Дәдем
Дәдем мені ерекше жақсы көрді. Қоңырау шалсам, «Қуантайсың ба?», – дейтін. Тоқсанға таяса да тың еді ғой. Сөйткен қоңыраудың, сөйткен жездемнің үнінің тоқтағанына бір жылдың жүзі болыпты. Апай қайтқасын да он жыл ошағының отын өшірмеді. Жалғыз өзі. Туған жеріміз Томарда түтін түтетіп отырды…

Мен үшін әлемді танимын деген қиял Дәдемді танимын дегеннен басталған екен-ау. Қоңыр чемоданын ақтарып, командировкадан келдім дейді де бізге тәтті-дәмдісін үйлестіретін. Алтыннан қымбат апатайымыз – Баубам (Рауза Зимоллақызы Аманқұлова) біздей балаларға базарлық үйлестіретін. Ауыл баласына таңсық дәмді ұсынғасын, біз бар, көше балалары бар, барлығымыз Дәдемнің үйіне асығатынбыз. Сарқытын жеп, сонау Москвада, Алматыда түскен фотоларын көріп, тамсанатынбыз.
Замандастары да заңғар еді. Марқұм Орынғазы, Әбдіхан, Ғазиз ағаларымыз бастаған …
Өмір өтпейтіндей көрінген екен-ау. Амал қанша?!
Былтыр Дәдеммен қоштасу сәтінде қадірлі азаматтардың үнін естідік. Өте орынды айтты. Облыста медицина саласының басшылық қызметін атқарған ағамыз, біздің ауылдың тумасы, Социалистік Еңбек Ерінің ұрпағы Болат Мұздыбаев жақсы ұсыныс жасады.
«Томар ауылында бір көшенің немесе нысанның атауын Елмағанбет Сырбаевтың есіміне беру керек», – деді Болат ағамыз.Әрине, сыртта жүрсек те осы ұсынысты біз қолдаймыз.
Өйткені, Дәдем – Елмағанбет Сырбаев прораб ретінде ауылдың құрылысына ерекше атсалысқан азамат. Сырбаевтың совхоз тарихындағы еңбек өтілін, қажырлы еңбегін ауылдастар растайды. Дүние жимады, елге, жерге деп тер төкті.
Біздің ауыл – бес бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққан ауыл. Ақын да, батыр да туған мұнда. Бір ғана мысал, Алаштың аяулы перзенті, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова шешеміздің кіндік қаны Томардың топырағына тамған. Осы күннің өзінде ауылдан үлкен ғалымдар мен спортшылар шығып жатыр. Тәубе!
Бүгінде ауыл жаққа жылына бір жол түседі. Көпшілікпен қауышып, көңіл білдіру үшін. Ата-баба, о дүниелік болған туғандардың басына барып құран бағыштау үшін.
Әттегені, қаңыраған қарашаңырақтарды көргенде көзге жас үйіріледі.
Әкем совхоздың қойын бақты. Біз бастауышты орталықта, Рәзия шешеміздің қолында тұрып оқыдық. Мектепке барарда және келерде міндетті түрде Дәдемнің үйіне соғатынмын. Әке-шешемді сағынсам да Дәдемді іздейтінмін. Қара УАЗ-ына мінгізіп алып, қыстаққа алып барып келетін. Мауқымды сөйтіп басушы едім. Дәдем жайлы айтылар да жазылар естеліктердің бір парасы ғана бұл.
«Жезденің қадірі – әкедей» дейді дана халқымыз. Расымен, әкемдей қамқор, әкемдей қадірлі болған Дәдемнің орны ойсырап тұр. Апайдың басына барғанда көзіне жас алатын. Ақыры өзі де сол жерде мәңгілікке дамылдады.
Қабірлерің нұрға толсын, қадірлі Дәде-Баубам!
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі



