Мундиальдің мықтысы кім болады?
Футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалы аяқталды. Ақтық сын алдындағы аламанда Франция мен Испания, Англия мен Аргентина құрамалары кездесіп, екі матч та драмаға толы болды.

Екеуінің де сапында әлемдік деңгейдегі жарық жұлдыздар бар. Мәселен, чемпионат басталғаннан спорт журналистері, сарапшылары дәл осы Францияны фаворит санады. Өйткені, топтық кезеңдегі матчтарынан бастап, плей-офф кезеңінің алғашқы матчарында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Оның үстіне, Килиан Мбаппе мен Усман Дембеле және Майкл Олиссенің үштігі – кез келген құрама қорғанысының «қорқынышы». Ойындары «жүріп тұр». Жылдам, әккі, шебер. Килиан Мбаппе осы чемпионатта 8 гол соқты. Леонель Мессимен теңесіп тұр.
Ал, Испания ұлттық құрамасының сапында Ламин Ямаль, Нико Уильямс, Дани Ольмо, Микель Оярсабаль секілді шабуылшылар бар. Бір ағзадай әрекет ететін адуынды құрам.
Матч басталысымен-ақ испандар допқа толықтай иелік етті. Франция ойыншыларының прессингін оп-оңай бұзып өтіп жатты. Қорғаныста небәрі 19 жастағы Пау Кубарси қарсылас команда шабуылшыларын тырп еткізген жоқ. Қапталтағы қорғаушы Марк Кукурелья қорғаныста да, шабуылда да жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетті. Ойынның 20 минутында айып алаңының ішінде Ламин Ямальға қарсы ойын тәртібі бұзылды. 11 метрлік айып соққысын Микель Оярсабаль сәтті орындап, есеп ашты. Ал, екінші кезеңнің 58-ші минутында Педро Порро есепті еселеді.
Ойынның қалған минуттарында Килиан Мбаппе бастаған жігіттер испаниялықтардың қорғанысынан саңылау таба алмады. Оның үстіне испаниялықтар қарсыласқа допқа иелік етуге мүмкіндік бермеді.
Сонымен, Испания құрамасы – финалда.
Бұл командалар бір-бірімен 38 рет ойнаған екен. Испандықтар 18 рет жеңіске жеткен, француздар 13 рет жеңілген. Жетеуінде тең түскен. Испания Франция құрамасының қақпасына жалпы саны 71 гол соғыпты. Ал, француздар Испанияға 44 гол соққан. Өткенге көз жүгіртейік: Испания мен Франция құрамаларының 1922 жылы өткен кездесуінде «қызыл фуриялықтар» 4:0 есебімен басым түскен. Ал, 1929 жылы 8:1 есебімен ойсырата жеңген. 1942 жылы 4:0, 1949 жылы 5:1 есебі тіркелген.
Осыдан кейінгі Әлем және Еуропа чемпионаттарында командалар бір-бірімен алты рет ойнапты. Бір тең ойын, Франция үш рет және Испания екі рет жеңген.
Франция құрамасы ең алғашқы трофейін 1984 жылы алды. Еуропа кубогі. Бұл Мишель Платинидің дәуірі еді. Екі құраманың кейінгі кездесулеріне көз жүгіртсек, 2021, 2024 жылдары Испания жеңіске жеткен екен.
Аргентина мен Англия құрамасы арасындағы кездесу де өзінше бір драма болды. Драманың негізі мынада: 1986 жылы «Ацтекте» өткен әлем чемпионатының финалында Англия құрамасының есесі кетіп еді осы Аргентинаға. Аты аңызға айналған аргентиналық Диего Марадонна дәл осы матчта қолмен гол соққан. Бұны футбол тарихында «Құдайдың қолы» деп атап кетті. Футбол тарихындағы ең аты шулы матчтардың бірі. Ең алдымен, Англия мен Аргентина құрамалары Оңтүстік Атлантикадағы британдықтардың екі территориясы үшін болған Фолкленд соғысынан төрт жыл өткен соң кездесті. Оның қорытындысы бойынша еуропалықтар аралдарды бақылауды сақтап қалды. Англия мен Аргентина құрамалары 1986 жылы әлем Кубогының 1/4 финалында ұшырасты. Матчты тамашалауға 115 мыңға жуық көрермен жиналған. Жалпы айтқанда, бұл кездесуде тек финалдың ғана мәселесі емес, өткеннің өкініші де бар еді. Оның үстіне ағылшындар 1966 жылдан бері мундиаль кубогін төбелеріне көтермеген еді. Құрамадан бөлек, ағылшындар капитаны Харри Кейн де трофейге «аш» еді.
Англия құрамасының бас бапкері – неміс футболының өкілі Томас Тухель. Ағылшын футболына келген неміс маманы қазіргі әлем чемпиондарына қарсы қандай тактика қолданады деген сауал да миллиондаған жанкүйердің көкейінде тұрды.
Ысқырық шалынған сәттен-ақ апыр-топыр күрес басталып кеткендей. Ойыншылар бір-біріне таяп кетсе болды, шалып, итеріп құлатып жатты. Төреші Исмаил Эльфат ойынның осындай мәнерде өтетінін әуелден білгендей, қалтасынан қағаздарын шығаруға асыққан жоқ. Тек ысқырып, ойынды тоқтатумен болды. Бұл – америкалық құрамаларға тән ойын мәнері. Мысыр мен Аргентина арасындағы ойынды еске алыңыз.
Ойынның бірінші кезеңінде ауыз толтырып айтатындай өткір шабуыл жасалған жоқ. Ойыншылар алаңға «Қанға – қан, жанға – жан» деп шыққандай, бір-бірін құлатумен болды. Қарға бойлы Мессидің де адымын аштырмады ағылшындар. Харри Кейн де, мақтаулы Энтони Гордон да алаңда «көрінбеді».
Алғашқы голды Энтони Гордон 55-ші минутта соқты. Осыдан кейін аргентиналықтар жаппай шабуылға көшті. Мессидің және тыңнан шыққан Де Паульдің қапталдан айып алаңына қарай асырған пастарынан еш нәтиже шыққан жоқ. Аргентиналықтар 16 рет соққы жасады. Соның алтауы ғана қақпаға бағытталды. Ағылшындар болса, 6 соққы жасап, соның үшеуі ғана қақпашыға жетті. Ағылшындар қақпасын күзеткен Джордан Пикфорд бірнеше рет қауіпті соққының бетін қайтарды. Айып алаңына жөнді ене алмай жүрген аргентиналықтардың шаруасы осымен тәмам болғандай көрінді. Бірақ, Аргентинада Месси бар еді. Футбол генийінің интеллектісі ойын тағдырын шешіп кетті. 85-ші минутта Мессидің пасынан кейін Энцо Фернандес алыстан соққы жасап, есепті теңестірді. Құраманың джокері Лаутаро Мартинес тыңнан шығып, Мессидің пасынан кейін 90+2 минутта құрамасын алға шығарды. Сөйтіп, драмаға толы кездесуде Аргентина басым түсіп, финалға жолдама алды.
Финалда – Испания мен Аргентина. 2007 жылы 19 жастағы Леонель Месси 5 айлық Ламин Ямальды шомылдырған еді. Биыл Месси – 39 жаста, ал, Ламин Ямаль – 19 жаста.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



