Енді «Шахтер» футбол клубы ойыншыларының денсаулығы цифрлық жүйемен бақыланады
Қарағандының «Шахтер» футбол клубы ойыншылардың денсаулығын бақылаудың заманауи цифрлық жүйесін енгізді. Енді әрбір футболшының медициналық көрсеткіштері, жүктемесі мен тамақтану рационы жеке бақылауда болып, қанға тұрақты түрде кеңейтілген талдау жүргізіледі.

Жекешелендіруден кейінгі алғашқы жұмыс нәтижелері мен алдағы жоспарлар туралы клуб басшылығы Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшелері және Ардагерлер кеңесінің өкілдерімен өткен ашық кездесуде баяндады.

Кездесуде бүгінде клубта заманауи технологияларды қолдануға басымдық беріліп отырғаны атап өтілді. Жаттықтырушылар құрамынан бөлек, дене даярлығы, талдау, медициналық сүйемелдеу, психология және қақпашыларды даярлау бағыттары бойынша жеке департаменттер құрылған. Ойыншылардың барлық жаттығулары мен көрсеткіштері бірыңғай цифрлық жүйеге жинақталады.

– Егер футболшының көрсеткіштері қызыл аймаққа өтсе, бұл оның шамадан тыс жүктеме алғанын немесе денсаулығында ақау барын білдіреді. Мұндай жағдайда дәрігерлер бірден жүктемені түзетеді. Әр ойыншының жеке медициналық картасы бар, қанға тұрақты түрде кеңейтілген талдау жүргізіледі. Қажет болған жағдайда дәрумендер мен тамақтану рационы жеке іріктеледі, – деді «Шахтер» академиясының директоры Сергей Якушин.
Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы Жәнібек Садықановтың айтуынша, ашық диалог жанкүйерлерге клубтың даму бағытын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
– Бұл кездесу қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамасымен ұйымдастырылды. Ашықтық әрдайым сенім мен құрмет тудырады. Клуб басшылығы команданың дәстүрлері сақталатынын, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту басым бағыттардың бірі болып қала беретінін растағаны маңызды, – деп атап өтті ол.

«Шахтердің» басты спорттық мақсаты өзгерген жоқ – команданы Премьер-лигаға қайтару. Сол күні кешке қарағандылықтар осы мақсатқа тағы бір қадам жақындай түсті: Бірінші лига матчында «Тұранды» 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі екінші орнын сақтап қалды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



