Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жылРуханият

“Бірлігі кеткен ел жаман…”

«90 жыл топта толғаған» «Ortalyq Qazaqstan» газетінің мұқабасындағы Қаздауысты Қазыбек бидің «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» ұран сөзі – басылымның басты ұстанымы. Сөз асылын газеттің негізгі мұраты ретінде ауыстырған – сол кездегі Бас редактор Мағауия СЕМБАЙ ағамыз еді. Қашанда бірлікті бағдар, шындықты жалау етуді мақсат тұтқан Арқадағы бас басылым ұлт мүддесінің жоқтаушысы болып келеді.

Шешен, алғыр, қара қылды қақ жарған, әділдігімен орта жүздің бас биі болған Қазыбек Келдібекұлының туғанына биыл 355 жыл толып отыр. Қалмақ Қоңтайшысын шешендігімен алқымынан алып, алғырлығын білдірсе, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп әділдіктің айбалтасын турасынан сермеп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін дөп айтқан аузы дуалы би туралы ел арасында түрлі аңыз-әпсана бар.

Өз заманында белгілі шешен, би болған Келдібектей әке мен көреген Тоқмейілдей анадан туған бала Қазыбек әкенің қаны, ананың сүтімен бойына дарыған асыл қасиеттері дана Қазыбек болуына зор септігін тигізді. Ел басына күн туып, тағды ры сыналған сәтте, жауынан қаймықпаған, халқына қорған болған, әділдіктің ақ туын желбіреткен ұлы биге деген ілтипат қазақ халқының бір шаңырақтың астына бірігуіне, ынтымағы жарасқан ел болуына, тәуелсіздік атты ұлы ұғымды қастерлеуге алып келді. Осындай асылдарымызды естен шығармай, олардың ғибратты өнегелері мен ақыл-кеңестерін басшылыққа алу бүгінгі ұрпақтың алдындағы асыл парызы. Бұл аманатты да егемен қазақ елінің ұрпақтары қалтқысыз орындап келеді.

Қаздауысты Қазыбек бабамыз ұлтымыздың тарихында алтын әріппен жазылып қалған қайраткер тұлға. Қазақ хандығы дербес шаңырақ көтеріп, іргесін бекіте бастаған тұста әз Тәуке ханның үш биінің бірі болған бабамыз өзінің әділ де көреген қасиетімен ел аузында аңызға айналды. Қаздауысты Қазыбек бидің «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найза ұшына жылқының қылын таққан елміз» деп келетін даналық толғамы халқымыздың болмысы мен табиғатын, ерлігі мен кеңдігін көрсетеді. Ұлыларымызды ұлықтау, олардан жеткен тарихымызды келер ұрпаққа табыстау, бүгінгі аға буынның парызы.

– Сыр бойында сәби Қазыбектің кіндік қаны тамғанымен, балалық, азаматтық шағынан мерейі үстем болып, ғасырға жуық жасап, даңқы артып, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне баласы Бекболаттың күш-қуатымен мүрдесі апарылғанға дейінгі аралықтағы Отаны – Орталық Қазақстан, Сарыарқаның бауыр Бошаны.

Лайықты бағасын бере білсек, 15 жасында-ақ Қаздауысты Қазыбек атанған біртуар тұлға, қас жауларын айбынымен жасқантқан жолбарыс жүректі қолбасшы, арыстандай айбатты, қара қылды қақ жарған әділ де бітімгершіл төбе би. Ұлт шекарасын созып, шығысын шалқытып, оңтүстігін орайластырған көріпкел қайраткерлердің алдыңғы қатарында саналады. Елдің еңселі болашағын аңсап, азаматтық жолындағы күресті бастап берген, қазақтың хандық мемлекетін қалыптастырудағы тұлға, әз Тәукенің «Жеті жарғысын» жасасып, Ата Заңның негізін қаласқан дана, білімпаз, кемеңгерлік биікке жеткен ұлы ойшыл – дейді бидің алтыншы ұрпағы Ахмадия Сүлейменов.

«Ұрпағы бардың – ұланы бар». Ал, «Ұланы бардың – ұлылығы ұмытылмайды» деген осы шығар, сірә. Ұлы бабаның бар қадірі мен қасиетін, киесіне бас иіп, тарих қойнауында жатқан құндылықтарымызды екшелеп, түлетіп жүрген Ахмадия ақсақал Қазыбек би туралы тың деректер қорын жинап, музей ашты. «Алла бақ берген Қаздауысты Қазыбек би» кітабын жарыққа шығарды. Бабадан бізге жеткен бай мұрасын, рухани тағылымын ұмытпай, келер ұрпаққа өнеге етуде абыройлы аманат арқалап жүрген ақсақал «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ». Бүгін сол сөзімнің жалғасы ретінде айтар едім, бізге бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған ата тарихымыздың әр парағы ерекше қымбат. Қазақ халқының бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым мақтан ететін болады» деп Елбасы айтқандай, Қаздауысты Қазыбек бидің 355 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтсе дұрыс болар еді – деген уәжін айтты. Орынды ұсыныс. Кемеңгер бидің атақ даңқы мен даналығы исі түркі халқына ортақ.

«Өркенім өссін десең кекшіл болма, кесапаты тиер еліңе. Елім өссін десең, өршіл болма, Өскеніңді өшіресің» деп өсиет еткен Қаздауысты Қазыбек бидің әрбір айтқан терең мағыналы сөзі жүрекке жылы тиіп, ойлыға өнеге болмақ.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button