Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Шахтерское ауылында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылға кіреберіс 1,5 шақырым жол бойына 250 қарағай көшеті отырғызылды. Жергілікті шаруа қожалығы 13 миллион теңге инвестиция салған экологиялық жоба ауылдың көркін арттырып тұр.

Көшет отырғызу шарасына ауыл тұрғындары белсенді қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты. Қазір жас ағаштарды сақтау үшін олардың айналасына қоршаулар орнатылып, суарудың автономды жүйесі жасақталуда.
Мамандардың айтуынша, жаңа жасыл белдеу ауылдың келбетін жақсартып қана қоймай, елді мекен маңындағы облыстық жолда қыс мезгілінде қардың жиналуын азайтуға көмектеседі.
Шахтерское ауылы абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлетін елді мекендердің қатарында. Тұрғындар тұрақты түрде сенбіліктерге қатысып, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға атсалысады. Биыл ауыл ішінде екі шақырым жолды асфальттау және жүзден астам жол белгісін орнату жоспарланған.
Әдемі МАДИЯРҚЫЗЫ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



