Жалынмен шыңдалған ғұмыр
От пен болаттың, жалын мен жауапкершіліктің арасында шыңдалатын мамандық бар. Ол – металлург мамандығы. Бұл кәсіп тек терең білім мен кәсіби шеберлікті ғана емес, темірдей тәртіпті, қайсар мінезді, төзімділік пен туған ісіне деген шексіз адалдықты талап етеді. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, саналы ғұмырын ел өндірісінің өркендеуіне арнаған ардақты азаматтардың бірі – Нұрлан Малибеков. Бүгінде ол металл қорыту пешінің операторы қызметін атқаруда.

Жарты ғасырға жуық уақытын Балқаш мыс қорыту зауытының ыстық цехтарында өткізіп, өндірістің талай тарихи кезеңдерінің куәсі әрі тікелей қатысушысы болған Нұрлан Бөлеубекұлы – еңбек пен тәжірибені ұштастыра білген білікті металлург, жастарға бағыт-бағдар көрсеткен тағылымды тәлімгер. Оның өмір жолы – маңдай термен келген абыройдың, кәсібіне деген адалдықтың және туған өндірісіне деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.
Нұрлан Малибеков 1967 жылдың 25 наурызында Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келген. 1984 жылы Балқаш қаласындағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, Балқаш тау-кен металлургия техникумына «металлург» мамандығы бойынша оқуға түседі. Жастайынан еңбек адамы болуды мақсат еткен ол өмір жолын өндіріспен байланыстырып, металлургия саласына адал қызмет етуді таңдады. 1985 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, азаматтық борышын абыроймен өтейді. Әскерден кейін 1987 жылы туған қаласына оралып, Балқаш мыс қорыту зауытының мыс балқыту цехында балқытушы болып еңбек жолын бастайды. Дәл сол жылы өндіріс тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – ПЖВ-2 пешін іске қосу жұмыстарына қатысып, кәсіби жолының алғашқы белесін үлкен жауапкершілікпен аттайды.
Жылдар өте тәжірибесі толысып, өндірістегі беделі арта түсті. 1999 жылы ПЖВ-1 пешін ауқымды қайта жаңғырту кезеңінде кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Ресей Федерациясының Ревда қаласына жіберілді. Бұл сапар оның өндірістік тәжірибесін байытып, жаңа технологияларды меңгеруіне мүмкіндік берді.
2004 жылы жаңғыртылған ПЖВ-2 пешін іске қосуға қатысып, өндірістің жаңа кезеңіне өз үлесін қосты. Ал, 2017 жылы кәсіби тәжірибесі мен мол білімінің арқасында Өзбекстан Республикасында ПЖВ пешін іске қосу жұмыстарына шақырылып, халықаралық деңгейдегі өндірістік жобаның табысты жүзеге асуына атсалысты. Көп жылғы еңбек жолында Нұрлан Бөлеубекұлы өндірістегі маңызды жобалардың бел ортасында жүріп, кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіріп отырды. Ол өз ісіне адалдығымен, еңбекке деген жауапкершілігімен және жаңашылдыққа ұмтылысымен әріптестерінің құрметіне бөленді.
Бүгінде Нұрлан Бөлеубекұлы Балқаш мыс қорыту зауытында металл қорыту пешінің оператор-тәлімгер қызметін абыроймен жалғастырып келеді. Тәлімгерлік жолында көптеген жас маманға бағыт-бағдар беріп, өндірістегі мол тәжірибесін бөлісуден жалыққан емес. Оның тәрбиесін көрген шәкірттердің арасынан бүгінде бас инженерлер, өндіріс шеберлері және білікті мамандар өсіп шықты. Бұл – ұстаз еңбегінің, кәсіби жауапкершіліктің және адамгершілік қасиеттің жарқын көрінісі.
Өндірістегі табысты еңбекпен қатар, Нұрлан Бөлеубекұлы отбасының да берекесін кіргізген ардақты әке. Өмірлік серігі, асыл жары Алмагүл Манатқызы екеуі үш перзент тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған өнегелі отбасы. «Еңбек адамды шыңдайды» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған.
– Өз жұмысымды жақсы көремін. Металлург мамандығын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Өндірістің дамуына ғана емес, жас металлургтердің қалыптасуына өз үлесімді қоса алғаныма қуаныштымын, – дейді Нұрлан Малибеков.
Айта кетейік, өмір ағысында өндірістің ыстығы мен суығын қатар көріп, адал еңбек еткен кейіпкерімздің өнегелі жолы – жас ұрпаққа, әріптестеріне үлгі. Оның еселі еңбегі мен кәсіби біліктілігі ел өндірісінің өркендеуіне қосылған қомақты үлес болып қала бермек.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



