Руханият

Мысал жанры салтанат құрса…

Жұпар Рысқұлқызы Жақан 1968 жылы Қарағанды облысы Шет ауданы қазіргі Үңірек ауылында туған. 1990 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітірген.

Еңбек жолын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтынан бастаған. Одан кейін Қарағанды қаласында №6 орта мектепте ұстаздық етті. Қазір Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. Соңғы уақытта балаларға арналған мысал әңгімелер жазып жүр.

Кейбір зерттеулерде мысал жанрының атасы – Эзоп деп айтылады. Жануарларға тіл бітіріп, адам мінездерінің ықпылжықпылын осы жанрға сыйдырып, өткір тіл, әділетті әжуамен туынды жасап шығу оңай емес қой. Эзопты құл болған деседі. Құл иесінің қателігін, надандығын мысал жанрымен бетіне басып, жеткізіпті-мыс. Бірақ Эзопты құл болған деген зерттеушілерге онша келіскім жоқ. Себебі қазір үйреншікті болғанымен, сол кезде жаңа жанр жарату үлкен құбылыс еді. Ал, құбылысты бас азаттығы жоқ құл жасады дегенге өз басым сенбеймін. Енді бір зерттеулерде мысал жанры алғашқы қауымдық кезеңде пайда болған деген мәлімет бар. Эзоп та біздің замандас, тіпті дәуірлес емес қой, бірақ, бұл жерде біз айтып отырған көркем жанр тамырының тым тереңде екенін айтқым келді.

Жұпар Жақанның әңгімелері мысал жанрына жатады екен. Жұп- жұмыр, артық бояу, суреттеу, бейнелеу жоқ. Баланы бірден өзіне баурап алады. Әсіресе тәрбиелік мәні қандай десеңізші?! Әдебиеттен тәрбие іздейтін дәурен өткен, дегенмен, мысал жанрының тәрбиелік мәнін жоққа шығара алмаймыз ғой. Әсіресе, тақта мен сүрткіштің диалогы сондай шынайы. Екі кейіпкер балаға мораль оқымайды. Бірақ, екеуінің диалогынан ойлы, бала оқырман өзіне керегін алады. Автордың шығармаларын әдеби айналымнан көргім келеді. Мысал жанрының біздің кезеңде де салтанат құрып, өз оқырманымен қауышуға хақы бар!

Айнұр ТӨЛЕУ,
әдебиеттанушы

ЧИПСЫ МЕН ШИ БАУЫРСАҚ

Екі тәрелкеге салынған чипсы мен ши бауырсақ бір-біріне одырая қарап отыр. Іштерінен бір-бірін ұнатпай отырғаны түрлерінен білінетіндей.

Ши бауырсақ ойлады: «Мынауың нағыз кербез ғой, шетелден келген соң, кербез болмай қайтсін? Мен сияқты емес, беті де бопбоз, қаланың сылқымдарынша ағартқыш ұнтағын жағып алды ма екен, әлде? Өзінше болып, мені менсінбей отырғаны анық».

Чипсы ойлады: «Түрін қарашы, әбден қызарып, күнге күйіп кеткен. Дұрыстап күтініп, ағартса болмас па еді? Иісі де біртүрлі екен. Қазір хош иістің неше атасы бар, әтірленуіне болар еді ғой»,– деп тыжырынып, тәрелкенің ар жақ бетіне қарай ығыса түсті.

Осы кезде ши бауырсақ шыдай алмай, саңқ етті. Даусы ащы шығып кетті ме, чипсы бикеш селк ете қалды. Күн көрінетін жұп-жұқа нәзік денесі дір ете түсті.

– Әй, неменеге әлдеқандай боласың? Екеуміз де жеуге жаралған тағам түрі болған соң, былай жылы қабақ танытып, әңгіме-дүкен құруға болар еді ғой…

– Түсінбедім, әңгіме дегенің жарайды. Дүкеннің не қатысы бар?

– Ой, сорлы, оп-оңай нәрсені түсінбеуін қарашы… Өзіңше кісімсіп әлдеқандай болғанша, осының бәрін үйренбейсің бе? Жаңа түскен жас келін секілді сызылған түрің құрысын.

– Байқап сөйле, маған ақыл үйрететін соншалықты кімсің сен? Көкеңді танымайды екенсің. Мен әйгілі чипсымын. Англиядан келген асылтекті бикешпін мен. Бүкіл әлем таниды мені. Арғы атам – картоп, белсенді хош иістендіргіш қосып, тұзын әбден татытып, картоп езбесінен ерекше технологиямен әзірленген аса құрметті чипсы мен боламын.

– Жетісіп қапсың! Пішту-у! Арғы атам картоп деп майысады ғой. Сенен картоптың дәмін сезінсем, ши бауырсақ болмай кетейін. Арғы атам бидайдың атымен ант етейін. Хи-хи-хи.

Тыңда ендеше! Білгің келсе, күн сәулесіне шомылып, диқанның аялы қолынан шыққан бидайдың ұрпағымын. Сен езіліп ыбылжыған ботқадан әзер кептіріліп, осы қалпыңа түскен не картоп емес, не тамақ емес, не тәтті емес бірдеңесің. Соған мақтанасың ба?

Мен жұмыртқасын, сарымайын, аздаған қант пен тұзын, таза суын, бір кішкене қопсытқышын, ұнын қосып ширақ иленген қамырдан дайындалған бұраң белмін. Сен сияқты былжырап жатпаймын. Апам әдемі оқтауымен жазып, кеспе сияқты кесіп, майға қуырады. Май менің ши бауырсақ атануыма кө-ө-өп еңбек сіңіріп, осы қалпыма жеткізді.

– Мықты болсаң, осындай дамыған заманда тым болмаса, бір дәмдеуіш қосар еді ғой. Маған мән айтып, білгішсінбеші…

– «Дәмдеуіш» деп ауыз толтырып айтып тұрғаның не өзі? Ана бір «Е» деген күмәнді қоспаның тоқсан тоғыз түрі ме? Аса зиянды дәмдеуіш қоспалармен уланған чипсы бикеш, сол дәмдеуіштеріңмен қоса құрышы.

– Тым қатты кетпе, көрерміз кімнің кім екенін.

– Көрсек көрерміз.

Осы кезде ши бауырсақтың апасы «Иісі әлемді өртеп тұрған мынау немене, бұны кім әкелген өзі?» деп чипсыды тәрелкесімен жуындыға төге салды. «Құтқарыңдар!» деуге шамасы келмей чипсы байғұс біртіндеп жуынды құйылған шелектің түбіне батып бара жатты. Ал, ши бауырсақ өмірінде бірінші рет еркін тыныс алып, ән айтқысы келді.

 

ТАҚТА МЕН СҮРТКІШ

– Сүрткішжан, бетімді сүртіп жіберші.

– Көке, жарайды. Міне, қазір!

– Е-е, сол жерін. Оң жақ шекемді де бір сүйкеп өтші.

– Болды ма? Тағы сүртейін бе? – Айналайын, көп жаса! – Көке, осы сіз тазалықты жақсы көресіз, ә? – Енді қайтейін, менің бетіме сабақ бойы жазу жазылады. Әр сабақ сайын тазаланып отырмасаң болмайды ғой. Шимай-шимай тақтаға ешкім жазу жаза алмас.

– Түсіндім. Сізден бірдеңе сұрайыншы. Қазақ тілі сабағында ана бір сары бала тақтаға шығып, жазу жазғанда неге күлкіңіз келеді?

– Түүу, менің күлкімді сыныптағы оқушылар естіп қойды ма?

– Жоға. Мен ғана естідім. Соны сұрайыншы деп жүргенмін.

– Сары баланы айтасың ба? Ол жыбыр-жыбыр еткізіп, өте ұсақ жазады. Әріптер жыбырлаған сайын қытығым келеді. Есіме түссе, әлі күлкім келеді. Ой, ішегім-ай!

– А, мен сол баланың қалқиған құлағына күлкісі келе ме деп ойлағам.

– Біреудің баласының құлағында нем бар, Сүрткішжан. Көптен бері айтармын деп жүргем. Саған да рақмет, айналайын! Көкеңнің тазалықты сүйетінін біліп, кіршік жұқтырмай жарқыратып отырасың.

– О, не дегеніңіз, көке! Менің міндетім ғой. Айтпақшы деймін, ана бір көзілдірікті қыз шыққанда, сіз неге қабағыңызды түйіп аласыз?

– Қайсын айтасың? Е, анау тақылдақ қызды ма? Ой, ол – осы сыныптағы ең оқымысты қыз. Есепке жүйрік, оқу озаты. Тақтаға шығып, есеп шығарғанда… Мықты шығаратынына дауым жоқ. Алайда, жазғанда бормен тақылдатып, күш түсіріп жазатыны ұнамайды-ақ. Тауықтың балапаны тоқылдатып, бетімді шұқып жатқан сияқты сезінемін өзімді. Ол кеткен соң әрең есімді жинаймын.

– Солай деңіз. Негізі деймін, көке. Осы сыныптың балалары өте еңбекқор. Жауапкершілігі де керемет. Мысалы, мені сүрткіш екен деп қалай болса, солай тастай салмайды. Сіздің бетіңізді сүртіп болған соң, жақсылап жуады. Қатты сығып, суымды сарқады. Одан кейін құрыс-тұрысымды жазып, сілкіп-сілкіп жайып кетеді.

– Оның рас. Мен де байқап жүрмін. Бір оқиға есіме түсіп… Сен ренжіме, соны айтайыншы. Былтыр ма еді, бір-екі рет жуылмай тұрып қалып, иісің шығып кетіп еді ғой.

– Көке, өйтіп ұялтпаңызшы. Ондайым болған. Бір сынып жоғары оқитын ана бір сотқар балақай ғой. Сыныпта кезекші болғанда соның істегені. Өз иісімнен өзім жиіркеніп, көпке дейін мұрнымды басып жүргем. Ал енді мына балақандар… Біреуі ренжіткен емес. Сіздің бетіңізді сүртіп, мені жуып, тап-таза қылып кетеді.

– Айналайындарым сол! Үлкен азамат болсын деп тілейік. Үш-төрт айдан кейін бұлар бастауышпен қоштасады. Келесі оқу жылында келетін балақайлар қандай болады екен?

– Иә, көке, келесі жылғы оқушылар тәртіпті, тазалықты сүйетін болып кездессін дейік. Не ойласаң, сол болады дейді. Жақсы ойлайық!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button