Қарағанды құрамасы Азия додасынан жүлдемен оралды
Гонконг қаласында өткен жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті медаль жеңіп алды. Ұлттық құраманың бұл жетістігіне Қарағанды облысының спортшылары да елеулі үлес қосып, бір күміс және бір қола медаль еншіледі.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, құрлықтық додада Қазақстан құрамасы сапында Қарағанды өңірінен алты спортшы бақ сынаған. Олардың арасында Әлия Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушілері де болды.
Чемпионат қорытындысы бойынша Милана Зубарева 4×400 метрлік эстафетада күміс жүлдегер атанды. Ал Алина Головина 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде үздік үштіктен көрініп, қола медаль жеңіп алды.
Қарағандылық спортшылар аралас 4×400 метрлік эстафетада да жоғары нәтиже көрсетті. Милана Зубарева, Нұржан Сейдрахман және Павел Куликов өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы мәреге төртінші болып жетті.
– Жүлдеге сәл ғана жетпей қалдық. Дегенмен осы қашықтықта Қазақстан рекорды он секундтан астам уақытқа жаңартылды. Жалпы, биылғы маусым сәтті өтіп жатыр, – дейді Қарағанды облысының жеңіл атлетикадан аға жаттықтырушысы Андрей Агеев.
Өңірдің өзге спортшылары да жеке көрсеткіштерін жақсартты. Юлия Дёмкина 100 метрге жүгіруде жеке рекордын жаңартса, Мақсат Базарбаев биіктікке секіруде 195 сантиметр нәтижеге қол жеткізіп, өз көрсеткішін жақсартты.
Жас спортшылардың бұл жетістігі өңірдегі жеңіл атлетиканың даму қарқынын көрсетіп, халықаралық аренада қазақстандық спортшылардың әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сәнерке ХАСЕНОВА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



