Балқаш көлінің экожүйесін қорғау үшін Қазақстан мен Франция бірлескен зерттеу жүргізуде
Астанада Балқаш көлінің экожүйесін сақтау бойынша мастер-жоспарды әзірлеу бойынша жұмыс тобының ашық отырысы өтті. Жоба ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, Францияның даму агенттігі (AFD) және Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросы (BRGM) арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр.

Кеңеске Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ-ның, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының, «Қазгидромет» РМК-ның, География және су қауіпсіздігі институтының, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің, Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының өкілдері, сондай-ақ жобаның француз серіктестері қатысты.
Франциялық сарапшылар жоба аясындағы негізгі бағыттар бойынша жүргізілген зерттеулердің аралық нәтижелерін таныстырды. Қатысушылар ауыл шаруашылығы, гидрология, мұздықтардан келетін ағын үлесін бағалау, гидрогеология, су пайдалану және су ресурстарын бөлу модельдерін әзірлеу бағыттарындағы жұмыстардың қорытындыларымен танысты.
Кездесуде климаттың өзгеруі жағдайында Балқаш көлі бассейнінің су ресурстарын орнықты басқару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар өзен ағынын болжау, мұздықтардан келетін су қорының болашақтағы өзгерістерін бағалау, жерүсті және жерасты суының өзара байланысын зерттеу, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді қабылдауды қолдауға арналған заманауи модельдеу құралдарын пайдалану тәсілдерін ұсынды. Сонымен қатар су ресурстарын бөлудің түрлі сценарийлерін талдау және бассейндік жоспарларды әзірлеу үшін заманауи цифрлық құралдарды қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.
Талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар әртүрлі бағыттардағы зерттеу нәтижелерін Балқаш көлінің су жинау алабының жағдайын бағалаудың бірыңғай жүйесіне біріктіріп, қосымша зерттеуді қажет ететін басым бағыттарды айқындады. Мастер-жоспарды әзірлеу жұмыстарын аяқтап, оның түпкілікті нәтижелерін ұсыну 2026 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.
– Француз сарапшыларының сапарының қорытындысы бойынша мастер-жоспарды әзірлеудің келесі кезеңдері нақтыланады. Оның ішінде 2040 жылға дейінгі су шаруашылығы жағдайының даму сценарийлерін дайындау, климаттық модельдерді таңдау және жекелеген бағыттар бойынша қосымша зерттеулер жүргізу көзделген. 2026 жылдың соңына дейін қазақстандық және француз сарапшылары зерттеу нәтижелерін біріктіру, модельдік есептеулерді жетілдіру және қорытынды құжатты әзірлеу жұмыстарын жалғастырады. Мастер-жоспар Балқаш көлінің экожүйесін сақтау және бассейннің су ресурстарын тұрақты басқару жөніндегі ұзақмерзімді шешімдерді қабылдаудың ғылыми негізіне айналады, – деді «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



