Руханият

Өзге тілде ойлау – қауіпті…

Қазір тіл мәселесіне қатты көңіл бөлінуде. Өйткені, тіл мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Бұған Ыбырай АЛТЫНСАРИННІҢ мына сөзі дәлел: «Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкин, қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық һәм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе».

Ендеше, бөтен тілдің сөзімен тілімізді былғамай, ұлт болашағын ойлайтын әр қазақ – тіл мәселесін өзінің отбасынан бастауы керек. «Отан – отбасынан басталады» демекші, ана тілі де отбасынан басталады дегенді айтқым келеді.

Әр ата-ана отбасында ана тілінде сөйлеп, бала бойына ана тілін сіңіріп тәрбиелесе, өз тілінің дәмін сезіп-біліп өскен бала ешқашан тілін шұбарландырып, опасыздық жасамас еді. «Ана тілін білмеген, анасын да сыйламас» деп бекер айтпаған.

Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті. Сондықтан, бала тәрбиелеуде тіл аса маңызды роль атқарады. «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» деп білуге тиіспіз. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Адамзаттың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал, тіл тозбайды.

Қазақ тілі – тек қазақ халқының ғана емес, мемлекеттің тілі. Ортақ тіліміз. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, әр азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті.

Асем АРИНОВА,

№18 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button