Руханият

Сембаев мектебінің шәкірттері

Кенді аймақтың дүрсілдеп соғып тұрған жүрегі іспеттес «Ortalyq Qazaqstan» 89 жасының соңғы беттерін жауып, 90 жылдыққа аяқ басқалы тұр. Саттар ЕРУБАЕВ, Ақселеу СЕЙДІМБЕКОВ сынды мүйізі қарағайдай азаматтар еңбек еткен Арқа төсіндегі іргелі қара шаңырақ – бұл. Осы құтты ұядан түлеп ұшқан талағында биті бар талай жас еліміз бен шет елдерде жемісті еңбек етуде. Газеттің туған күні қарсаңында назарларыңызға «Орталықта» қызмет етіп, бүгінде онысын мақтан тұтып, сағына еске алатын бір топ тегеурінді жастың түлеп ұшқан ұясына деген ыстық лебізін ұсынып отырмыз, құрметті оқырман!

Редакциядан.

Шығармашылығыма жол ашқан – «Орталық»

…2000 жылдардың басы болатын. «Балқаш өңірі» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Ол жақта редактордың орынбасарымын. Аздап, прозаға енді бас қойып жатқан кезім. «Не болар екен?» деп «Орталық Қазақстанға» бір әңгімемді жібердім.

Балқаштан Оралбек Жүнісов ағамыз жіберіп, ол жақтан Төрехан Майбас ағамыз қабылдап, содан әңгімем «Орталыққа» шығып кетеді. Ол редактордың көзіне түсіп, «әй, мына жігіт не істеп жүрген адам, қандай бала бұл, не істеп жүр?» деп, «Аңшы» деген әңгімем арқылы «Орталыққа» жұмысқа тұрдым. «Орталық» менің шығармашылығыма үлкен жол ашты. Қаламымды қалыптастырды, тілімді ұстартты.

Серік САҒЫНТАЙ,

жазушы.

«Мағауияның мектебінен шықтық…»

 

 

Ормандай оқырманы бар «Ortalyq Qazaqstan»! Қабырғасына қасиет қонған қарашаңырақ! Атағынан ат үркетін небір айтулы азаматтардың қаламының табы қалған басылымда қызмет етеміз деп ойлап па едік? Жоқ. Үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін сол бір батпандай бақыт, екінің бірі, егіздің сыңары қол жеткізе бермейтін жап-жарық жақұт бізге бұйырыпты. Алтайда алаңсыз ат байлап жүрген баланың маңдайына Арқада жүйрік сөздің жүгенін ұстап жүру жазылыпты. Ол туралы өмір бойы айтып өтермін-ау, сірә. Неге? Себебі, орда бұзар отызға толмай жатып-ақ осы газетте тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып үлгердім. Бірден емес, әрине. Жазғанымыз – шатпақ, сызғанымыз – сатпақ болған кездерді кімнен жасырайын? Алдыңғы толқын ағалар соған қарамай жетелей жүріп жеткізді, жазғыра жүріп жазғызды.

Келе-келе қойыртпағым қоңданып, тоң сөйлемім толғанып мақалаға айнала бастады. Еее, жазуымды түзеген, жал-құйрығын күзеген қайран қарашаңырақ! Ақын досым айтқандай «Біз Шерханның шекпенінен емес, Мағауияның мектебінен шықтық». Өз қадірімізден бұрын, сөз қадірін ұғындық. Сөзден сүрлеу салып, сөйлемнен соқпақ жол жасадық. Мен үшін «Ortalyq Qazaqstan» осындай құдірет! Сана түпкірінен сөнбейтін мөп-мөлдір, кіршіксіз сүгірет!

Рауан ҚАБИДОЛДИН,

«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Ескірмейтін естеліктер

 

Мен «Орталық Қазақстанда» жарты жылдан да аз уақыт жұмыс істедім. Соған қарамастан біраз нәрсе есімде қалыпты. Сол жерде біраз дос тауыппын да.

Бір күні «Компьютер орталығы» деп аталатын кабинетте флэш-картам қалып қойыпты. Кешкі уақыт, дизайнер, беттеушілер үйіне кетіп қалған. Журналистерден де ешкім жоқ. Жетінші қабат тып-тыныш. Астына түсіп, вахтадан кілт сұрасам, бермейді. Не істерімді білмей тұрсам, лифтіден Мағауия Сембай аға шығып келе жатыр екен. Үстінде қара пәлте, қолында үш-төрт кітап. Мені көріп, не істеп тұрғанымды сұрады. Мән-жайды айттым.

– Жүр, – деді бастығым. Вахтадан кілтті алды да, өзі бастап жетінші қабаттағы кабинетке алып барды. Лифтіде тұрғанда қолындағы кітапқа қарасам, Добролюбовтың көп томдығы екен. Менің қолымда Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алашы» бар еді. Екеуіміз оқып жүрген кітабымыз туралы аз-кем әңгіме қылдық.

Мен шаруамның біткеніне мәз болдым. Әрі үлкен басымен, уақытын бөліп, маған қол ұшын созған Мағауия ағаға риза болдым. Ол кезде әлі жиырма беске де келмеген кезім, ал редакторымыз алпыстан асқан адам ғой.

Жұмыс арасында көңіл қошы болса, Төрехан Майбас ағамыз әңгіме айтушы еді. Ахат Құрмансейіт ағамыз кабинетінде отырып бар материалды оқып, кешкісін соларды бір-бірлеп газет бетіне салғызып отыра-тұғын. Ерсін Мұсабеков ағамызға өтініш айта қалсақ, жауапсыз қалдырмайтын.

Тұстастарыммен айтатын әңгімелеріміз, сол кезде басталған қалжыңдар әлі күнге дейін таусылмай, ескірмей келеді. Қазір ойлап отырсам, «Орталықтағы» азғантай дәуренім еске алғанда ішім жылитын уақыттардың бірі екен.

Арман ӘЛМЕНБЕТ,

Muqaba баспасының жетекшісі.

«Орталыққа» қарыздармыз

Қарағанды өңіріндегі БАҚ-тың іргелі қарашаңырағы саналатын «Орталық Қазақстан» газетінің мен үшін орны ерекше. Тоқсан жылға жуық тарихы бар басылымда бір кездері жұмыс істеудің бақыты бізге де бұйырды. Бас редактор марқұм Мағауия Сембай студент болғаныма қарамай жұмысқа қабылдағаны жадымнан еш ұмытылмақ емес.

Алдаберген Кемпірбаев, Жанат Жаңқашұлы сынды тұстастарыммен баспа үйіндегі редакция есігін имене ашқанымызда Аман Жанғожин, Сүйіндік Жанысбай, Ермек Балташұлы, Ержан Имаш, Болатбек Қауысов, Қайрат Әбілдинов, Жұлдыз Тойбек, марқұм ағамыз Тілеуқабыл Байтұрсын, Серікбай Алпысұлы сынды журналистика ардагерлері арқамыздан қағып, бағыт сілтегені кеше ғана сияқты еді.

«Орталық Қазақстанда» жүріп облыстың бар ауданын араладық. Нұрадан Ұлытауға дейін созылып жатқан алып облыстың мәселесін өзімізше түрткен болдық. Қызығы көп жылдарда қаламымыз ұшталып, уақытпен бірге түлей түстік. Сол үшін аға буын журналистерге, қарашаңырақ «Орталыққа» қарыздармыз. «Мүмкіндігінше мәселені ашып жазыңдар» дейтін Мағау ағамызды, Тілеуқабыл, Серікбай ақсақалдарды сағына еске аламыз.

Алғашқы еңбек жолым басталған редакция ұжымын газеттің туған күнімен құттықтаймын. Аймақ мәселесін көтеруде түйткілді жайттардың шешімін табуына үлесін қоса берсін деген тілек айтамын.

Жангелді ҚАРЖАН,

журналист.

Ордалы «Орталығым»

Мен «Орталық Қазақстан» газетіне келгенде саналы ғұмырын осы газетке арнаған ақсақалдар бар еді. Редактордың орынбасары Ермек Балташұлы жазғанымызды қызыл-ала қылып қоя беретін. Алдынан үш өткеннен кейін барып мақалаң іске жарайды. Әуелде жастық жалынмен ызасырық болып, жек көрдік. Тіпті, мақаламызды қорғап, редактор Мағауия Сембайға (алды жарық болғай) «өзіңіз оқыңызшы» деп өтініш те айттық. Содан былай өзі оқып, қол қоятын болды. Бірақ, жазғанымыздан қызыл сия арылмады. Ақ қағаздағы қызыл сия біздің бетімізге шығып, ұялып қалушы едік. Қазір қарасам Мағауия Сембай, Ермек Балташұлы ағаларымыз бізді қысқа мерзімде тәрбиелеп алған екен. Бүгінгі газеттер «маман жоқ» деп жылайды. Маман емес, мектеп жоқ дер едік.

«Орталыққа» келгеннен кетер-кеткенше үш жарым жыл Тілеуқабыл Байтұрсын ағамның (тие берсін) қасында отырдым. Төрде Ахмет Байтұрсынның портреті ілініп тұрады. Есікте Тілеуқабыл Байтұрсын деген жазу бар. Кабинетімізге келген адам таңырқап, «сіз Ахмет Байтұрсынның ұрпағысыз ба?» деген сұрақ қоятын. Тілеш ағам орындыққа сәл шалқайыңқырып, езуіне келген күлкіні жасырып, «иә» деп, көзәйнегін сүрткен болып, еңкейіп, кеңк-кеңк күліп отырады. Күліп отырғанын селкілдеп тұрған иығынан байқаймын. Талай адам «Орталықта» Ахмет Байтұрсынның ұрпағы істейтініне сеніп кетті.

Ол кездің лездеме жиындары да қызық болатын. Шалдар кейде жап-жақсы мақалаңнан жамбас сүйектен арам тамырды суырғандай бір сөйлемді тартып алып шығар еді. Сол сөйлем сені жиналысқа салынған Қожаның қалыбына түсіреді.

Үнсіз жүріп, зілді қалжыңмен қойып қалатын, ел жүрген соқпақпен жүрмейтін Серік Сексен ағамыз кей мәселеге келгенде өзі жалғыз басшылық пен ұжымға қасқайып қарсы тұратын жекебатыр еді.

Сүйіндік Жанысбай ағамыз газетке шыққан әр мақаланы лупамен оқып, үтірнүктенің, бастауыш пен баяндауыштың өз орнында тұрмаған жерлерін қызылмен сызып алып келетін. Келетін де лездемеде ет турағандай бипаздап, асықпай сөйлеп, бетімізді қызартар еді.

Сақ-сақ күліп, Сырдың суы сирағынан келмейтіндей жарқылдап жүретін, жаны ақ парақтай тап-таза Аман Жанғожин ағамыз ақ күміс шашын салалап, «мына жастар» деп бізге өнегесін айтатын. Бұ кісіні ұжым болып «тірі энциклопедия» атайтын. Білмегеніңді сұрасаң лезде тауып береді, тауып бере алмаса өз жұмысын ысырып қойып, архив ақтарып кететін.

«Фотоэтюд жасаймын, ана қайыңның түбіне тұра қалшы» деп қыз-жігіттерді қолқалап, Жұмабек Иманәлі ағамыз жүретін.

«Флешкаларың вирусқа толы, орталық компьютерге салмаңдар» деп, ұясын қорғаған торғайдай шырылдап, Марал Әйнекова апамыз компьютерге маңайлатпайды.

Бәріміз бір үйдің адамындай едік. Бұл күнде бәрі жып-жылы естелік.

Біздің шалдардың көбі құрдас екен. Бірінен кейін бірі зейнетке шығып, кетіп жатты. Түстік үстінде үшеуміз қызылкеңірдек болып дауласатын жекеменшік шалдарым, кадр бөлімінің басшысы Әлкен Мұхтар мен заңгер Сәлижан Садық ағаларым да зейнетке шықты. Маған «Орталық» осы құраммен, мейірбан ақсақалдарымен ыстық. Олар зейнетке кеткесін мен де өз еркіммен жұмыстан кеттім. Бірақ, Мағауия Сембайдың «бұқа-тайыншалары» атанған Жанкелді Қаржан екеуіміз сөйлесе қалсақ, сол кездерге сапарлап, ағаларымызды сағына еске аламыз. Еңбек жолымызды бастаған «Орталықты» сағынамыз.

Туған күнің құтты болсын, менің жып-жылы естеліктерімнің, мейірбанды шалдарымның иісі мен сиясы сіңген қадірменді «Орталық Қазақстан»!

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ,

«Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы.

Басқа материалдар

Back to top button