Бас тақырып

Кен байытып, кентті көркейткен

Кенді металға айналдыратын өндірістік желінің басында – байыту процесі тұр. Ал, осынау күрделі тізбектің Қарқаралы өңіріндегі басты діңгегі – Қарағайлы кен байыту фабрикасы. Тарихтың талай сынынан өткен бұл алып кәсіпорын бүгінде өндіріс қуатын еселеп қана қоймай, жергілікті жұрттың әлеуметтік тірегіне айналды. Сондықтан да, Қарағайлыда фабрика мен кент тағдырын бөле-жара қарау мүмкін емес. Кәсіпорын тыныстаса – ел де тыныстайды.

Сурет «Қазақмыс» корпорациясының сайтынан

Өткен ғасырдың 50-жылдарында кен барлау экспедициясы жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Қарағайлы кенішінде барит-полиметалл кенінің мол қоры бар екені анықталған. Кеннің минералдық құрамы әртүрлі болғанымен, басым бөлігін барит, қорғасын, мыс пен мырыш құрады. Осындай бағалы металдарды өндіру және байыту мақсатында 1963 жылы Қарағайлы кен байыту фабрикасының іргетасы қаланды.

Алғашқы №1 фабрика жылына 100 мың тонна кен өңдеуге есептелген еді. Өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты 1978 жылы қуаты жылына 1,5 миллион тонна кен өңдеуге қауқарлы №2 фабрика іске қосылды. Осылайша, Қарағайлы біртіндеп Қарқаралы өңіріндегі ірі өндірістік орталықтардың біріне айналды.

Фабрика төңірегінде жұмысшылар қонысы қалыптасып, тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Кәсіп­орын мыңдаған адамның еңбек жолын бастап, бірнеше буын өкілінің кәсіби шыңдалуына мүмкіндік берді. Қарағайлы тұрғындары үшін комбинат қарапайым жұмыс орны ғана емес, тұтас кенттің өсіп-өркендеуіне жол ашқан тіршілік өзегі ме дерсің.

Тау-кен байыту комбинатында қырық жыл еңбек еткен Жүкен Жұмабекұлы сол кезеңдерді жақсы біледі.
– Әскерден оралғаннан кейін, 1965 жылы бірден фабрикаға жұмысқа орналастым. Содан қырық жыл бойы осы өндірісте табан аудармай еңбек еттім. Біздің буынның мұраты айқын еді. Ол – кәсіпорын жұмысын ілгерілетіп, Қарағайлыны көркейту. Комбинатта еңбек еткен әр адам өз жұмысын кенттің болашағымен байланыстыратын. Бүгінде ауылымыздың жаңарып, қайта гүлденіп келе жатқанын көргенде, төккен теріміздің зая кетпегенін сезінеміз. Мұның бәрінде осы кәсіпорынның үлесі зор, – дейді еңбек ардагері.

Алайда, Қарағайлының өндірістік жолы үнемі бірқалыпты болған жоқ. Кеңес Одағы тарағаннан кейін тау-кен байыту комбинатының жұмысы тоқырауға ұшырады. Кезінде цехтары тынымсыз жұмыс істеп, кен тиелген вагондары үздіксіз қозғалып жататын өндіріс орны бір сәтте тынши қалды.

Кәсіпорын жұмысының тоқтауы кенттің әлеуметтік жағдайына да ауыр әсер етті. Тұрақты табысынан айырылған тұрғындардың бір бөлігі жұмыс іздеп, басқа қалалар мен өңірлерге көшуге мәжбүр болды. Үйлер бос қалып, бір кездері тіршілігі қайнаған Қарағайлының еңсесі түсіп кетті.

Жағдай 2000 жылдардың басында өзгере бастады. 2003-2006 жылдары «Қазақмыс» корпорациясы өндіріс орнын өз қарамағына алып, фабриканы қалпына келтіру мен қайта іске қосуға кірісті. Жабдықтар жөнделіп, технологиялық желілер қалпына келтірілді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, елдімекеннің әлеуметтік-экономикалық тынысы қайта жанданды.

Фабриканың іске қосылуы бір кәсіпорынның ғана емес, тұтас Қарағайлының қайта түлеуіне жол ашты. Жұмыспен қамту тұрақтанып, тұрғындардың болашаққа деген сенімі нығая түсті. Кезінде басқа жаққа көшкен кейбір отбасылар туған жеріне қайта орала бастады.

Бүгінде Қарағайлы байыту фабрикасы «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының құрамында жұмыс істейді. Кәсіпорын Абыз, Ақбастау және Қажықонған кен орындарынан жеткізілетін полиметалл кенін өңдейді. Фабриканың қазіргі өндірістік қуаты жылына 1,4 миллион тонна кенді құрайды. Негізгі өнімі – мыс және пирит концентраттары.

Кеннің дайын концентратқа айналуына дейінгі жолы бірнеше күрделі технологиялық кезеңнен тұрады. Алдымен, өндіріс орнына жеткізілген кен ұсату қондырғыларынан өтеді. Одан кейін, арнайы диірмендерде қажетті мөлшерге дейін майдаланып, флотациялық әдіс арқылы пайдалы минералдар бос жыныстан ажыратылады. Алынған концентрат қоюландырылып, сүзгіден өткізіліп, әрі қарай металлургиялық кәсіпорындарға жөнелтуге дайындалады.

Әр кен орнының минералдық құрамы бірдей емес. Сондықтан, технологтар өңделетін шикізаттың ерекшелігіне қарай өндірістік режимді өзгертіп отырады. Бүкіл үдерістің қалыпты жүруі зертханалық бақылауға, жабдықтардың сенімділігіне және әр маманның жауапкершілігіне тәуелді.

Қазіргі уақытта фабриканың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отыр. «Qaragayly Tau-ken ondirisi» филиалының 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы шеңберінде жабдықтар, материалдар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға 5,3 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Соның шамамен 3 миллиард теңгесі Қарағайлы байыту фабрикасына бағытталмақ.

Бағдарлама аясында сүзгілеу және ұсату учаскелерінің жабдықтарын жаңарту, конвейер шаруашылығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар, қалдық шаруашылығының қойыртпақ құбырын ауыстыру, ауызсу желісін жаңғырту, сорғы және электр жабдықтарын жетілдіру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар өндірістің жоспардан тыс тоқтап қалу қаупін азайтып, еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

– Фабрикадағы жұмыс тұрақты әрі жүйелі түрде жалғасып келеді. Кәсіпорынның қалыпты қызметі ең алдымен, жабдықтардың сенімділігі мен мамандардың кәсіби біліктілігіне байланысты. Сондықтан, өндірістік желілерді кезең-кезеңімен жаңартып, негізгі учаскелердің үздіксіз жұмыс істеуіне басымдық беріп отырмыз. Біздің міндетіміз – бүгінгі өндірістік көрсеткіштерді сақтау ғана емес, фабриканы алдағы уақыттың талаптарына сай дамыту. Қарағайлының әлеуметтік жағдайы да кәсіпорынның тұрақты жұмысына тікелей байланысты екенін жақсы түсінеміз, – дейді фабрика директоры Талғат Еламанұлы.

Өндіріс қаншалықты автоматтандырылып, технология қаншалықты жетілдірілгенімен, фабриканың басты күші – адам. Мұнда тәулік бойы алмасып жұмыс істейтін технологтар, ұсатушы-машинистер, диірмен жүргізушілері, флотация операторлары, жөндеушілер, энергетиктер мен зертхана мамандары бір мақсатқа жұмылады. Олардың әрқайсысының еңбегі дайын концентраттың сапасына тікелей әсер етеді.

Қарағайлы кен байыту фабрикасының тарихы – өндіріс пен елдімекен тағдырының өзара сабақтастығын айқын көрсететін еңбек шежіресі. Бір кезеңде тоқырап, тұрғындары үдере көшкен кенттің өндіріс қайта жанданған соң еңсе тіктеуі де осыны аңғартады.

Металлургтің қолына жеткенге дейін кен ұзақ жолдан өтеді. Сол жолдың аса жауапты кезеңдерінің бірі Қарағайлы фабрикасында жүзеге асады. Мұнда өндірілген әр тонна концентраттың артында инженердің есебі, технологтің білімі, жұмысшының қырағылығы мен бірнеше буынның маңдай тері тұр. Кенді байытып, кентті көркейтіп келе жатқан қарағайлықтардың қажырлы еңбегі – отандық металлургияның өркендеуіне қосылған елеулі үлес.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button