Білім

Қарағандының 9-сынып оқушысы әлемнің үздік жас математиктері қатарынан көрінді

Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Санжар Жангелді халықаралық деңгейдегі беделді білім бәйгесінде жоғары нәтиже көрсетіп, күміс медаль иеленді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Ташкент қаласында өткен әл-Хорезми атындағы халықаралық олимпиадаға (KhIMIO 2026) әлемнің он елінен келген дарынды оқушылар қатысты. Қатысушылар математика мен информатика пәндері бойынша білімдерін сынап, күрделі халықаралық деңгейдегі тапсырмаларды орындады.

Қазақстан құрамасы жарыста сәтті өнер көрсетіп, командадағы сегіз оқушының барлығы жүлделі орындарға ие болды. Солардың қатарындағы қарағандылық Санжар Жангелді өзінің алғашқы халықаралық олимпиадасында күміс медаль жеңіп алып, үздік жас математиктер мен бағдарламашылар қатарына енді.

– Бұл менің халықаралық олимпиадаға алғаш рет қатысуым болды. Жүлде аламын деп үміттендім, бірақ ең көп дегенде қола медаль иеленемін деп ойлаған едім. Сондықтан күміс медаль мен үшін өте жақсы нәтиже болды. Осы олимпиадаға жетінші сыныптан бастап екі жыл дайындалдым. Сабақтан кейін күн сайын арнайы жаттығулар жасап, есептер шығардым. Маған олимпиада жеңімпазы болған жоғары сынып оқушысы көп көмектесті. Біздің мектепте үлкен сынып оқушыларының кішілерді жарыстарға дайындау дәстүрі жақсы қалыптасқан, – дейді Санжар Жангелді.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Математика турында қатысушылар төрт сағат ішінде төрт күрделі есепті шешсе, информатика кезеңі халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылды. Оқушылар бағдарламалау тілдерінің бірінде тапсырмаларды орындап, олардың шешімдері арнайы автоматтандырылған жүйе арқылы бағаланды.

Санжардың айтуынша, оған ең қызықты болған кезең – информатика сайысы. Жас өрен болашақта өз өмірін IT саласымен байланыстыруды жоспарлап отыр. Оның пікірінше, бағдарламалау тілдерін меңгеру мен күрделі логикалық есептерді шешу кәсіби дағдыларды ерте жастан қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қарағандылық оқушының бұл жетістігі өңірдегі білімді жастардың әлеуетін көрсетіп қана қоймай, халықаралық аренада Қазақстан оқушыларының бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сәнерке ХАСЕНОВА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ студенті 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button