Мүмкіндікке жол ашқан матч
Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы 1-ші лигадағы ең маңызды, орталық ойындардың бірін өткізіп, түркістандық «Тұран» командасын өз алаңында қабылдады. Екі команда да Қазақстан премьер лигасына көтерілуге дәмелі еді. Бұл маңызды ойында «Шахтер» клубының ойыншыларын қолдауға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы келіп, жанкүйерлер қатарынан көрінді.

Аймақ басшысы «Шахтер» футбол клубының ойындарын үнемі назарда ұстайды. Сонымен қатар, Ермағанбет Бөлекпаев облыстық футбол қауымдастығының президенті екенін де атап өткен жөн. Оның бастамасымен клубты дамыту мақсатында ауқымды жобалар да жүзеге асып жатыр.
Қарағандылықтар түркістандық ұжымды өз алаңында 1:0 есебімен жеңіп, алға қойған мақсаттарына бір табан жақындады. Матчтағы жалғыз гол 16 минутта соғылды. Арман Нүсіптің бұрыштан көтерген добын қарбалас ішінен қорғаушы Александр Мигунов қақпаға тоғытты.
Гол соғылғаннан кейін «Тұран» шабуылшылары жүйелі шабуылдар ұйымдастыруға тырысып бақты. Андрей Финонченко бастаған ұжым қорғаныста сауатты ойнады. Тіпті, қауіпті қарымта шабуылға шығудың бірнеше рет орайын тапты. Бірақ, аузы күйген қонақтардың жартылай қорғанысы да, артқы шебі де қателікке бой алдырған жоқ.
Екінші тайм да қызықты өтті. «Шахтер» футбол клубының физикалық дайындығы да, тактикалық дайындығы да жанкүйерлерді қуантты. Әсіресе, қарымта шабуылды өте жылдам ұйымдастыруымен қарсыластың біраз мазасын алды.
Бұл жеңістен кейін «Шахтер» турнирлік кестеде көшбасшы «Қайрат-Жастар» клубын өкшелеп, Премьер-лигаға (КПЛ) жолдама алу үшін басты үміткер ретінде позициясын нығайтты.
Бірінші лиганың екінші айналымы (14-тур) 16-17 шілдеде басталады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



