Инфрақұрылым инвестицияға жол ашады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындай отырып, инвестиция тарту, өңдеуші өнеркәсіпті күшейту, шикізатқа тәуелділікті азайту және өнім өндірісін арттыру міндетін жүйелі түрде атап келеді. Осы стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруда кеншілер өлкесі елдегі жетекші индустриялық аймақтардың бірі ретінде айрықша орын алады. Өңірдің табиғи ресурстары, өндірістік базасы, логистикалық мүмкіндіктері және инвестициялық инфрақұрылымы ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды.

Аймақ бүгінде инвесторларға қатты пайдалы қазбаларды барлау және өндіру үшін шамамен 400 учаске ұсынылып отыр. Олардың ішінде, мыс кені – 25, алтын – 22, көмір – 25, темір және марганец – 9, полиметалл – 4, вольфрам – 4, жадеит – 1, барит – 1 және титан-магнетит кені – 1.
Аймақ тарихи тұрғыда көмір өндірісінің орталығы ретінде танылғанымен, бүгінде тау-кен саласы әртараптанған. Мыс, алтын, темір, марганец, полиметалл және сирек жер металдарын өндіру бағыты қарқынды дамуда.
– Өңірдің басты артықшылығы – бай табиғи ресурстар мен толық өндірістік тізбек құруға мүмкіндік беретін өнеркәсіптік база. Шикізат өндірумен шектелмей, оны терең өңдеу арқылы жоғары сапалы өнім шығаруға басымдық беріп отырмыз, – дейді облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.
Облыс – елдегі өңдеуші өнеркәсіп бойынша да көшбасшылықта. Мұнда елдегі барлық жалпақ илем өнімі өндіріледі. Сонымен қатар, облыс елдегі болат пен шойын өндірісінің 90%-ын, ал, катодты мыстың 50%-ын қамтамасыз етеді.
Өңір өнімдері әлемнің 70-ке жуық еліне экспортталады. Негізгі бағыттар – Қытай, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, БАӘ, Ресей және Еуропа елдері. 2025 жылы экспорт көлемі 3,3 млрд АҚШ долларынан асқан.
Аймақтың жалпы экономикасында өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 40%-ды құрайды, бұл шамамен 8,5 млрд АҚШ доллары немесе 4 трлн теңге.
Ғылыми-инновациялық дамуы да қарқынды. Жыл сайын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл өңірдің ЖӨӨ-нің 0,12%-ын құрайды (ЖӨӨ – 11 трлн теңге). Мемлекеттік секторға – 1,7 млрд теңге, жоғары білім беруге – 6,9 млрд теңге, кәсіпкерлік секторға – 4,1 млрд теңге, коммерциялық емес секторға – 0,6 млрд теңге қаржы бөлінген.
Осының нәтижесінде облыста жыл сайын 240 млрд теңгенің инновациялық өнімі өндіріледі. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстанда 3-орында (Қостанай облысы мен Алматы қаласынан кейін). Сонымен қатар, инновациялық өнім экспорты республикалық көрсеткіштің үштен бірін құрайды.
Өңірде инвестиция тарту үшін қолайлы орта қалыптасқан. Соның негізгісі – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы. Мұнда салық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған.
Экономикалық тиімділігі жоғары: инфрақұрылымға салынған әр 1 бюджет теңгесіне 9,2 теңге жеке инвестиция тартылады (25,2 млрд теңге бюджет инвестициясына 231,68 млрд теңге жеке инвестиция). СЭЗ-ге Германия, Аустрия, Қытай және Катар инвесторлары қатысуда.
– Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау – басты міндет. Соңғы үш жылда өңірге 4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл – жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі, – дейді Асқар Ғазалиев.
Тағы бір маңызды нүкте – «Саран» индустриялық аймағы. Мұнда жаңа өндірістер қалыптасып, заманауи өнеркәсіп бағыттары дамып келеді. Қазіргі таңда 12 қатысушы жалпы көлемі 434 млрд теңге инвестиция құйған. Мұнда автобус өндірісі, тұрмыстық техника, автомобиль шиналары, мырышталған металл бұйымдары, болат және полиэтилен құбырлары шығарылады.
Индустриялық аймақтың аумағы қосымша 188 гектарға кеңейтілуде. Сонымен қатар, өңірде екі шағын өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр, ал үшінші аймақты іске қосу жоспарланған.
Өңірдегі логистикалық әлеуеттің жарқын мысалы – отандық TEEZ маркетплейсінің дамуы. 2025 жылы облыстың тауар айналымы 11 млрд АҚШ долларын (5,2 трлн теңге) құрап, 12,9%-ға өсті. Қарағанды облысы елде сауда көлемі бойынша 4-орында тұр.
Инвесторлармен жұмысты күшейту үшін құрылған «Qaragandy Invest» орталығы арнайы және индустриялық аймақтарды біріктіріп, «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетеді. Соңғы үш жылда 4 трлн теңге инвестиция тартылып, 149 жоба іске асырылған. Сондай-ақ, жалпы портфель – 6,3 трлн теңге және 7 өнеркәсіп саласын қамтиды.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірді толыққанды инвестициялық хабқа айналдыруға белсенді жұмыс атқарылуда.
«Әр жоба – жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орны және экономикалық өсімнің кепілі», – дейді ол.
Қарағанды аймағы табиғи ресурстар, өнеркәсіп, логистика және инновация тоғысқан стратегиялық өңір екені белгілі. Ал, Президент тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқан индустриялық-инвестициялық саясат өңір ел экономикасының маңызды тірегіне айналды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



