Қазақ киносы қайта түледі

     Жуырда «Сарыжайлау» кинотеатрында облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың, «Ерікті қайырымдылық қорының» ұйытқы болуымен «Мейірімді жүрек» қайырымдылық акциясының аясында «Я люблю тебя, Ақерке!» фильмінің тұсауы кесілді.

Жасыратын несі бар, қазақ киносы десе, қазанымызға қылшық түскендей актердің сөйлеген сөзінен бастап, киген киіміне, фильмнің сценарийі мен оқиға сюжетіне дейін сынай қарап, ағаттығын аңдап қалуға асығамыз. Бұл жолы да солай. Туынды авторлары университетті енді ғана тәмамдаған студенттер екенін естіген соң, тіптен тартыншақтадық. Шетел шедеврлерінің шалқар бұлағын көріп, көз қанықтырсаңыз әлбетте, солай топшылайсыз. Содан…

Содан залға жайғастық. Туындының қос авторы, қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері, басты кейіпкердің құрбылары – режиссер Нәзия Назарбек пен сценарий авторы Мейірім Арғынбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, аталған білім ордасының ұстазы, Ақеркенің әкесін сомдаған Әлімбек Оразбеков, аталған кинотеатрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденді Рымбала Омарбекова, облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мирас Құттыбай сахнаға көтеріліп, көрерменге көркем фильмді қысқаша таныстырып өтті. Кинотеатр директоры келген қонақтарға сый-сияпатын жасап, құрметін білдірді.

Бұл фильм сіздердің көңілдеріңізден шығатынына кәміл сенемін. Өйткені, мұнда үлкен махаббаттың үлгісі бар. Достық парыз, тазалық, адамгершілік, өмірге деген құлшыныс тоқайласқан мұндай туынды – кемде-кем. Мен бұл фильмде бармын. Бірақ, жоқ десеңіздер де болады. Себебі, кино түсіру – қыруар қаржыны талап ететінін жақсы білесіздер. Авторлардың табандылығы мен достыққа деген ұлы сүйіспеншілігі бастаған істі аяқсыз қалдырмады. Қармана жүріп, қаражат көзін тапты. Сондықтан, Нәзия мен Мейірімнің еткен еңбегіне мен де басымды иіп, келешектерінен зор үміт күтемін, – деді Әлімбек Оразбеков.

Қош. Әлгіндегі тартыншақтағанымыз қызығушылыққа ұласып сала берді. Жарық сөніп, жанарымыз үлкен экранға ауған. Басталды. Басталғаны сол-ақ еді, балғын кейіпкердің сүттей әлемі өзімен бірге сүйрелеп әкетпесі бар ма? Неге дейсіз ғой… Айтайын. Ә дегеннен-ақ аузымды аштырған – кейіпкердің ішкі даусы. Ішкі даусы болғанда да, оқиға желісін одан әрмен өрбітіп әкететін алғашқы сөйлем мен дұрыс құрылған монолог. Мәселен, шетелдің шебер режиссерлері бұл тәсілді бұрыннан қолданады. Кейіпкердің ішкі монологы мардымсыз оқиғаның өзін мазмұндап әкеткенде, ақыры қалай аяқталарын іштей болжап үлгересіз. Бірақ, шеберлік дегеннің өзі сол, туынды тіптен бөлек арнаға ауады. Алғаш байқағаным – осы. Түйсігім алдамапты. Оқиға өрбітудің шеберлігін жас режиссер жақсы меңгерген сыңайлы. Кино түсіруді армандаған бала қиялы Нәзияні жоғарыда аталған білім ордасына жетелеп әкеледі. Студенттік өмірдің қызығы мен шыжығы, алғашқы таныстық, алғашқы албырт сезім – бәрі-бәрі дәлдікпен, асыра суреттеу, артық қоспасыз шынайылықпен берілген. Бұл – бір деңіз. Ендігі айтарымыз, кино жанрына ғана тән, театр ауанынан ада қарабайыр емес, қарапайымдылыққа негізделген, олқылығы болғанымен, орынды құрылған диалог болмақ. Меніңше, қазақ киносын ақсатып тұрған да осы диалог мәселесі. Артық қыламыз деп, тыртығын байқамай жататын сценаристеріміз жетіп-артылады. Бұл жолы да солай бола ма деп ем. Қателесіппін. Қателескенде де оңбай қателесіппін. Мысалы, екі адам арасындағы күнделікті айтылатын қарапайым әңгімелерді, даңғой пәлсапасы жоқ қарапайым диалогты көз алдыңызға елестетіңізші. Енді мұндай диалог студент жастардың арасында құрылса қалай болар еді? Артық айырмасын таппайсыз. Әңгімені әрлеп әуреленудің мәні де, маңызы да жоқ. Себебі, бұл – сахналық қойылым емес, кино. Солай. Солай бола тұра, көп кино туындыларда осындай қателікке жол беріліп келеді. Әзілі мен қағытпасы, қалжыңы мен тоқетер ойы айтылатын мұндай диалогтар «асыра-сілтеусіз» құрылуы керек сыңайлы.

Әрине, кемшілігі де жоқ емес. Соның бастысы – уақытпен санаспаушылық. Белгілі режиссер Тимур Бекмамбетовтің шеберлік шыңына жетуінің бір құпиясы – клип түсіруші ретінде еңбек жолын бастағаны ма деп пайымдаймын. Мұндай клипмейкерлер үшін әрісі үш жарым минутқа ғана созылатын әннің әр секунды құнды. Осымен тәмам. Қалғанын көзі қарақты көрерменнің еншісіне қалдырдық.

Фильм көрсетілгеннен бастап, екі апта бойы аталған кинотеатрдың екінші қабатында қайырымдылық жәшігі орнатылады. Билеттен және қайырымдылық жәшігінен түскен қаржы арнайы комиссияның және БАҚ өкілдерінің бақылауымен жоғарыда аталған қоғамдық қорға аударылады.

Нәзияның айтуынша, фильмнің барлық сюжеті өмірде болған оқиға желісі бойынша өрбіген. Екі жастың таныстығынан бастап, Ақеркенің ауруға шалдыққанына дейін айна-қатесіз берілген. Әрине, көркем туынды болғасын, алып-қосқаны да бар шығар. Айтпады. Арнайы барып біз де сұрамадық. Өмір мен өлімді, махаббат пен ғадауатты, достық пен сатқындықты көріп, ботадай боздаған көрерменнің көз жасынан, Ақеркенің аруағынан имендік. Біз де саған ғашық болдық, Ақерке…

Рауан ҚАБИДОЛДИН

One thought on “Қазақ киносы қайта түледі

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.