Қарағандының үздік оқушылары мен ұстаздары құрметке бөленді
Облыс әкімдігінде пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздарымен «Сарыарқа мақтанышы» атты кездесу өтті. Аймақтың намысын республикалық және халықаралық деңгейде қорғап жүрген дарынды оқушылар бір алаңға жиналып, білім мен ғылымға бет бұрған жаңа буынның әлеуетін танытты.

Кездесуде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жас өрендерді жетістіктерімен құттықтады.

– Кіл мықты жастар бір алаңға жиналып отыр. Қазіргі заманда білім мен ғылым – мемлекеттің басты бағытын айқындайтын ең негізгі өлшем. Бәсекеге қабілетті болудың түп негізі де сапалы білім мен терең ғылымда. Жаңашыл идеяларыңыз жаңа Қазақстанның берік іргесін қалайтынына сенеміз. Алтын ұя мектептеріңізде аяулы ұстаздарыңыздан алған тәлімнің арқасында көк байрағымызды жаһандық ареналарда желбіретіп, ел намысын абыроймен қорғап келесіздер. Алдағы уақытта да республикалық және әлемдік додаларда биік белестерді бағындыра беріңіздер, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Жиын барысында аймақ басшысы оқушылармен еркін пікір алмасты. Жастар өз ұсыныстарын ортаға салып, келешекте білім, ғылым, технология және шығармашылық салалары арқылы өңір дамуына үлес қосуға ниетті екенін жеткізді.

Салтанатты жиында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының, халықаралық робототехника және инновациялық технологиялар жарыстарының жеңімпаздары ақшалай сыйақылармен марапатталды. Олардың қатарында «INFOMATRIX ASIA–2026» халықаралық инновациялық технологиялар байқауының, «RoboCup 2025» халықаралық робототехника жарысының, «FIRST Championship 2026» халықаралық робототехника чемпионатының жеңімпаздары бар.

Атап айтқанда, «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары Ясмин Сейфуллина мен Максим Бормин халықаралық робототехника жарыстарында жоғары нәтиже көрсетсе, «Озат» ақпараттық технология мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Мансұр Ноғай «INFOMATRIX ASIA–2026» байқауында І орын иеленді. «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Акбар Ермеков «FIRST Championship 2026» халықаралық робототехника чемпионатында топ жарды.

Сонымен қатар, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары да марапат төрінен көрінді. Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Сырым Амантай, Қаныш Сәтпаев атындағы гимназиясының оқушысы Ясмин Ғабдуллин, №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Ғабдолла Асқар республикалық олимпиадада І орынға ие болды. Ал, Қаныш Сәтпаев атындағы гимназиясының оқушысы Евгения Шатохина сыни ойлау және философия бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды.

Ғылыми ізденіс бағыты бойынша да қарағандылық оқушылардың жетістігі жоғары. «Жамбыл» атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушысы Әнуар Әбдәрраззақ жалпы білім беретін пәндер бойынша 8-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық зерттеу жобалары конкурсының республикалық кезеңінде І орын иеленді. Шет ауданы, Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Құрманбай Ислам ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиадада жеңімпаз атанды. Ал, мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушысы Диас Қаһарман «Астана – Мерей» ХХІ халықаралық орындаушылар байқауында ІІ орын жүлдесін қанжығалады.

– Орыс тілі және әдебиеті пәні өзіме қатты ұнайды. Астанада өткен республикалық олимпиадада аймақ намысын қорғап, жүлделі ІІ орынға ие болдым. Өзім арагідік өлең жазып тұрамын. Қазір жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрмін. Сәті түссе, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің филология факультетінде оқысам деген ниетім бар, – деді Астанада өткен республикалық олимпиадада орыс тілі және әдебиеті пәні бойынша өткен олимпиаданың ІІ орын иегері, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылының №21 жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Нари Сулейманов.
Жиында ұстаз еңбегі де елеусіз қалмады. Білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және ел игілігі жолындағы айрықша еңбегі үшін Қаныш Сәтпаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ермек Келмағамбетова мен №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Ғалия Мұқатова «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ, «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі Жанар Акашева және Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағдат Амангелдинова «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының география пәнінің мұғалімі Рахым Серік Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жиын соңында жас өрендер аймақ басшысына «Сарыарқа мақтанышы» атты картинаны тарту етті. Туындыда биылғы жылдың жеңімпаз оқушыларының фотосуреттері бейнеленіп, түлектердің туған өлкесіне арнаған жүрекжарды тілектері мен ақ ниеттері жазылған.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



