Руханият

Бақыттың кілті – бірлікте

«Бақыттың ішіне бәрі сияды» деп тілек айтамыз. Бақыт деген не өзі? Оған қалай жетуге болады? Адамзат жаралғалы бері талай дүлдүл ақындар мен ғұлама ғалымдар осы сұрақтарға жауап іздеп келеді. Бірі бақыт – балалық шақ десе, енді бірі бақыт – амандық дейді. Жөн-ақ. Бұлардың ешқайсысын теріске шығарар ой жоқ. Өйткені, бақытты әркім әр түрлі елестетіп, оған апарар жолды өзінше іздейді.

Адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың еңбектеріне үңілсек, білім дейтін түпсіз мұхиттың бетінде қалқып жүргенімізді сеземіз. Бала күнінен-ақ, білім-ғылымға құштар болған ол, бүкіл саналы ғұмырын осы жолға арнаған. Ізгілік атаулыда ұлт болмайтынын ерте аңғарып, ғылымның көптеген саласында 200-ге жуық трактат жазғаны аян. «Тіл білген – ел біледі» демекші, 70-тен астам тілді меңгеруі де ғылымға деген шексіз махаббатын көрсетсе керек.

Ол адамзат баласын бақытқа апаратын жолды да өзінше іздеп, ол туралы трактат жазды. Фарабидің шығармалары ғылыми тілде жазылған. Сондықтан, күрделілеу тұстары болуы мүмкін. Түсінуге ыңғайлы жерлерінен үзінді келтіреміз.

Қолымызда 2018 жылы жарық көрген «Қайырымды қала», атты әлеуметтік-этикалық трактаттар кітабы. 930 беттен тұратын осы дүниені толық оқып, бойына сіңірген адам өміріне жететін білім жинары анық.

«Бақыт жолын сілтеу» атты көлемді трактатында «Жетілушіліктің кез келгені адам талпынатын мақсат, өйткені жетілу дегеннің өзі бір игілік және оның өзі, күмән жоқ, адамның қалауы. Адам талпынатын қалаулы игілік ретінде мақсаттардың саны көп болғандықтан, бақыт солардың ішіндегі ең пайдалысы болып табылады» дейді ғұлама.

Байқасақ, ол «бақыт» деп мұнда бір рахат өмірді айтып отырған жоқ. Керісінше, адам баласын өмір сүруге жетелейтін, адам талпынатын қалаулы игіліктің ең маңыздысы деп отыр. Жетілуге, кемелденуге шақырып отыр. Шындығында «бақыт» деп қазіргі біздің айтып, армандап жүрген «жұмақты» меңзеп отыр ма деген де ой келеді кейде…

Енді ғұламаның бақытқа жету жолдары жайлы айтқанына зер салайық:

«Адам өзінің барлық әрекетінде тамаша әрекетті қалайтын болса, сонда ғана ол бақытқа жетеді. Дәл осы шартқа жанның да тамаша аффектілері сәйкес келетіндей болуға тиіс» дейді. Аңғаруымызша, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адам өмірі оның ойымен тығыз байланысты. Не ойлап, нені шын қаласа, сол жүзеге асады» деген мағынада айтылған сөзімен мәндес болып тұр. Яғни, ішкі ой-арманын тынымсыз еңбекке ұштастыру. «Адам алдын ала даярланып, жасанды жолмен жасаған ақыл-парасат арқылы бақытқа жете алмайды, егер ол нені және қалай ажыратуды біліп отырса, бірақ бұл сана барлық жағдайда және барлық кезде бола бермесе, онда ол бақытқа жете алмайды. Нені және қалай ажырататынын ол өзінің бүкіл өмірі бойында біліп отыратын ақыл, парасаттың тұсында ғана адам бақытқа жетеді» дейді әл-Фараби.

Мұнда жасандылықтан ада және өмірлік ұстанымы мен мақсатынан өмір бойы айнымай, сол үшін күресетін адам ғана бақытқа жететінін айтып отыр. Адам мінезінің үнемі біркелкі болуы керектігін алға тартады. Бұл ойларды Абай шығармаларынан да кездестіреміз. Адам қатты күлмеуі, дабырлап сөйлемеуі, ашуға бой алдырмауы, қайғыға салынбауы және барлық уақытта шектен аспай, ізденістен таймай, бабында жүруі керектігін айтқаны сөзсіз. Яғни, көркем мінезді болсаң шын бақыттан жалған бақытты айыра аласың деген сөз.

Әлемдік ақыл-ойдың шыңына шығып, кемелдікке жеткен ол, оқудың инемен құдық қазғандай екенін дәлелдеді. Аристотельдің жан туралы еңбегін 100 рет, риторикасын 200 мәрте оқыпты. Ыждаһаттылығының арқасында адамзат баласына ғаламның көп құпиясының құлпын ашып бергені анық.

Осылайша, өзі шынайы бақытқа жетті. Оның сол мәңгілік бақытын жете түсініп, бойымызға сіңіру, өскелең ұрпаққа үйрету – парыз. Оның қажыр-қайраты мен еңбексүйгіштігін басты бағыт етіп ұстасақ адаспаймыз.

«Әл-Фарабидің ғылыми қызметі орта ғасырлардағы араб-мұсылман мәдениетінің гүлдену дәуіріне, яғни, X ғасырлардағы мұсылман ренесансы дәуіріне сәйкес келеді» дейді ғалымдар.

Фарабитанушылардың пікірінше, оның философиялық еңбектерінде саясат, дін, бақыт үшеуінің терең қатынасына аса мән берілген. Орта ғасырларда мәдениеті мен ғылымы құлдырап, тоқырауға ұшыраған Батыс елдері, Аристотель, Платон секілді грек ойшылдарын әл-Фарабидің түсіндірме жазбалары арқылы оқып, қайта кемеліне келгенін тарих ұмытпайды. Осылайша, Фараби бабамыз Шығыс пен Батыс арасына алтын көпір салды. Даму мен гүлденудің жаңа дәуірін бастап берді. Ал, бүгінгі мұсылман елдері мен Батыстың арасындағы текетіресті көріп, көңілің құлазиды…

Әл-Фараби түркілік таным һәм араб тілі арқылы Аристотельдің шығармаларын, жаңаша көзқараспен қайта жазып, Шығысқа жеткізді. Батыс ғалымдары да оның еңбектеріне сүйеніп, көзқарасын өзгертті, дами түсті. Бұл адамзат тарихындағы үлкен оқиға еді. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұстанымының да Фараби идеяларымен ұштасып жатқанын көреміз.

Сонымен қатар, ғұлама «қаланың тұрғындары бақытты болуы үшін, қаланың басшысы – білімді, адал, бірегей өмірлік мұраты бар тұлға болуы керек» дегенді алға тартады. Бұл жерде «қала» деп мемлекетті назарда ұстаған сыңайлы.

Қаланы әр мүшесі үйлесімді жұмыс жасайтын адам ағзасына теңейді. Бақыт пен кемелдікке жету үшін ынтымақтасу мен бірігуге үндейді. Жеке адамның бақыты – қоғаммен бірге екенін айтады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі әл-Фарабидің өміршең идеяларын басты бағдар етіп алатын көрінеді. Демек, түркі жұртынан, Отырардан қанат қаққан бабамыздың идеясы әлемдік, адамзаттық дамуға темірқазық болып отыр деген сөз.

Ол «Тек бірігіп, бірлесіп қана адамдар бақытқа жетеді. Бір-біріне көмектесетін көптеген адамдар арқылы адам өз табиғаты бойынша кемелдікке қол жеткізе алады» деп, адамзат баласын ұлты мен дініне қарамай бақытты өмір сүруге шақырды. Ол үшін көркем мінезді болуға, бірігуге үндеді.

Демек, бүгінгі еліміздегі бір шаңырақ астында бейбіт ғұмыр кешіп жатқан халқымыз баба амантына адал. Ендеше, әл-Фарабидің бірнеше ғасыр бұрын жазылған жауһар туындылары арқылы рухымызды қайта жаңғыртып, «Мәңгілік Ел» болу жолында бірігіп, шынайы бақытқа, кемелдікке жетейік!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button