Металлургтер – ел өндірісінің берік тірегі
Құрметті металлургтер! Ардақты сала ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Металлург күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Металлургия – өңіріміздің өндірістік қуатын айқындайтын, еліміздің экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық маңызды сала. Сіздердің адал еңбектеріңіздің, жоғары біліктіліктеріңіз бен қажыр-қайраттарыңыздың арқасында Қазақстанның өндірістік әлеуеті артып, жаңа қалалар бой көтеріп, инфрақұрылым дамып, ел экономикасы нығая түсуде.
Қарағанды өңірі өз металлургтерімен әрдайым мақтанады. Сіздер таңдаған мамандық үлкен төзімділікті, қайсарлықты және өз ісіне деген шексіз адалдықты талап етеді. Балқыған әрбір болат, өндірілген әрбір өнім – маңдай тердің, кәсіби шеберлік пен тынымсыз еңбектің жемісі.
Сала ардагерлеріне айрықша алғысымызды білдіреміз. Сіздер – отандық металлургияның берік іргетасын қалаған, мол тәжірибесі мен өнегелі жолын кейінгі буынға аманат еткен тұлғасыздар. Көп жылғы еңбектеріңіз бен кәсібиліктеріңіз бүгінгі жетістіктердің негізіне айналды. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, еңбек дәстүрін жалғастырып келе жатқандарыңыз үшін зор ризашылығымызды білдіреміз.
Баршаңызға еңбекте табыс, жұмыстарыңызға береке, қауіпсіз еңбек жағдайы мен жаңа жетістіктер тілейміз. Әр шаңыраққа амандық, бақ-береке, ынтымақ пен шаттық орнасын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт-береке, өмірлеріңізге мол бақыт серік болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын, от пен болаттың хас шеберлері!
Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ,
Қарағанды облысының әкімі
Нұркен КОБЖАНОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы



