«Ауыл – Ел бесігі»Шет

Суға зар, уға “бай” Ақшатау

Суға зар, уға «бай» Ақшатаудың мәселесін «Орталық Қазақстан» біраз жылдан бері назарда ұстап келеді. Әріге бармайық, соңғы рет жазға салым бұл тақырыпты нысанаға алдық («Ақшатаудың аңқасы кеуіп тұр», №52 (22937), 20.05.2021 ж.). Өйткені, қабырғасы қақыраған кенттің тағдырына бейжай қарай алмаймыз. Бұл жолы да Ақшатауға ат басын арнайы бұрғанымыз да содан. «Жартасқа бардым, Күнде айқай салдымның» кері дерсіз. Бірақ, жалығатын біз жоқ…

СУДЫҢ САРСАҢЫ

Ақшатау халқының судың құлағына қолы тигеніне бір ай толған жоқ. Сәуірдің басынан қазанның 19- на дейін тіршілік нәрі күнара беріліп тұрды. Жаз бойы құдыққа құлып салынып, қарауыл қойылды. Ал, қазір, кент әкімі Қуандық Омарбайдың айтуынша, жер астындағы су деңгейі көтеріліпті.

Ақшатау кеңес кезеңінде дүрілдеп атағы шықты. Вольфрам мен молибденнің қорымен танылды. «Тіпті, облыста жоқ дефицит Ақшатауда сіресіп тұрды» дейді үлкендер. Дүниенің тапшылығын көрмеген Ақ шатау үшін су дегеніңіз бас ауыртар проблема болып па, тәйірі?! 35 шақырымдағы Қарабұлақтың суын құбырмен тартып, ішіп отырды. Кеніш жабылғанда астатөк су қат дүниеге айналды. Кәсіпорынның күшімен тұрған құбырдың тоз-тозы шықты, ел жақын жерден су іздеуге көшті.

Араға жылдар салып проблема шешілгендей де еді. Кенттен 5 шақырым жердегі Жылыкөң деген жерден су табылды. Бірақ, қоры белгісіз. Десек те, басқа амалдың жоқтығынан осы жерден бірнеше ұңғыма қазылды. Шыққан судың сапасына о баға беріліп, халықтың да, биліктің де көңілі жайланды. Әйтсе де, биыл көктемде күтпеген жерден су деңгейі түсіп кетіп, елді тығырыққа тіреді. «Қыс-көктемде су көтерілуші еді» деген әкім әлі күнге бұл құбылысқа аң-таң. Қарап отыруға тағы болмайды, төтенше жағдайлар қызметінің көмегімен Ақжал кентінен су тасуға көшті. Тасылған су кенттегі 500 текше метрлік резевуарға құйылды. Ал, 1000 текше метрлік екінші резервуар Жылыкөңнен сыздықтаған сумен толды.

– Жазда халықты күнделікті ауыз сумен қамтуға Жылыкөңнің де, тасымалдың да суы жетпеді. Сондықтан, біз резервуардағы суды күнара беруге көштік. Қазан айының ортасынан кейін су ептеп көтеріліп, күнделікті беріліп отыр. Қазір күн сайын 22-25 текше метр су резервуарға құйылуда, – дейді кент әкімі.

Жазда ұңғыманы тазалауға конкурс жарияланды. Алайда, бел буа кірісер ешкім табылмады. Өйткені, су мамандары тазарту жұмыстарының қаупі зор екенін айтады. Тазартылғаннан кейін су жоғалып кететінін тәжірибе көрсеткен. Есесіне, бүгінде аудан әкімдігі тереңдете, 100 метрлік ұңғыма қазуға шешім қабылдады. Тағы бір айтып өтері, кенттен 9 шақырымда Жыландыбұлақ деген жер бар. Әлгі жердегі су қоры мол болуы ғажап емес.

– Жыландыбұлақ секундына 4,8 литр су береді. Кентті сумен қамтуға міндетті «Электржабдықтау» ЖШС-нің зертханасы мен СЭС-ке бір-бір құтыдан тапсырдық. Жауабын күтудеміз. Бұдан бөлек, 18 шақырым қашықтағы Ақсеңгір деген жерді де суға тексергіміз келеді. Қазіргі таңда осы екі орында барлау жұмыстарын жүргізуге облыс әкімдігіне хат жолданды, – дейді Қуандық Омарбай.

Әкімнің жоспары жүзеге аса кеткенше екі-үш жылдың жүзі айналары анық. Ал, ол күн туғанша Ақшатау жұртының тамшы суды аңсаумен аңқасы кеппек. Тоқсаныншы жылдардан бері көрешекті көріп келе жатқан ел күтуге де дайын.

– Жаз бойы суға зар болдық. Көктен де бір тамшы тамбады. Бақша дегенді қойдық. Мал санын көбейтуді, тіпті, ойламаймыз. Беретін суымыз жоқ. Өзіміз ішуге тауып алсақ, шүкір. Әкімдік «жарылқаймыз» деп уәдені беріп отыр. Көнбеске айламыз жоқ, – деген Талғат есімді кент тұрғыны судың барына тәубе қылады.

БІРІНШІ ҚАБАТТА БАЛА ЖОҚ

Ақшатау мектебінің бірінші қабатында бала оқымайды. Кентте радиация мөлшері шектен тыс. Оқушыларды радоннан қорғау мақсатында барлық сабақтар үстіңгі қабаттарда өтеді.

Үкімет Ақшатауда радон мөлшері шамадан тыс екенін анықтап, қауіпті аймақ ретінде мойындады. Арнайы қаулы да бар. 2012 жылдан бері мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, облыс әкімдігі алдында көтеріліп келеді. Облыс әкімдігі деңгейінде бірлескен жоспар түзіліп, кент тұрғындарын басқа елдімекендерге көшіру бойынша ұсыныс та талқыланды. Алайда, қаражат тапшылығы мен кентке арнайы мәртебе берілмеуінен түйін күрмеуі тарқатылар түрі жоқ.

Дегенмен, 2012 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде Ақадырға – 63, Ақсу-Аюлыға 11 адам көшірілгенін атап өту қажет. Ал, радон мөлшері жоғары аумақта тұратын 10 шаңырақ қоныс аудару дан бас тартыпты.

«Жығылғанға жұдырық» деген. Радиациядан бөлек, жер ішке түсіп жатыр. Жақында тағы үш тұстан опырылды. Бүгінде бұл орындарға ескерту тақталары қойылып, қоршалған. Бір оңғарғаны – кенттің астында шахта жоқ екен. Ал, кенттегі мектепте 107 бала білім алады. Жоғарыда айтып кеткендей, оқу кабинеттері жоғарғы қабаттарда. Радоннан қорғану мақсатында ғимарат еденіне толық линолеум төселген. Оқушылар жылда медициналық тексерістен өтеді. Алматылық «Экосервис-С» ЖШС тексеріс жүргізіп, ұйымның ұсынысына сәйкес қорғаныш шаралары қолға алынуда. Дегенмен, бұл жұмыстар радиацияның залалын түбегейлі жоймайтынын ішіміз сезеді. Шет елдер жұрты радиацияның аты естілгеннен-ақ бас сауғалап, жоғалар еді. Ал, атқамінерлердің айтуынша, мұндағы мыңға жуық халықтың өзге ауылға көшкісі жоқ. Тек, шахтаның оқпанына жақын тұрған үйлер ауылдың басқа бұрышына көшуге келісіп отыр. Қазір вольфрам-молибден өндіруді көздеген «KSP» ЖШС-мен бес үйді қайта салуға уағда жасалды.

PS: «Ақшатауға айрықша мәртебе керек, – дейді ақшатаулық Талғат.

– Удың үстінде отырған бізді қорғайтын басқа тетік көріп тұрған жоқпыз. Әйтпесе, радиациядан қорғайды деп, төсеніш төсеу сияқты шаруаны баланың ойыны деп білеміз…».

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button