Спорт

Ардагер рухына арналды

Облыстық полиция департаментінің арнайы кәсіби даярлық басқармасы мен «Арлан» спорт клубының ұйытқы болуымен полиция генерал-майоры, ішкі істер органдарының құрметті қызметкері Нұрлан Рахымберлинді еске алуға арналған шағын футболдан дәстүрлі турнир өтті.

Сурет Polisia.kz сайтынан

Құқық қорғау және күштік құрылым­дар қызметкерлері арасында өткен турнирге облыстағы түрлі ведомстволардан 12 команда қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатына Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Мұғманов, Нұрлан Армияұлының отбасы мүшелері және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

– Нұрлан Рахымберлин – ішкі істер саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Ұзақ жылдар бойы облыстық ішкі істер департаментін басқарып, өңірдегі құқық қорғау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Оның кәсіби біліктілігі, адамгершілік қасиеттері мен ел қауіпсіздігі жолындағы еселі еңбегі әріптестерінің жадында мәңгі сақталады. Осындай тағылымды турнирдің дәстүрге айналуы – аға буынға деген құрметтің айқын көрінісі, – деді Талғат Мұғманов.

Өз кезегінде Нұрлан Рахымберлиннің ұлы әкесінің есімін ұлықтап, еске алу турнирін ұйымдастырған Қарағанды облысы полиция департаментінің басшылығы мен ұжымына отбасы атынан ризашылығын білдірді.

Жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының командасы иеленді. ІІ орын облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құрамасына бұйырды. Ал, турнирдің бас жүлдесін облыстық полиция департаментінің командасы жеңіп алды.

Сондай-ақ, жарыс барысында ерекше ойын өрнегін көрсеткен үздік футболшылар арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, дипломдар және арнайы сыйлықтар табысталды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button