Руханият

Мәңгі шырақ

«…Кәпіш, азан шақырып қойған аты – Кәпия анам аузынан дұғасы түспеген, ораза ұстап, намазын қаза жібермеген Алланың пендесі, пірәдар еді. Бұл өмірден ерте кетті. «Неге?» деп осы күнге дейін ой кешем. Жауабын таппадым. Не десек те, Алланың жазуынан пенде аса ма?»

Мағауия СЕМБАЙ.

МЕНІҢ МЕКТЕБІМ

Жалпы, естелік жазу – ең ауыр дүние. Өйткені, естеліктің ішінде өзің жүресің. Кейде кейіпкерінен «озып» кететін жазармандар бар бізде, өкінішке орай. Дәл осы үрдіске ұстазым, қабырғалы қаламгер, қажырлы қайраткер Мағауия Сланбекұлының жаны қас еді. Өзінің ұстазы Шерағаң (Шерхан Мұртаза) өмірден озғанда жазған азанамасында: «Өтті. Кім?! Қазақтың Шертолғауы. Тұла бойы – шер. Көрдім, көзім жетіп, көңілім толған соң айтам да. Ешкімге кеудесін бастырмай, алдына келгенге ақырып, артынан келгенді жапырған тұлға еді. Қайран Шераға… Қазір бəрі жабылып, Сіз туралы естелік жазады. Сізді емес, өздерін көрсету үшін» деп қайырғаны бар. Осы бір он сөйлем жадымда жатталып қалған екен, кібіртіктедім де қалдым. Әшейінде қамшы тигізбейтін қаламым жорғасынан жаңылып, қазыққа маталған қазанаттай жер тарпыды да қалды.

Бәрібір, жазуым керек! Соңғы он жылда Мағаш ағам не көрді – мен де соны көрдім. Не берді – соны алдым. Егер, көздеріңізге тау етегінен тостағандай төбешік шалынып жатса, айыпқа бұйырмай, түсіністікпен қабылдаңыздар. Мен Мағаш ағаның оқтаулы қалған ақ мылтығы едім. Ал, кеттім.

…Біздің буын мектепте он жыл оқыды. Ешкімнен кем болмадық. Оқыған-тоқығанымызды кәдеге жаратып, ұлы көшке ілестік. Елдің алды болмасақ та, соңында қалмадық.

Он жыл. Уақыт. Өлшем. Өмір. Балалық болып балбыраған он жылдың өзінде өлшем бар. Әйтпесе, балалықтың ауылынан алшақ кетуге кім құмартады?! Одан кейін де жастықтың жалынына шарпылып, жалаңаяқ жар кешіп біраз жүрдік. Өмірдің өз мектебі басталады сосын. Есейіп, ес жидым дегеніңмен, тағдырың таңдау еркіңді өзіңе қашан беріп еді? Түскен ортаң, қоршаған айналаң «Айналайын!» деп тұрса, қане?! Мені Алла алқаған екен. Мағаш ағамның жайдарылығын жайлау, қанатын қамал қылдым. Бұл да – жалғанның жарты бақыты. Жалпы, мен – ұстазға жарыған шәкіртпін. Сайлаухан Нәкенов, Базарбай Әлеуханұлы, Кенжебай Ахметов… Соңғы он жылым Мағаш ағамен бірге өтті. «Мен «Орталыққа» қызметке емес, мектепке келген екенмін» деп едім бір отырыста. Сол айтқаным – айтқан. Қайтадан мектеп көрдім. Жалғыз мені емес, «Орталықтың» ордасына имене қадам басқан талай жастарды қанатының астына алып, кеңдігімен кемелдендірді. Арқа журналистикасына инвестиция құйды. Ол инвестиция – бүгінгі қазақ баспасөзінің сөгілуге шақ қалған қабырғасына керіш-керіш тас қалаған шәкірттері. Олар – бүгінде іргелі холдинг тізгінін ұстап отырған Қамбар Ахмет, «Егеменде» жүрген егіздей Мирас пен Рауан. Олар – «Орталықтағы» Нұрқанат пен Қызғалдақ, Салтанат пен Жансая, Жәнібек пен Қасымхан, Аяулым мен Жәлел, Балқаштағы Қуаныш пен Нұрдос. Осынша жасты өнегесімен өрісті етіп, ұлағатымен ұшпаққа шығарды. Жершілдік, рушылдық дегенді білмейтін басшыңның болғанынан артық байлық бола ма?

Бірде Мағаш ағам мұңға белшесінен батып отырып:

– Мені жанымдағы «жанашырларым» шатастыра жаздады. Таланттысы бар, кемталанты бар, бір құлаш тізім жасап әкеліп, «осыларға жағдай жасап, осыларға қызмет беру керек» дегені. Қарасам, түгел өзімнің Қаракесектерім. Тіксініп қалдым. Содан кейін түпкі шешімді өзім қабылдауға көштім, – деді. Сөйтті де, бәрімізді бауырына тартты. Не керек, бір өзі бір мектепке айналды. Өзінің ұстаздары – Рамазан Сағымбеков, Шерхан Мұртаза, Рымқұл Сүлейменов, Нұрмахан Оразбеков… Осынау қалам қайраткерлерінен сіңіргенін бізге беріп үлгерді. Қос дәуірдің арасын жалғаған алтын көпір!

Менің мектебім – Мағауия мектебі! Соңғы он жылым текке өткен жоқ.

МАҒАУИННІҢ МАҒАШЫ

Мен жазғанға дейін мойындалған талант қой менің Мағаш ағам. Тіпті, қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Мұхтар Мағауин мойындаған. Иә, Мұхаңдай мұхиттың толқыны болып толқи білген Мағашы ғой. Қара танып, сөз ұғатын адамның Мағауинді мойындамауы мүмкін емес. Сол сияқты, Мұхаңның да әлдекімді мойындай қоюуы қиын-ау. Мағаш көкем Мұхтар ағасын көптің бірі болып мойындаса, Мұхаң Мағауия Сембай сынды сөз сардарын салмақпен мойындады. Әйтпесе, рухани бауырының 60 жасқа толған мерейтойында «…Өткен алпыс жылдың қырық жылы қаламгерлік қызметке арналыпты. Жемісті, игілікті жылдар. Адал қызмет атқардың, атаққа, мәртебеге жетіп, халқыңа танылдың, қазақ журналистерінің алдыңғы қатарына шықтың. Ал, соңғы жылдары әдебиетші ретінде, прозашы ретінде сәтті қадамдар жасапсың. Ең бастысы – қашанда адамдық бейнең айқын, азаматтық тұрғың тиянақты болды. Осы қалыбыңнан айнымасың анық» деп ағынан жарыла ма?

«Мен – мықтымын» дегеннің өзіне етене жақын жүрмек былай тұрсын, маңайынан жүруге жүрексінетін Мағауиннен сұхбат алып, қаламгерін іздеген қалың жұртқа сырын ашқан кім? Ол – Мағаш аға! Шығармаларын жарияламақ былай тұрсын, былайғы жұрт атын атауға именіп жүргенде, жазушының «Шыңғыс хан» романын «Орталыққа» үзбей жариялаған редактор кім? Ол да – Мағаш ағам! Ресми билік қырын қарап тұрған қаламгердің қадірін өз басын бәйгеге тіге тұрып, дәріптеген кім? Ол да – Мағаш ағам! Мұхаңның суретін мұқабаға басып тұрып, «Алаштың алдаспаны», «Құбылыс» деп аталатын қос кітап арнаған автор кім? Ол да – менің Мағаш ағам! Елден жырақ кеткен еңселі ағаны Еуропаға бірнеше мәрте іздеп барып, қойнына қымыз, қонышына қазы тығып апарған кім? Ол да – менің Мағаш ағам мен Мейраш жеңгем!

Жалпы, Мағаш ағамның шығармашылық шеберханасы туралы әңгіме – бөлек. Десек те, бір ғана «Орталықтың» сонау 1976 жылдан бергі тігіндісін ақтарып көріңіз… Сол жылдардың таптаурын дәстүрінен сырт айналып, қасаң стильге қаламын құрбан етпеген бір публицист болса, ол да – менің Мағаш көкем! Мағауинмен аралас-құралас бола бастаған жылдардан бергі жазбалары тіптен түрленді. Өзі: «Маған Мағауиннің рухы қонды» дейтінді масаттанып. Оны біз мойындадық.

Өйткені, ол – Мағауиннің Мағашы болу арқылы ұлттық деңгейге көтерілген суреткер!

ӨМІРДІҢ ӨЗ БАЛАСЫ

Мағауия Сембай – табаны күректей 43 жыл газеттің «отымен кіріп, күлімен шыққан» қаламгер. 22 жыл «Орталықтың» екі тізгін, бір шылбырын ұстады. Осы 22 жылдың соңғы 5-6 жылында ғана өндірте жазып, өрге көтерілді. Қалған уақыты үстінен жазылған арызға түсінік жазумен өтті десем, ешкім дау айта алмас.

Жазды. Қатарластары да, сапарластары да арыз жазды. Бір ғажабы, солардың бірін де қудалап, соңына шам алып түспеген екен. Барлығымен ойнап-күліп, түк болмағандай қатар жүргеніне өзіміз куә болдық. Таң қалдық.

Өзі де жазды. Арыз емес. Ой-тамызығын маздатып, тұлғаларды тұғырландырды. Қазақ қыраны Тоқтар ағасын көктен жерге түсірмеді. Онсыз да жердегі пенделерден шоқтығы биік тұратын сұңқар болмысты, тұлпар тұрпатты Ағасы жайлы құс жолына жазба қалдырды. Бір кездері біздің билік Тұңғыш ғарышкерінен де сырт айналған. Сол сәтте де Тоқаңның жанында Мағаш ағам жалғыз қалды.

Өмірдің өзін жазды. Көркем дүниелерінің өзінде бос қиял, қолдан жасалған сюжет болған жоқ. Шығармалары шынайылықпен шырайланды. Қысқа жазғанды ұнататын еді. Өмірі де қысқа болды.

Үш-ақ сөйлемнен тұратын «Ес» деген ой-тамызығында «Адам ессіз туады. Есі кіріп өледі. Осы екі ара қиын» дей салады. Қарапайым жазылғанмен, қарабайыр деп айтуға келе ме? Жоқ, әрине. Терең ой жатыр. Өз өмірі. Ессіз туып, есі кіргелі көрмегені жоқ. Кез келген ой-тамызығын алып қараңыз. Мұхтар ағасы айтқандай, «бір-бір әңгімеге жүк болар идея» бар.

Осылай жазбасына болмады. Өйткені, ол өмірдің өз баласы еді…

ЕГІЗ МҰҢ – ЕКІ МҰНАРА

Өткен жылдың қарашасы ызғарлы болып, биылғы жылдың қаңтары ақтүтек боранмен өтті. Қарашада Мағаш ағамыздан, қаңтарда Арқа әнінің ақтаңгері Мейірхан көкемнен көз жазып қалдық. Екі алыптың сыйластығы, бір-бірімен қалжыңы, «Бауырым!» деп елжіреп отыратыны, бәрі-бәрі естелікке айналды.

Мағаш ағаның қырқын өткізген соң, Жақан ағамды (Кемалов) ертіп алып, науқасы меңдеген Мекеңнің көңілін сұрай бардым. Жүдеп қалыпты. Жанарында мұң бар. Қазақ даласын дүбірге бөлеген әні шерге айналған. Қоштасарда қолын қысып тұрып: «Ағамды сағынғанда Сізді иіскеп тұрайын. Сіз аман болыңыз!» дедім. Жанарыма тұнған жасты Мекеңе көрсетпейін деп теріс айналдым. Ол да орамалын алды.

…Қазір жүрегімді езген егіз мұңды арқалап жүрмін. Екі мұнара алыстан мұнартады. Сағындым! Қайран, Ағаларым-ай!

♦ ♦ ♦

Менің тұла бойыма жігер, жүйкежұлыныма қан беріп, жүрегіме мейірім құйған осы екі ағам еді. Қазір, әлдекім қабырғамды қақырата сөгіп, жүрегімді жұлмалап кеткендей… Сарайым қаңырап қалған секілді.

Аллаға шүкір, артында асыл мұрасы, Мейраштай асыл жар, Аңсаған, Айдын, Айнұр есімді алтын асықтай ұл-қызы, немерелері қалды. Ең бастысы, өзі бөзге оранып кеткенімен, сөз мұнарасын тұрғызып, «Мағауия мектебін» қалдырды. Бірыңғай «ақмылтық» шәкірттері барда, сөз жүйесіз, «Орталықтай» қарашаңырақ киесіз қалмайды. Бірақ, тау тұлғалы Мағаш ағаны іздеп жүрміз…

Редакция дәлізіне Мағаш аға кіріп келе жатқанын жөткірінгенінен сезіп отырушы едік. Мына бір аты жаман індеттің салдарынан елдің көбі жөтеліп кетті ғой. Бірақ, бірінің де жөткірінгені Мағаш ағама ұқсамайды.

…2019 жыл. Қараша. Күздің қара суығына сол күнгі қар аралас жаңбырдың ызғары қосылған. Табиғат-Ана сүйікті ұлын егіле жоқтап тұр. Қаралы жұрт табыт арқалап зират басына жиналған. Табытта Мағаш аға емес, Арқа көсемсөзінің тұтас бір дәуірі жатыр. Құшағына дала сыйған кеңқолтық, дархан Аға жатыр. Тынышталған жомарт жүрек… Қаңтарылған қалам, жазылмаған кітап жатыр. Осының барлығын күрек ұстаған пенделер көмгелі тұр. Қабірге өзім түсіп, Ағамды мәңгілік мекеніне өз қолыммен жайғастырдым. Тәңірге табыстағалы тұрған тәніне ең соңғы қол тигізген – менмін. Әдетте, мәйіт мұздай суық болады деуші еді. Мағаш ағамның тәні жып-жылы. Сол жылу күні бүгінге дейін бойымда маздап, жүрегімді шуаққа бөлеп келеді… Жұтқыншағыма «Неге?» деген сұрақтың кептелгені болмаса…

Мағаш аға – менің мәңгі шырағым!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button