Жаңалықтар

Қарағандыда қаржы пирамидасына алданғандардың саны 400-ден асты

Қарағанды облысында қаржы пирамидаларын құру және оларға басшылық ету фактілері бойынша құқық қорғау органдарының жұмысы күшейтілуде. Облыс прокуратурасының үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті биыл аталған бағытта үш қылмыстық істі тіркеді.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз қаржы схемаларына 400-ден астам салымшы тартылған. Алдын ала мәліметтер бойынша азаматтар жоғары табысқа кенелеміз деген үмітпен қаражаттарын күмәнді ұйымдарға салған.

Өткен жылы да өңірде қаржы пирамидаларына қатысты төрт сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген болатын. Заңсыз қызметтің салдарынан 50-ден астам азамат зардап шегіп, келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 67 миллион теңгеден асқан.

Анықталған істердің бірі – Қарағанды облысының аумағында әрекет еткен «Takorp» қаржы пирамидасы. Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға салған қаражатынан 100 пайызға дейін пайда табуға мүмкіндік бар екенін айтып, жүйеге тартқан. Сонымен қатар, қатысушылардың табысы жаңа адамдарды тарту және олардың белсенділігіне байланысты болған.

Тергеу барысында күдіктілерге тиесілі 32 мың АҚШ долларынан астам сомаға криптовалюта активтеріне тыйым салынды.

– Сот үкімімен азамат «М» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы 2-бөлігінің 1) және 4) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, – дейді облыстық прокуратура.

Алайда үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қарағанды облысының прокуратурасы тұрғындарды қаржылық алаяқтықтың мұндай түрлерінен сақ болуға шақырады. Ведомство мамандары кепілдендірілген жоғары табыс туралы уәделерге сенбеуге және қандай да бір ұйымға қаражат салмас бұрын оның қызметінің заңдылығын мұқият тексеруге кеңес береді.

Мамандардың айтуынша, қаржы пирамидалары көбіне қысқа мерзімде жоғары пайда табуды ұсыну арқылы азаматтарды алдап, олардың қаражатын заңсыз иемденуді көздейді. Сондықтан кез келген инвестициялық ұсынысқа сын көзбен қарап, ресми ақпарат көздеріне жүгіну маңызды.

Арнұр ҚАУАЗХАНОВ 
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button