Бас тақырыпСпорт

Асық ойнаған азбайды

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихымен бірге жасасып, ұлттың болмысын айшықтайтын асық ойыны бүгінде ресми мойындалған кәсіби спорт түріне айналды. Бір кездері ауыл баласының күнделікті ермегі саналған ұлттық ойын қазір жүйелі даму жолында. 2011 жылы асық ату спортының ресми ережесі бекітіліп, Қазақстанның спорттық классификациясына енгізілді. Содан кейін ұлттық спорттың бұл түрі жаңа деңгейге көтеріліп, волейбол, баскетбол секілді спорт түрімен қатар мемлекет тарапынан қолдау көре бастады. Бүгінде асық ату спорты «Бес асық» ойынымен қатар дамуда. Яғни, ұлдар «Асық атудан» сынға түссе, қыз­дар «Бес асықтан» бақ сынайды. Осы уақытқа дейін асық ату спорты бекітілген ереже негізінде өткізіліп келген. Жыл басында қолданыс­тағы ережеге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, кітап болып қайта басылып шықты.

Суреттер pinterest.com

Қазіргі таңда «Асық ату» мен «Бес асық» спортынан аудандық, облыстық, рес­публикалық және халықаралық деңгейдегі чемпионат пен түрлі турнирлер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жарыстар спортшылардың жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санат бойынша өткізіліп, әр қатысушының шеберлігі әділ бағалануда. Бұл спорт түрінде де арнайы спорттық дәреже жүйесі қалыптасқан. Жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға «Спорт шеберіне үміткер», «Спорт шебері» атағы мен спорттық разрядтар беріледі. Асық ату ойынының ережесіне енгізілген жаңа өзгерістер туралы Асық ату спортынан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының және Ұлттық ат спорты түрлерінен «Қайрат» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ержан Нұғұманов айтып берді. Ұлттық спорттың осы бағыты бойынша 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман бүгінде жас спортшыларды тәрбиелеп, шәкірттерінің шеберлігін шыңдап жүр. Сонымен қатар, өзі мектеп бағдарламасына арналған оқу-әдістемелік бағыттарды әзірлеуге атсалысып, жалпы білім беретін мектептерде де асық атуды насихаттап келеді.

– Бұған дейін асық ату жарыстарында әр спортшы жеке сынға түсетін. Бір команда үш ойыншыдан құралғанымен, олардың әрқайсысы өз бетінше өнер көрсетіп, кейін жинаған ұпайлары бойынша командалық есеп шығарылатын. Ал, биыл енгізілген жаңа ережеге сәйкес, команданың үш ойыншысы бір шеңберде ойнайды. Бұл өзгеріс «Бес асық» спортына да енгізілді. Жаңа тәртіп бойынша әр ойыншының өз міндеті бар. Бірінші ойыншы алыстан атып, тізілген асықты шеңбер сыртына шығарса, командадағы екінші ойыншы шеңбер ішіндегі асықты шеңбер сызығының бойынан атады. Ал, үшінші ойыншы құлаған асықты көздейді. Басқа спорт түрлеріндегідей жарыс үш айналым бойынша өткізіледі.
Ережедегі тағы бір жаңашылдық – ойыншыларды алаңда бірден ажыратуға мүмкіндік беретін арнайы белгілердің міндеттелуі. Әр команда мүшесі қолына айрықша байлауыш тағуы немесе манишка киюі қажет. Егер бұл талап орындалмаса, команда жарысқа жіберілмейді. Сонымен қатар, қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай ойын алаңының өлшемдері де өзгереді. Кіші жастағы спортшылар үшін шеңбердің диаметрі – 1,5 метр, орта буын үшін – 2 метр, ересектер арасында – 3,3 метрлік шеңбер қолданылады. «Бес асық» ойыны 13 турдан тұрады. Алғашқы 12-турда ойыншылар белгіленген уақыт ішінде қарсыласымен кезектесіп өнер көрсетсе, 13-турда жинаған ұпайлар есептеліп, жеңімпаз анықталады, – деді Ержан Нұғұманов.

Қарағанды қаласының тұрғыны Тимур Оралов та асық ату ойынының қазіргі ережелері бұрынғыдан айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Ұлттық ойын уақыт талабына сай жаңарып, арнайы талаптар мен жүйелі тәртіпке негізделген кәсіби спорт түріне айналып келе жатқанын баса айтты.

– Бала күнімізде сабақтан шыға сала асығымызды алып, кеш батқанша асық ойнайтынбыз. Ол кезде бүгінгідей бекітілген ресми ереже болған жоқ. Қара жерге шеңбер сызып, ел арасында қалыптасқан жазылмаған қағидалармен ойнайтын едік. Мысалы, ойын басталарда ортаға тізілген асықтарды шеңберден екі адымдай жерден сызылған сызықтан тұрып ататынбыз. Егер ойыншы алғашқы соққыда асықты шеңберден шығарып жіберсе, келесі атуды сақасы тоқтаған жерден жалғастыратын. Ал, кезек қарсыласқа өткенде, ол шеңбер сызығынан атады. Егер алғашқы ойыншы асықты шеңберден шығара алмаса, қарсыласы сол асықты шеңбер сызығынан көздейтін. Ортада тізілген асықтардың бірі шеңбер ішінде қалып қойса, ойыншы әуелі сол асықты сыртқа шығару міндетті. Жердегі асық шығарылмайынша, қалған тізілген асықтарды атуға рұқсат етілмейтін. Жуырда асық атудан өткен бір турнирге көрермен ретінде қатыстым. Сонда ойынның ережесі біршама өзгергенін байқадым. Бұрын біз малдың табиғи асығымен ойнасақ, қазір арнайы пластиктен жасалған асықтар қолданылады екен. Сонымен қатар, жарыстар арнайы төселетін жабынның үстінде өткізіледі. Бала күнгі қарапайым ойын бүгінде барлық талапқа сай ұйымдастырылатын кәсіби спорт түріне айналыпты, – деді ол.

Жаңа ереже бойынша алдымен асықтар шеңбердің ортасына тігіліп, сыртына шеңбер радиусының жартысына тең қашықтықта арнайы ату сызығы сызылады. Алғашқы ойыншы дәл сол сызықтан тұрып көздейді. Егер ол ортадағы асықты шеңберден шығара алса, кезек командадағы екінші ойыншыға өтіп, ол шеңбер сызығынан атады екен. Егер бірінші ойыншы асықты шеңберден шығара алмаса, онда кезек команданың үшінші ойыншысына ауысады.

– Жекелей сында барлық әрекетті бір спортшы өзі орындайды. Мұнда ең басты талап – ойыншының шеңбер ішіне кіруіне болмайды. Барлық соққы шеңбер сызығының бойынан, екі жағынан кезекпен жасалады. Егер ойыншы шеңбер сызығынан ортадағы асықты көздеп атып, оны шеңберден шығара алмаса, кезек қарсыласына өтеді. Қарсылас өз мүмкіндігін бастапқы ату сызығынан пайдаланады.
Тағы бір маңызды талап бар. Егер ойыншы асықты шеңберден шығарғанымен, өзі шеңбердің ішіне кіріп кетсе, ұтып алған асығы есепке алынбай, қайтадан ортаға тігіледі. Тек сақа шеңбердің ішінде қалып қойған жағдайда ғана ойыншыға шеңбер ішіне кіріп, оны алуға рұқсат беріледі, – деді Ержан Нұғұманов.

Қолданыстағы ереже бойынша ойын басында шеңбер ішіне 15 асық тігіліп, жарысқа қатысушылардың жас ерекшелігіне қарай уақыт белгіленеді. Сол уақыт ішінде ойыншы ортадағы 15 асықтың кемінде сегізін ұтып алуы тиіс. Егер бұл межеге белгіленген уақыттан бұрын жетсе, жеңіс бірден соның еншісіне жазылады. Ал, уақыт аяқталғанша сегіз асықты жинай алмаған жағдайда, төрешілер қай ойыншының асығы көп екенін есептеп, жеңісті соған береді.

Жекелей сында жарыс үш кездесуге жоспарланған. Десе де спортшы алғашқы екі кездесуінде қатарынан жеңіске жетсе, үшінші ойынды өткізудің қажеті болмайды. Бірақ, бұл спорт түрінде тең нәтиже тіркелмейді. Сондықтан, екі кездесудің қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталмаса, шешуші үшінші кездесу өткізіледі. Командалық бәсекеде барлық үш кездесу міндетті түрде ойнатылады. Қазіргі таңда республикалық деңгейдегі жарыстарда жекелей кездесуге орта есеппен 10-15 минут уақыт бөлінсе, командалық ойындарға жеті минуттан есептеледі.

– Бала күнімізде «Үштабан», «Бестабан», «Шеңбер» сияқты асық ойынының түр-түрін ойнап өстік. Қазір сол дәстүрлі ойындардың кейбір элементтері жаңа ережелер негізінде асық ату спортына енгізіліпті. Мәселен, ойыншы шеңбер сызығынан атқан кезде асығы шеңберден табаны жетердей қашықтықта қалып қойса, шеңбердің сыртынан бес табан өлшеніп, сол белгіленген жерден қайта атады. Бұл – бұрыннан келе жатқан ұлттық ойын тәсілдерінің жаңғырған түрі. Біз асық ойнауды бала кезімізде үлкендердің өнегесімен, олардың үйретуімен үйрендік. Қазір осы ойынға ерекше мән беріліп, ұлттық спорт деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымыз. Кезінде ұмыт бола бастаған дәстүрлі ойын түрлері бір жүйеге біріктіріліп, жаңа мазмұнда қайта жаңғырып жатыр. Бұл – халқымыздың ұлттық мұрасына деген құрметтің артып келе жатқанының белгісі, – деді Ержан Сайлауұлы.

Қазіргі таңда асық үйірмесіне қатысатын оқушылардың басым бөлігі қала балалары. Олардың бұрынғыдай мал сойып, табиғи асық жинауға мүмкіндігі бола бермейді. Осы жағдайды ескере отырып, заман талабына сай арнайы спорттық асықтар мен сақалар дайындала бастады. Жасалу барысында табиғи асықтың салмағы мен өлшемдері негізге алынып, пластиктен сапалы үлгілері шығарылуда. Мәселен, сақаның салмағы 30 грамға дейін болса, асықтың салмағы 11 грамға дейін белгіленген. Қазір арнайы қоспалар мен фосфор элементтері қосылып, табиғи асыққа барынша жақын, төзімді әрі сапалы спорттық құрал жасалып жатыр.

Сонымен қатар, жарыстарды талапқа сай өткізу үшін шеңбер көлеміне сәйкес арнайы төсеніштер де әзірленуде. Мектептерде де асық ату үйірмелері жұмыс істеп, түрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Мұның өзі ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып, жас ұрпақтың дәстүрлі ойынға қайта бет бұра бастағанын көрсетеді.

Қазіргі таңда асық ату ұлттық спорт федерациясының құрамына енгізілген. Алдағы уақытта бұл бағыттың жеке федерация ретінде құрылуы да жоспарланып отыр.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button