Ардагерлер алаңға шықты
Қазақстан футбол федерациясы мен Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының мұрындық болуымен өңірде тұңғыш рет жаяу футболдан (Walking Football) «Қарағанды аңыздары» атты аймақтық турнир өтті. Оған өңірдің футбол ардагерлерінен құралған сегіз команда қатысып, өзара күш сынасты.

Спорттың бұл түрі – аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтуға және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған. Ардагер футболшылардың алаңда жарақат алып қалмауы үшін ойын тәртібіне өзіндік ережелер енгізген. Атап айтсақ, ойыншылар алаңда жүгіруге, допты жоғары тебуге және бір-біріне иық тіресіп, қақтығысуына тыйым салынған.
Турнирге қатысқандардың қатарында отандық футболдың дамуына өзіндік үлес қосқан Асқар Әбілдаев, Евгений Лунев және Әміржан Мұқанов сынды футбол аңыздары да болды.
– Мұндай форматтағы турнирге алғаш рет қатысуым. Шыны керек, басында аяғың тартылып, ережеге икемделу қиын көрінді. Бірақ, ойынның қызығына кірген соң бәрі ұмытылады. Бар өнерімізді салдық. Бұл спорттың ең басты миссиясы – ардагерлерді біріктіру. Ендеше, бұл бастаманың болашағы зор деп есептеймін, – деді турнирдің «Үздік жартылай қорғаушысы» Әміржан Мұқанов.
Турнир қорытындысы бойынша І орынды «Шахта Костенко» командасы иеленді. Одан кейінгі сатыға «ЧЧ» командасы табан тіресе, үздік үштікті «Тарлан» командасы түйіндеді. Сонымен қатар, Сәкен Ахметов «Үздік қақпашы», Айбек Жұмабеков «Үздік қорғаушы», Әміржан Мұқанов «Үздік жартылай қорғаушы» атанса, Игорь Куликов «Турнирдің үздік ойыншысы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Ділнар ЕРМЕК,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті



