Тарихи жағдайларға байланысты Қарағанды қаласы Қазақстанның ірі мәдени орталықтарының біріне айналды. 1930-жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңінде ҚарЛАГ-қа ғылым мен мәдениеттің талай жарық жұлдыздары, көрнекті өкілдері жер аударылады. Кейіннен олар осы өңірде қалып, отбасын құрды, Қарағанды топырағына тамыр жайды.

Бүгінде бұл көпэтносты қаланың өзіндік бай мәдени инфрақұрылымы бар. С. Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры, К. Станиславский атындағы облыстық орыс драма театры, «Шалқыма» концерт залы мен кинотеатрлар және Қазақстандағы жалғыз Академиялық музыкалық комедия театры, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік бір ғана өңірдің емес, тұтас елдің мәдениетіне олжа салып келеді.
Осы концерттік бірлестіктің құрамында Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестр, джаз оркестрі, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі және Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі бастаған өзге де шығармашылық ұжымдар жемісті еңбек етуде.
Осындай аңызға толы тарихы мен іргелі мәдени қоры бар қаланың көрермені де өте талғампаз. Сондықтан болар, мұндағы театрлар мен концерт залдарында ешқашан бос орын болмайды, әрдайым халық лық толы.
Тыңдармандардың ең сүйікті ұжымының бірі – есімі елге де, шетелге де кеңінен танымал Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі. Іргетасы 1988 жылы қаланған бұл ұжымның алғашқы дирижьері Дүйсен Үкібай болды. Ал КСРО халық артисі Шамгон Қажығалиевтің тұсында оркестр жоғары академиялық мәртебеге ие болды. Содан бері ұжым шығармашылық өрлеу үстінде, ұлттық музыканың туын жықпай, халықты тәнті етіп келеді.
Маған 2025 жылы өзімнің шығармашылық мерейтойлық концертімді осы қара шаңырақпен бірге өткізу бақыты бұйырды. Кемеріне келген кеште менің авторлық туындыларым, соның ішінде оркестрдің бас дирижері Ерлан Бақтыгерейдің жетекшілігімен «Таңғажайып Айсұлу» атты жаңа аспаптық сюита орындалды. Дирижер өнер ұжымының ерекшелігін айтып берді.
– Біздің оркестрдің дыбыстың икемділігімен және ерекше жұмсақтылығымен ерекшеленеді. Бұл-әртістердің кәсіби шеберлігі мен аспаптардың сапасының арқасы. Байқаған болсаңыз, біздегі қобыздардың шанағы жартылай теріден жасалған. Бұл дыбысты мейлінше жұмсартып, оған тереңдік береді, тыңдаушының бойын бастан-аяқ балқытып, жүрекке бойлатады. Қобыз – жанның дауысы. Оның үні өте қаңық, барқыттай қоңыр, әрі тартымды. Музыка орындау барысында аспаптардың әр тобы бірін-бірі толықтырып, әуенге өзгеше бір қуат береді. Музыканттар әлдеқашан бір-бірін үнсіз ұғатын дәрежеге жеткен. Шығармаларды асқан үйлесімділікпен орындайды. Оркестрдің тұрақты құрамында 68 адам бар. Бұл – басқа ұжымдармен салыстырғанда өте үлкен, тұрақты құрам. Оның ішінде 30 музыканттан тұратын ядро оркестр құрылған күннен бастап өнер көрсетіп келеді. Олардың арасында қадірлі ардагерлер де бар. Балғабек Смағұлов, Сәлім Ізтілеуов, Нұрдәулет Идрисов, Әлия Құлғалиева (виолончель), Исатайұлы Сахибеден (прима-домбыра), Сәуле Рахымжанова, Меруерт Ибраева (қобыз), Ержан Құспанов (контрабас) және Сапарғали Боранбаев (баян, оркестрлеуші) секілді өнерпаздар өнерге қалтқысыз қызмет етуде. Ал, ұжымның басты тұлғасы, көптеген жылдар бойы тапжылмай концертмейстер болып келе жатқан ардагеріміз – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Полатхан Ташимов, – деді Ерлан Бақтыгерей.
Екі жылдан кейін Қарағанды оркестрінің құрылғанына 40 жыл толады. Осы уақыт ішінде ұжымның тарихы байып, гастрольдік географиясы да кеңейе түсті. Оркестр әлемнің жартысын аралап, 40-тан астам елде болды. Олардың ішінде Ресей, АҚШ, Италия, Испания, Франция, Швеция, Түркия, Ирак және Иран мемлекеттері бар.
Людмила МЕЛЬНИКОВА,
Қазақстан композиторлар одағының мүшесі,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қазақстанның мәдениет қайраткері




