанды–Балқаш” автожолында жүргізушілердің рөлде отырып қалғып кетуінің алдын алатын 14 лазерлік кешен орнатылды. Сонымен қатар жол қоршауларына арнайы жарық қайтаратын жапсырмалар орналастырылған. Олар түнгі уақытта және тұманды күндері жолдың көрінуін жақсартып, қозғалыс қауіпсіздігін арттырады, – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрсұлтан Елемесов.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



