Даңққа бөленген дарабоздар
Металлургтің маңдай тері мен кәсіби шеберлігі өндіріс қуаты мен елдің өндірістік әлеуетін де айқындайды. Осы ерен-ғайып еңбекті ұлықтайтын орын – Qarmet комбинатындағы Даңқ аллеясы. Металлург күні қарсаңында аллея тағы бір мәрте жаңарып, болат өндірісінде үздік нәтижеге қол жеткізген 60 қызметкердің есімі мен жарқын бейнесі құрмет төрінен ойып тұрып орын алды.

Жаңартылған Даңқ аллеясының ашылу салтанаты еңбек мерекесінің айрықша сезіндіре түскендей. Өнерпаздар әуелеткен ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би өндіріс озаттарына деген құрметтің шынайы көрінісіндей әсер қалдырды. Салтанатты жиында болат өндірісінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қызметкерлерге Құрмет грамоталары табысталып, олардың есімдері әріптестері алдында лайықты дәріптелді.
Солардың бірі – конвертер цехының учаске бастығы, өмірінің отыз жылдан астам уақытын комбинат жұмысына арнаған Талғат Түсіпов.

– Толқу да бар, мақтаныш сезімі де бар. Бұл – тек өзім үшін ғана емес, туған комбинатым үшін де үлкен мәртебе, – деді ол қуанышын жасырмай.
Газ цехы қызметінің бастығы Евгений Попков Qarmet ұжымында 2009 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Оның есім-сойының Даңқ аллеясынан орын алуы – өндірістегі кәсіби біліктілік пен жауапкершіліктің, ұжым алдындағы адал еңбектің лайықты бағаланғанының көзайым көрінісі.
– Еңбегімнің бағаланғаны қуантады. Бірақ, барша әріптестеріме тілейтін ең басты тілегім – жұмыстың қауіпсіз болуы. Бізді әрдайым үйде жақындарымыз күтіп отырғанын ұмытпайық, – деп ескерте кетті Евгений Попков.
Qarmet компаниясының баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, Даңқ аллеясындағы әрбір портрет – жылдар бойы шыңдалған кәсіби шеберліктің, өндірістегі жоғары жауапкершіліктің және туған кәсіпке деген шексіз адалдықтың айқын айғағы.
Өз тілшімізден



