Руханият

Абай бейнесіне абай болайық

Қазақтың маңдайына біткен Ұлы Абайдың мерейтойы аясында бейнесін ашамыз деген суретшілер, мүсіншілер ерен еңбек етуде. Бұған дейін де талай ескерткіш бой көтерді. Дегенмен, барлығы сәтті деп айта алмаймыз. Еңселі болар ескерткіштеріміз еңсені басып тұрса, осылай айтпағанда қайтеміз?! Мейлі ескерткіш немесе сурет болса да тұпнұсқадан ажырамағаны абзал. Әйтпесе, келер ұрпақ Абайды басқамен шатастырып, дал болары хақ!

Әлбетте, Ұлы Абай көзі тірі кезінде фотосуретке екі рет түскен, келешекте архивтерден тағы басқа суреттері табылуы бек мүмкін. Біріншісінде, Абай балалары Ақылбай және Тұрағұлмен Семей қаласында 1896 жылы, екіншісінде отбасымен 1903 жылы түскен екен. Фотосуреттің түпнұсқасы Семей қаласындағы Абай музейінде сақтаулы. Ол суретті 1940 жылы М.Әуезовтің өзі сыйға тартқан. Міне, осы суреттерді үлгі ретінде, мүсін не ескерткіш нобайына неге алмайды деген ой, еріксіз қаумалайды.

Жарық дүниеге қазақ болып келіп, қазақтың ғана емес адамның баласы болып өткен Ұлы Абайдың мүсіндері мен суреттеріне қарап отырып, «бір Абай емес, бірнеше Абай өмір сүрген бе» деп таң қаласың!

Нақты құжат болып сақталған суретте дөңгелек жүзді, кең маңдайлы, қой көзді, дөңестеу мұрынды Абай, қазіргі салынған суреттер мен мүсіндерге қарасақ, қысық көз, сопақ бет болып кете береді. Өскемен қаласында 2014 жылы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы мен оның досы, орыс ғалымы Евгений Михаэлистің ескерткіші тұғырда бар болғаны бір тәулікке жетер-жетпес уақыт қана тұрды. Оның суретін әлеуметтік желіде ескерткіштің көркемдік мазмұны қатты сыналып, монументтегілер Абай мен Михаэлиске емес, «қортық адамдарға» ұқсайды деп жазды. Кейбіреулер қолына кітап ұстап тұрған Михаэлисті «cелфи (телефонның камерасымен өз-өзін суретке түсіру) жасап тұрған» адамға ұқсатты. Ал, Ақмола облысы Степногорск қаласындағы мектеп ауласындағы ескерткішке қатысты дау әлі біткен жоқ. Тұғырда тұрған пролетариат көсемі Ленинге тақия кигізіп, Абайға ұқсата салған ба дерсің…

«Ашынғаннан шығады ащы дауыс» деп осындайда айтылса керек. Жазушы Ғаббас Қабышұлының: «Абайдың фотодағы кескінін тұтас түгендемей-ақ, сақал-мұрты туралы ғана айтсам. Суретте: мұрты жалпиған да, тұштиған да емес; қалың да, селдір де емес – бет пішініне лайықты кәдімгі келістінің өзі. Сақалы сапсиған ұзын да, құнтиған қысқа да емес; қаба дер қалың да, судыраған сұйық та емес – қазекемнің көбіне-ақ жараса кетер имантаразы. Ал өзінің жинақтарында, біздің газет-журналдарда шығып жүрген сол суреттерге қарасаң: бірінде мұрты мен сақалы қалың да қайратты; бірінде қалың да жұмсақ бұйрасынды; бірінде селдір де ұзындау; бірінде… жіңішке, иір ақшыл сымтемірдің 2 сантиметр шамасындағы жиырма шақтысын мұрттың орнына, 10 сантиметр шамасындағы елу шақтысын сақалдың орнына «іліп» қойған! Қысқасы: суретшілер Абайдың сақалымен ойнап-ақ жүр. Өскеменде солай «жекешелендірілген» сақал-мұрттың бірі бұйырған Абай ескерткіші бар еді. Жалпы біздегі ескерткіштердің мәдениетінің өзі сын көтермейді ғой. Айтпағым, Абай бар, өзге де тұлғаларымыз бар – суретін салғанда, ескерткішін тұрғызғанда абай болған жөн. Олар біздің заманнан келер заманға осы қалпында жетсе, тұлғаларымыздың шын бейнесінен оп-оңай-ақ айырылып қаламыз ба деген қауіп бар» деуі де біраз жайтты аңғартқандай.

Басқалардан неге үлгі алмасқа? Тас болса да ескерткіш сөйлеп тұруы керек. Мысалы, публицист Бауыржан Омарұлы жеке парақшасында қырғыз қызы сомдаған Шыңғыс Айтматовтың ескерткіші туралы: «Бұл – қазақтар көп айтатын Адамзаттың Айтматовы – шоң Шыңғыстың алып мүсіні. Авторы – жас шамасы біздің баламыз қарайлас қырғыздың бір тұтам ғана кішкене қызы Тамила Маматова. Саз балшықты илеп, құмда ойнап өскен кəдімгі айылдың перзенті. Қаламгердің құрыштай құймасын бір жыл бойы тер төгіп, ерінбей-жалықпай жасап шыққан көрінеді. Таланты телегей теңіз, табиғаты бөлек Тамиланың осы дүниесі туралы мәліметтер бүгінде әлеуметтік желінің кемерінен асып-төгіліп жатыр… Мінсіз мүсін, терең талғам, ерен еңбек… Тау тұлғалы туындының кішкене қыздың қолынан шыққанына таң қаласың. Қазақша айтқанда, болайын деп тұрған бала!» деп жазды.

Міне, қызық! Туынды авторы И.Репин атындағы Санкт-Петербург бейнелеу өнері, мүсін және архитектура институтын 2018 жылы бітірген мүсінші қыз. Және де бұл диплом жұмысы ғана екен. Көрдік, таңдандық, тамсандық!

Қызықтық та қызғанышпен қарадық…

«Бізге де осындай басқаға үлгі болатындай дүниелерді әкелетін күн болар ма?» деп…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button