Облыста 2029 жылға дейін футболға арналған 15 нысан бой көтереді
Бұл жайлы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жоба аясында жаңа футбол алаңдары, жабық манеждер және заманауи футбол академиясы бой көтереді. Freedom компаниясы мен Қарағанды облысы әкімдігі арасында футболды дамыту жөнінде жасалған меморандум бағдарламасы Қарағандыдағы «Шахтёр» стадионын қайта жаңғырту және жаңа буындағы футбол академиясын салуға бағытталған.

Жоспар бойынша стадионды жаңарту 2026 жылдың күзінде аяқталады, ал академия 2027 жылы пайдалануға беріледі. Академия құрамында 3 500 көрерменге арналған стадион, жаттығу алаңдары, жабық манеж, әкімшілік ғимарат және интернат қарастырылған.
QOFA даму жобаларының жетекшісі Игорь Агафоновтың айтуынша, қазіргі таңда нысанда іргетас құйылып, әкімшілік-тұрмыстық кешен мен интернаттың бірнеше қабаты салынып жатыр. Сонымен қатар биыл стадион мен толық өлшемді футбол алаңының негізін дайындау жоспарланған.
Жоба аясында жабық футбол манеждерінің желісі де дамытылады. Алғашқы манеж «Шахтёр» стадионы аумағында салынады, кейін мұндай нысандар облыстың бес қаласында ашылады. Бұл балалар мен жасөспірімдерге жыл бойы жаттығу жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге маусым айында Қарағандыдағы «Локомотив» және Абай қаласындағы «Жігер» стадиондарын жаңғырту жұмыстары басталады. Ал Саран қаласындағы №17 гимназия аумағында FIFA Quality стандартына сай жаңа футбол алаңы салынады. Осындай алаңдар Балқаш, Теміртау, Шахтинск және басқа да қалаларда бой көтереді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



