Спорт

Он сегіз медаль олжалады

Қарағандылық спортшылар ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, 18 медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, ел біріншілігінің қорытындысы бойынша екі жерлесіміз жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Қонаев қаласында өткен чемпионатқа еліміздің 12 өңірінен 168 спортшы қатысты. Қарағанды облысының намысын олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт мектебінің 15 тәрбиеленушісі және Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-интернат колледжінің спортшысы қорғады.

– Ересектер арасында жүлдеге іліге алмадық. Дегенмен, Ярослав Губарев пен Тимофей Лебедев Аргентинада өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алды. Кез келген спорт түрімен айналысу оңай емес. Біздің негізгі жаттығулар жыл бойы бассейнде өтеді. Өйткені, ашық суда үздіксіз жаттығуға мүмкіндік жоқ. Енді дайындықтың жекелеген кезеңдерін міндетті түрде ашық суда өткіземіз, – деді ашық суда жүзуден Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Евгений Аленушка.

Қарағандылықтар сегіз алтын, бес күміс және бес қола медаль жеңіп алды. Ярослав Губарев пен Тимофей Лебедевтің айтуынша, бұл нәтиже – ұзақ дайындық пен тынымсыз еңбектің жемісі.

– Жарыс маған қатты ұнады. Бағдарламада 10, 5 және 3 шақырымдық қашықтықтар, 500 метрлік жарыс пен теңіз милі болды. Балалар арасында да 3 шақырымдық қашықтық ұйымдастырылды. Мен теңіз милі мен 500 метр қашықтықтарында жүлделі орынға ие болдым. Ең бастысы – алдыңа мақсат қойып, соған ұмтылу, – деді Тимофей Лебедев.

Спортшылар Аргентинада өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына дайындықты бастап кетті.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button