АймақШет

Тазалық – өркениеттің өлшемі

Аймақта республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өңірдің қалалары мен аудандарында заңсыз қоқыс үйінділерін жою, көшелер мен қоғамдық орындарды абаттандыру, көгалдандыру бағытындағы игі бастамалар қарқын алып, елдімекендердің келбеті күннен-күнге ажарлана түсуде. Соның бірі бағдарламаға ерекше үлес қосып отырған Шет ауданының халқы.

Сурет автордан

Шет ауданында жыл басынан бері ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 72,4 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар жасалған. Сонымен қатар, аудан аумағында екі мыңға жуық ағаш пен бұта көшеттері отырғызылған. Бұл жасыл желекті көбейтіп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға да оң әсерін тигізуде. Күз мезгілінде тағы үш мың көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаровтың айтуынша, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында заманауи бақылау құралдары да енгізілуде. Бүгінде Ақсу-Аюлы және Талды ауылдарында алты бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Ал, Ақадыр кентінде қосымша 15 камера орнату көзделген. Мұндай шаралар қоғамдық тәртіпті нығайтып, заңсыз қоқыс төгу деректерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Ауданның санитарлық жағдайын жақсарту үшін қосымша қоқыс контейнерлері орнатылып, көшелерді жарықтандыру жүйелері жаңартылуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, ауылдардың көркейе түсуіне ықпал етуде.

– Өңірде тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған сенбіліктер, «Таза бейсенбі» акциялары және түрлі экологиялық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Солардың бірі – тұрғындардың белсенділігін арттырып, ауылдардың көркеюіне серпін берген «Үлгілі ауыл» байқауы. Байқау қорытындысы бойынша Босаға ауылдық округі үздік деп танылып, үлгілі елдімекен ретінде көпшілікке өнеге болды, – дейді аудан әкімі Мұхит Мұхтаров.

Айта кетейік, тазалық – тек қоршаған ортаның ғана емес, қоғам мәдениетінің де айнасы. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, экологиялық жауапкершілікті нығайтуға жол ашуда.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button