Руханият

Құт қонған жерім – Құттыбай

Жаз айында күйі кетіп тұрған туған жерімді көріп, көңілім құлазып қайтқан сәт артта қалып, ауыл азаматтарының арқасында бұрынғы әсем қалпына қайта келе бастаған Құттыбайым үшін қуаныштан төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұрғандай….

Ел аузында жүрген атамекенімде «көркейту жұмыстары басталды» дегенді есіте салып, әкем барып, ақ батасын беріп, асарлатып, ауылдың жасы мен кәрісі жиналды. Ер-азаматтар қолдан келген қызметін аямай, әйелдер жағы ас-суын дайындап, бір үйдің баласындай есте қалар іс тындырды. Ауыл азаматы Қаби Баспақовтың басшылығымен қарайған бұлақтың көзін ашып, аялдамасын қайта жөндеуден өткізіп, маңайын қоқыстан тазартып, бабалар жатқан құт мекенді қайта жәннатқа айналдырды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған ауылдастардың еңбегі расында да ерен. Алдағы уақытта да жасалар жұмыс жеткілікті. Болашақта құт қонған Құттыбайымыздың қазіргіден де жайнап, жаңара түсетініне сенімдімін.

Ауылға барып, құлазып қайттым бір күні,
Жанымды ұққан секілді күннің күркірі.
Мен жүрген жерлер, балалық шақтың елесін,
Түсірдім еске көргенде үйір жылқыны….
Осында атқан тағдырдың талай ақ таңы,

Бір кезде болған Қарағандының мақтаны.
Мұңайып тұрған мекенді көріп мен туған,
Қалаға келіп тыныштық жаным таппады.
Ауыл жайында түсіме кіріп тәтті арман,
Шым етіп сезім оралмас сол бір шақтардан…
Құттыбайымның ырысын қайта кіргізген,
Өресі биік айналдым азаматтардан.
Туған жер үшін сауапты жұмыс бастады,
Жұмыла жүріп ауылда туған жас-кәрі.
Көктемдей етті көңілді күздің басында,
Құттыбайдағы бұлақтың көзін ашқаны.
Мен туған ауыл көркі енді тағы Арқаның,
Азаматтарға әрқашан үміт артамын.
Қаланың шуы шаршатқан сәтте құс болып,
Қанатты қағып, Құттыбайыма тартамын.

Бақытгүл ӘБДІКЕРОВА.

Басқа материалдар

Back to top button