Руханият

«Енді маған пиманың керегі жоқ…»

Қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» поэмасы Қарағандыда алғаш рет сахналанды. Қойылым Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында өтті. Режиссері – Айдын Абзалбекұлы. Суретшісі – Аружан Төлеубаева, әуенмен әрлеуші – Қуаныш Болат.

Сурет Сәкен театрының баспасөз қызметінен

Қойылымға жиналғандардың дені – студенттер мен жоғары сынып оқушылары. Бір айта кетерлігі, премьерада жас актерлер көп.

«Қара пима» поэмасын оқығанда және Қаршыға Игеннің «Қара пима» фильмін көргенде барлық болған трагедияға әкесін кінәлаумен шектелгенбіз. Бұл жолы осы сәтсіздіктің бәрі ананың үйдегі үңірейген орнын ешкімнің толтыра алмауынан екенін ұққандаймыз. Театр тірі организм болғандықтан, әр көрермен өзінше ой түйеді. Біздің олжамыз – қырық шырақты әйелдің үйдің берекесі екенін және бір түйсіне түскеніміз.

Бала рөлін – Мерей Бақытбекұлы, әке бейнесін – Азамат Амантай, анасын – Сая Бекбосынова, көрші апаны – Бүлнар Базарбаева, әкесінің досын – Жандос Шәкен сомдады. Сахна жұпыны безендірілсе де, әсерлі шықты деуге болады.

Бір байқағанымыз, басқа түскен ауыртпалыққа, қайғыға ердің ері төтеп береді екен. Жақын адамыңның қазасына қатты қайғырып, тіршіліктен баз кешпей, аманат өмірді жалғастыру – міндет. Неге енді осындай қарапайым қағидаттарды ұмытып, орны толмас қателікке ұрынамыз?..

Үйдегі бар бұйымның араққа сатылуы өкінішті. Басқасын қойыңыз­шы, қазақтың жанындай болған қасиетті қара домбыра да ішімдікке бола сатылды. Ал, жалғыз баласының пимасын да ішкілікке айырбастауы – зор қасірет. Бір күйініп, бірге жылайсыз. Пимасынан айырылған баланың аяғын үсік шалып, жанын аман алып қалу үшін дәрігерлердің кесіп тастауға мәжбүрлігін басқаша қалай атауға болады?

– «Қара пиманы» алғаш рет Өскеменде сахналық нұсқасын жасап, қойдық. Кейін Ақтөбеде қойылды. Ол жақта әлі жүріп жатыр. Енді Қарағандыға келді. Айта кетерлігі, поэмада шешесінің өлімі белгісіз. Ал, қойылымда бала чемпион болуды армандайды. Туған күнін жасайды. Осыған бола, анасының ауруханада жатпай, ем қабылдамай ерте шығып кетуі тромп­тың жарылуына алып келді. Денсау­лық – зор байлық. Мұны ұмыттық қазір. Ұйықтап қалып, оянбай қалып жатқандар көп. Жүйке шаршаған, аста да зиянды дүние көп. Тромбоэмболия ауруы бұрын 40 жастан кейін кездеседі екен. Қазір 13 жастағы бала да шалдығып жатыр. Бұл – ойланатын жағдай. Денсаулықты күту керек. Өзім дәрігер болған соң, осындай шешімдер қабылданды. Пиманы сатқан әкесі тойлап кетіп, төбелісіп, 15 тәулікке қамалады. Осы арада бала аяғын үсітті. Поэма мен драмалық нұсқа арасында осындай айырмашылық бар. Қойылым сәтті шықты. Десе де, сахналанған сайын пісіп, жетіле түсетінін айта кеткен жөн, – дейді Айдын Абзалбекұлы.

Жастарды жағымсыз әдеттен, ішімдіктен аулақ болуға үндеуге сәтті таңдалған қойылым. Ащысуға әуестіктің арты – құз.

Ұстаздар мен жастар Сәкен театрының үлкен залына сыймады.

– Қара түс қазақ дүниетанымында көп қолданылады. Сондықтан, бұл тек, пимадан, аяқтан айырылу емес, ұлттық дүниетанымнан ажырау деп ұқтық. Өйткені, қазақ ешқашан жетімін жылатпаған. Қанша қиындық көрсе де, ар-намысын сатпаған. Мұнда сондай асыл қасиеттердің бағасын білдік, – деді көрермен оқушылар.

Әсерлі туынды жақын адамдарымызды, денсаулығымызды аялап, сақтай білуге жетелегенін сездік. Түйсіндік…

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button