Білім

Қарағандыда WorldSkills Karaganda – 2026 чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

Қарағандыда WorldSkills Karaganda – 2026 өңірлік кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы шығарылып, үздік жас мамандар марапатталды. Салтанатты рәсім Оқушылар сарайында өтті.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Биыл чемпионатқа өңірдегі 46 колледжден 368 студент қатысып, 56 құзырет бойынша бақ сынады. Нәтижесінде 165 студент жүлделі орындарға ие болса, тағы 43 қатысушы кәсіби шеберлігі үшін медальондармен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 25 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар табысталды.

WorldSkills Karaganda чемпионаты облыста 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде ол техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің кәсіби деңгейін көрсететін маңызды алаңға айналды. Биыл алғаш рет «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру», «Су шаруашылығы технологиялары», «Цифрлық құрылыс» және «Цифрлық модельдеу» атты төрт жаңа құзырет таныстырылым форматында ұсынылды. Олар келесі жылдан бастап ресми байқау бағыттарының қатарына енгізіледі.

Қатысушылардың жұмыстарын жұмыс берушілердің өкілдері мен тәуелсіз сертификатталған сарапшылар бағалады. Чемпионатты ұйымдастыруға әлеуметтік серіктестер де белсенді қолдау көрсетті. Мәселен, өрт сөндіру бөлімі құтқарушылар арасындағы жарыстар үшін өз полигонын ұсынса, жұмыс берушілер қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті.

Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев өткен жылы Қарағанды облысының республикалық жалпыкомандалық есепте үшінші орын алғанын атап өтіп, биылғы жеңімпаздардың да жоғары нәтиже көрсететініне сенім білдірді.

«Электромонтаж жұмыстары» құзыреті бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Мирас Сабитұлы жеңімпаз атанды. Ал Қарағанды жоғары инжиниринг колледжінің студенті Дәмелі Азамат «Флористика» құзыретінде үздік деп танылды.

Чемпионат қорытындысы бойынша колледждер рейтингі жасалып, бірінші орын Теміртау жоғары политехникалық колледжіне бұйырды. Екінші және үшінші орындарды Қарағанды жоғары инжиниринг колледжі мен Теміртау кәсіптік-техникалық колледжі иеленді.

Енді өңір жеңімпаздары WorldSkills Kazakhstan – 2026 республикалық чемпионатында Қарағанды облысының намысын қорғайды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button