Жаңалықтар

Теміртаудың құрышымен қапталады

Теміртауда балқытылған болатпен Қазақстан жолдарымен жүйткіген автобус­тардың шанағы қапталады. Бұл – жай ғана өндірістік үрдіс емес, елдегі машина жасау мен металлургияның өзара байланысы күшейіп келе жатқанының айқын көрінісі. Qarmet металлургиялық комбинаты мен QazTehna зауытының бірлескен жобасы отандық өндірістің жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартады.

Суреттер Qarmet сайтынан

Бүгінде QazTehna зауытында шығарылатын автобустардың негізгі кузов бөлшектері Qarmet өндіретін 08КП маркалы мырышталған болаттан жасалады. Бұл мүмкіндік 2025 жылы кәсіп­орында Қазақстандағы алғашқы гидравликалық штамптау прессі іске қосылғаннан кейін пайда болды. Қуаты 1600 тонна болатын бірегей жабдық автобустың шатырынан бастап бүйір панельдеріне дейінгі негізгі металл элементтерін зауыттың өзінде дайындауға жол ашты.

– Аталған штамптау прессінің күші 1600 тонна және бұл – Қазақстандағы осындай үлгідегі жалғыз жабдық. Мұнда автобус­тардың негізгі кузов бөлшектері: шатыр элементтері, бүйір панельдер және басқа да компоненттер өндіріледі. Болатты бізге Qarmet компаниясы жеткізеді. Әртүрлі қалыңдықтағы металл қолданамыз, ол жоғары сапасымен ерекшеленеді және штамптауға өте қолайлы, – деді QazTehna зауытының инженер-технологы Назар Бурихин.

Өндірістегі бұл өзгеріс тек жаңа жабдықтың іске қосылуымен шектелмейді. Ең бас­тысы – автобустарды шығарудағы жергіліктендіру деңгейі артты. Отандық болатты пайдалану импорттық құрамдастарға тәуелділікті азайтып, өндірістік тізбектің еліміздің ішінде қалыптасуына жол ашты. Соның нәтижесінде локализация деңгейі 11 пайыздан астам өсті.

Қазір жаңа желіде Yutong маркалы қалалық, туристік және мектеп автобустарына арналған шатырдың орталық және бүйір бөліктері, қаптамалар мен басқа да негізгі штампталған бөлшектер шығарылады. Мұның бәрі – қазақстандық металлургтердің еңбегінің нәтижесі.

– Отандық машина жасау кәсіпорындарымен ынтымақтас­тықты дамыту – Qarmet үшін маңызды бағыттардың бірі. QazTehna зауытына мырышталған болат жеткізу біздің металлургиялық комбинат өнімдерінің заманауи жоғары технологиялық өндірістер талаптарына сай келетінін көрсетеді. Біз үшін Қазақстанда өндірілетін техниканың жасалуында отандық металдың қолданылуы аса маңызды. Мұндай кооперация ішкі нарықты дамытуға, локализация үлесін арттыруға және Қазақстан кәсіп­орындары арасында тұрақты өндірістік тізбектер қалыптастыруға ықпал етеді, – деп атап өтті Qarmet мамандары.

Компания бүгінде өндірісті жаңғыртуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Комбинатта №8-9 жаңа кокстық батарея­лар, сортпрокат кешені, ыстық үздіксіз мырыштау және полимерлі жабындар желісі, сондай-ақ, құю-прокат кешені салынуда. Бұл жобалар жүзеге асқан сайын құрылысқа, машина жасауға және автомобиль өнеркәсібіне қажетті заманауи металл өнімдерінің көлемі де арта түспек.

Қазақстанда соңғы жылдары өнеркәсіптік кооперацияны күшейтуге ерекше мән беріліп келеді. Бұрын сырттан әкелінетін металл бөлшектердің біртіндеп отандық өніммен алмастырылуы өндіріс шығындарын азайтып қана қоймай, кәсіпорындардың өзара байланысын нығайтады. Бұл – ішкі нарықтың әлеуетін арттырып, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін маңызды қадам.

Машина жасау саласының дамуы ең алдымен сапалы металл өндірісіне тікелей тәуелді. Сондықтан металлургия мен машина жасаудың бір өндірістік тізбекке бірігуі жаңа технологияларды енгізуге, инженерлік әлеуетті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мұндай байланыс елдің өнеркәсіптік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызды рөл атқарады. Теміртауда өндірілген болаттың Саранда құрастырылатын автобусқа айналуы бір ғана өндірістік жобаның нәтижесі емес. Бұл – шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклдің қалыптасып келе жатқанының белгісі. Мұндай тәжірибе көбейген сайын «Қазақстанда жасалған» деген белгі тек тауардың шыққан жерін ғана емес, ел экономикасының мүмкіндігін де айқындай түседі.

Әлемдік тәжірибеде өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі көбіне кәсіпорындар арасындағы кооперация деңгейімен өлшенеді. Бір кәсіпорын шикізат өндірсе, екіншісі оны жоғары қосылған құны бар дайын өнімге айналдырады. Қазақстан да осы модельге біртіндеп көшіп келеді. Мұндай өндірістік байланыс ел ішінде жаңа технологиялардың таралуына, инженерлік тәжірибенің жинақталуына және өндіріс мәдениетінің жаңаруына ықпал етеді.

Отандық өндірістің күші де осындай байланыстан көрінеді. Металлургия мен машина жасау бір бағытта жұмыс істеген сайын ел ішінде қосылған құны жоғары өнім көбейеді. Ал бұл тек жаңа автобустардың шығарылуы ғана емес, өндірістік тәжірибенің жинақталуы, инженерлік мектептің қалыптасуы деген таңбаның салмағының артуы. Экономиканың беріктігі де дәл осындай нақты өндірістерден басталады.

Бүгінде Қазақстанда өндірілген болат Қазақстанда жасалған автобустың негізіне айналып отыр. Мұндай өндірістік кооперация тек екі кәсіпорынның жетістігі емес. Бұл – қосылған құны жоғары өнім өндіруге ұмтылған ел өнеркәсібінің бағыты, технологиялық тәуелсіздікке бастайтын нақты қадам.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button