Сарыарқаның сайын даласында тасқа қатталған тарих аз емес. Сол көмбелі мұраның бірегейі – Шет ауданындағы Талды тарихи-археологиялық кешені. Бұл жолы жер шарының түпкір-түпкірінен келген тарихшы, археолог, антрополог ғалымдар дәл осы қасиетті мекенде бас қосты. «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы дала құпиялары – Талды» атты халықаралық симпозиум Қаражартас пирамидасының іргесінде ұйымдастырылып, көне дәуірдің көмескі беттерін жаңа қырынан пайымдауға мүмкіндік берді.
Қаражартаста қандай құпия бар?
Талды – Орталық Қазақстанның ежелгі тарихын айғақтайтын аса маңызды археологиялық кеңістік. Мұндағы қорымдар мен тас құрылыстар, қыш ыдыстар мен адам сүйектерінің қалдықтары, жерлеу орындары мен сәулеттік белгілер – бәрі де Ұлы даланың байырғы мәдениетін, сол дәуір адамының дүниетанымын, әлеуметтік құрылымын және өмір салтын тануға жол ашады.
Симпозиумның шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей ашып, Талды тарихи-археологиялық кешенінің өңір үшін ғана емес, тұтас ел тарихы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
– Археологиялық кешендегі әр жәдігер – өткен дәуірдің ізі, Ұлы даланың үні. Мұнда әлем ғалымдарының келуі заңды. Біздің өңірден табылған құнды жәдігерлер аймақ тарихын тереңдетіп қана қоймай, туристік әлеуетті де арттыратыны анық. Археологиялық кешендегі әрбір нысан – тасқа қатталған шежіре. Басты мақсаттың бірі – осы құндылықтарымызды әлемге таныту. Алдағы уақытта бұл жерде ашық аспан астындағы музей қалыптастыру ойымызда бар, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Ғылыми жиынға Қазақстанмен қатар Түркия, Германия, Мажарстан және Ресейден келген зерттеушілер қатысты.
Ғалымдардың назарын ерекше аударған нысанның бірі – Қаражартас пирамидасы. Атауы да тегін емес. Ескерткіш Талды өзені сағасындағы қара жартас маңында орналасқан. Сыртқы құрылымы сатылы пішінді болғандықтан, зерттеушілер оны шартты түрде «пирамида» деп атайды. Алайда, бұл – Мысырдағы алып пирамидалардың көшірмесі емес, дала өркениетіне тән өзіндік жерлеу-сәулет кешені.
– Қаражартас пирамидасының ерекшелігі – оның бірегейлігінде. Мұндай құрылым Қазақстан аумағында сирек кездеседі. Ғалымдар оны соңғы қола дәуірімен, Беғазы-Дәндібай мәдениетімен байланыстырады. Хронологиялық тұрғыдан алғанда, ескерткіш біздің дәуірімізге дейінгі XIV-XV ғасырларға тиесілі деген ғылыми пайым бар. Бұл кезең – Орталық Қазақстанда күрделі әлеуметтік құрылым қалыптасып, жерлеу дәстүрі мен тас сәулеті жоғары деңгейге жеткен уақыт. Қаражартастың орталық бөлігінде бір адам жерленген. Оның маңындағы қосымша жерлеу орындары сол дәуірдегі әлеуметтік қатынастар мен дүниетанымнан хабар береді. Кейбір болжамдарға қарағанда, негізгі жерленген адамның айналасында оның отбасы мүшелері немесе мәртебесі жоғары ортаға жақын адамдар жерленуі мүмкін. Мұның өзі Қаражартастың қарапайым қорым емес, белгілі бір әлеуметтік мәні бар күрделі ғұрыптық нысан екенін аңғартады, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жанындағы «Сарыарқа» археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин.
Археологтың айтуынша, өкінішке қарай, даладағы көне қорымдардың басым бөлігі ерте кезеңдерде тоналған. Сондықтан, мұндай нысандардан табылатын жәдігерлер толық сақтала бермейді. Соған қарамастан, Қаражартастан анықталған қыш ыдыс сынықтары, сүйек қалдықтары мен жерлеу құрылысының архитектуралық белгілері ғалымдар үшін аса құнды. Әрбір қыш өрнегі, әрбір тас қаландысы, әрбір жерлеу бағыты сол дәуір адамының дүниетанымын түсінуге мүмкіндік береді.
Қаражартастағы алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары 2016 жылдан бастау алған. Кейін ескерткішті қалпына келтіру, ғылыми сипаттау және реставрациялау бағытында жұмыстар жүргізілді. Бүгінде нысандағы зерттеудің басым бөлігі аяқталғанымен, Талды алқабы әлі де талай жаңалықтың кілтін бүгіп жатқан кеңістік. Талды алқабындағы ескерткіштерді зерттеу арқылы Сарыарқаның қола дәуіріндегі мәдени келбетін жаңа қырынан тануға болады. Мұндағы тас құрылыстардың орналасуы, қабырғалардың батыс-шығыс бағытта қалануы, жерлеу ғұрпындағы күнбатысқа бағдарлану секілді белгілер сол кезеңдегі наным-сенім жүйесін, өлім мен өмір туралы түсінікті, кеңістікке қатысты байырғы танымды айғақтайды.
Ғалымдар не дейді?
Халықаралық симпозиумда Талды алқабының тарихи мәні әр қырынан сараланды. Бір ғалым археологиялық мұраны сақтау мәселесіне тоқталса, енді бірі қола дәуіріндегі жерлеу құрылыстарының ерекшелігін талдады. Шетелдік зерттеушілер ежелгі адамдардың антропологиялық келбеті, сүйек құрылымындағы өзгерістер, тарихи-мәдени байланыстар және археологиялық материалдарды заманауи әдістермен зерттеу жайын қозғады.
Археолог, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мадияр Елеуов Қазақстандағы археологиялық мұраларды қорғау мен сақтаудың өзекті мәселелеріне назар аударды.
– Еліміздің тарихы мәдени мұраларға бай. Сарыарқа өңірі де тас дәуірінен бастап, түрлі тарихи кезеңдерді бастан өткерген. Бұл аймақтағы ескерткіштерді жүйелі зерттеу арқылы қазақ даласындағы мәдени үдерістердің сабақтастығын тереңірек тануға болады. Қаражартас секілді бірегей сәулет ескерткіштері ел тарихын ғана емес, мәдени туризм бағытын дамытуға да серпін береді, – деді ғалым.
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жанындағы «Сарыарқа» археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин Талды тарихи-археологиялық паркіндегі қола дәуірі ескерткіштері туралы баяндады.
– Кез келген зерттеу алқабында археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, қазба салынатын нүктелер алдын ала анықталады. Бұл өңірдегі көптеген ескерткіштер кезінде белгілі археологтар тарапынан картаға түсірілген. Қаражартас пирамидасында алғашқы қазба жұмыстары 2016 жылдан басталып, кейін нысанды қалпына келтіру және ғылыми сипаттау бағытындағы жұмыстар жалғасты. Қазіргі таңда кешенді зерттеудің басым бөлігі аяқталғанымен, Талды әлі де толық ашылмаған тарихи кеңістік ретінде бағаланып отыр, – деді ол.
Симпозиумда түркиялық антрополог Назлы Ақбас Ақкезең қорымынан табылған адам сүйектерін зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Ғалымдардың анықтауынша, жерлеу орны ер адам мен әйелге тиесілі болған. Қорым көне заманда тоналғанымен, сүйек қалдықтары ғылыми талдау жасауға жеткілікті деңгейде сақталған.
– Бұл тарихи қорғандарды зерделеу арқылы көп дүниеге қанық болдым. Қазақ даласының байырғы салт-дәстүрі, танымы терең ғұрпы мені ерекше әсерге бөледі. Антропологиялық зерттеу барысында ер адамның жамбас және омыртқа сүйектерінен ұзақ уақыт атқа мінген адамдарға тән өзгерістер анықталған. Мұндай ескерткіштерді зерттеу арқылы біз тек көне адамның сүйегін ғана емес, тұтас бір мәдениеттің өмір сүру салтын танимыз, – деді шетелдік ғалым.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры, археолог Бақдәулет Сыздықов Ұлы дала көшпелілерінің тарихи миграциялары мен этномәдени байланыстарына тоқталды. Ғалымның пайымынша, Сарыарқа аумағындағы археологиялық ескерткіштерді жеке-дара емес, Еуразия кеңістігіндегі тарихи қозғалыстармен, мәдени ықпалдастықтармен сабақтастыра қарастыру қажет. Себебі Ұлы далада қалыптасқан мәдениеттер бір-бірінен оқшау дамыған жоқ, керісінше, кең ауқымды этномәдени байланыстар жүйесінде өрбіді.
Жиында заманауи ғылыми әдістер де назардан тыс қалған жоқ. Мажарстандық мүсінші-реставратор Эмеше Анна Габор көне дәуір адамдарының бет-бейнесін қалпына келтіру тәжірибесімен бөлісті. Германиядағы Макс Планк институтының палеоботанигі Басира Мир археология мен ботаника ғылымдарының тоғысындағы зерттеулер туралы баяндады. Ал, археометаллургия бағытындағы мамандар көне металдарды зерттеудің жаңа әдістерін таныстырды.
Көрме көрігін қыздырған жәдігерлер
Симпозиум аясында Талды алқабынан табылған археологиялық олжалар мен өңірдің тарихи-мәдени мұрасын таныстырған көрмелер де көпшілік назарына ұсынылды. Киіз үйлерде жасақталған экспозициялар ғылыми жиынның мазмұнын ұлттық бояумен толықтырды. Мұнда көне жәдігерлер, қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар мен дәстүрлі мәдениеттің бүгінге жеткен үлгілері қойылды.
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі сақ дәуіріне тиесілі қазан, көне қанжар, әшекей бұйымдар және көшпелілер тұрмысынан сыр шертетін жәдігерлерді таныстырды. Шет аудандық музейі де өңір тарихына қатысты құнды экспонаттарды көпшілік назарына ұсынды. Әрбір бұйым – бір дәуірдің куәсі. Бірі көне металл өңдеу мәдениетін көрсетсе, енді бірі дала адамының тұрмыс-тіршілігін, талғамын, дүниетанымын аңғартады.
– 1993 жылы оқу бітіргеннен бері тұрақты түрде қолөнермен айналысып келемін. Кесте тігу, тоқыма тоқу секілді жұмыстар маған ерекше ләззат береді. Үйде тапсырыс қабылдаймын. Әр бұйымға ұлттық өрнек, өз қолтаңбамды қосуға тырысамын, – деді Кеншоқы ауылының тұрғыны, қолөнерші Айгүл Төлеутайқызы.
Ғылыми байланыс кеңейеді
Халықаралық симпозиум аясында ғылыми және мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды келісімдерге де қол қойылды. Бұл құжаттар Талды тарихи-археологиялық кешенін зерттеу, сақтау, қалпына келтіру және әлемдік ғылыми айналымға енгізу бағытындағы жұмыстарға тың серпін бермек.
Алғашқы меморандум Венгрияның «ARC-heo art-REKO Stúdió Bt.» ұйымы мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында жасалды. Бұл ұйым мәдени мұраны зерттеу, сақтау, ғылыми реконструкциялау бағытында жұмыс істейді. Әсіресе, ежелгі адамдардың бет-бейнесін ғылыми негізде қалпына келтіру, археологиялық және антропологиялық материалдарды зерттеу саласында тәжірибесі мол.
Келісім археологиялық, тарихи және мәдени мұраны құжаттау, сақтау, реставрациялау, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру және мамандар алмасу бағыттарын қамтиды. Бұл – Талды алқабындағы зерттеулердің халықаралық деңгейде жалғасуына жол ашатын маңызды қадам.
Екінші меморандум әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында рәсімделді. Құжат тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен насихаттау, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, жас мамандар даярлау және ғылыми тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастықты көздейді.
Түйін
Тарихи мұраны сақтау – тек ғалымдардың ғана міндеті емес. Ол – елдік сананы күшейтетін, ұрпақтың өткенге құрметін арттыратын ортақ жауапкершілік. Талдыдағы әрбір тас, әрбір қыш сынығы, әрбір жерлеу орны – өткен дәуірден жеткен үн. Сол үнді есту, түсіну және келер ұрпаққа аман жеткізу – бүгінгі күннің басты парызы.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



