Руханият

Қарқаралы қыраны

“Жақсы інім, Нығметім қыран құсым,

Мәңгіге өлмеуі хақ ұранды ісің”

МӘДИ.

Иә, Қарқаралы – Алаш қозғалысының саяси бесігі. Алаштың алыптары, осы өңірдің тумалары Ә.Бөкейханның, Ж.Ақбаевтың, Ә.Ермековтің, ағартушы-ғалым А.Байтұрсынның ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси қызметі Қарқаралымен тығыз байланысты. Тәуелсіздіктің алтын таңы атқаннан бергі уақыт ішінде аяулы есімдері халқымен қайта қауышқан олардың өмірі мен қызметі туралы сүбелі тарихи еңбектер, құнды зерттеулер жазылды, шаңға көмілген парақтар аршылып, отандық тарихтың төрінен орын алды.

Десек те, шежірелі тарихтың тарамдалған тармақтары бүккен сыр аз емес. Бүгінгі әңгіме сол Алаш қайраткерлерінің ісін жалғастырушы – Әлиханның ізі, Әлімханның інісі, Ақбайдың Жақыбының тынысы, жұрт Ахаң деп құрметтеген ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынның шәкірті, Сәкеннің сырласы, Мағжанның мұңдасы, Смағұл Сәдуақасовтың досы, Әуезовке қамқор, Аймауытовқа қорған болған, туғанына биыл 125 жыл толып отырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов жайында болмақ.

Большевиктік билік Алашорданы күшпен таратып, Алаш зиялылары саясат сахнасынан тайдырылған соң, олардың идеялары мен мақсаттарын 1922-1929 жылдары Қазақстанның Жоғарғы сотының негізін қалаушы һәм тұңғыш төрағасы, Әділет халық комиссары және Республика прокуроры, Қазақ үкіметінің төрағасы қызметтерін атқарған Н.Нұрмақов жалғастырды. Ұлтжанды қайраткерлер Н.Нұрмақов, С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев, Ж.Сұлтанбеков, С.Қожанов, Ы.Мұстамбаев сынды сол кездегі республика басшылары Қазақ өлкелік комитетінің жауапты хатшысы Ф.Голощекиннің жүргізген солақай саясаты мен реформаларына қарсы тегеурінді оппозиция болды. Бұл – бір мақаланың шеңберіне сыймайтын, тамыры мұрағат қойнауына кеткен, бірнеше тараулардан тұратын үлкен тарих. Ол туралы ғалымдар жазды, жазыла да бермек.

1931-1937 жылдары Н.Нұрмақов Мәскеуде РКФСР Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің (БОАК) Президиумы жанындағы Ұлттар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Оның Кремльдің мінберінен Қазақстанның экономикалық, мәдени-шаруашылық дамуына қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаған кездері аз болған жоқ.

Ұзақ жылдар «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болған ғалым Рамазан Сағымбеков ағамыз Н.Нұрмақовтың Мәскеудегі қызметі кезінде Орталықтың алдында Қарқаралы округінің басшысы А.Асылбековтің есебін тыңдатып, шешім қабылдаттырып, Қарқаралының әлеуметтік-экономикалық дамуына көмектескені, қаладағы №1 қазақ мектебі болған ғимараттың Н.Нұрмақовтың көмегімен жоғары қарқынмен, өте сапалы салынғандығын жазып, мұны әрі қарай зерттеуді аманат еткен еді.

БОАК Президиумының Ұлттар бөлімі қызметкерлерінің 1935 жылға арналған іссапарлар жоспарына зер салайық. Тізімнің басында Нұрмақовтың өзі тұр. Ұлттар бөлімінің меңгерушісі 1935 жылы 3-16 сәуірде Дағыстан АКСР-іне (13 күн), 1-23 шілде (23 күн) және 18 қазан – 3 қараша аралығында (16 күн) Қазақстанға баруды жоспарлапты. Одан кейін БОАК Президиумының нұсқаушылары Кушаев, Елбаев, Селиванов, Сухов, Самигуллин, Варламов, және тағы басқалардың іссапар жоспары белгіленіпті. Еске сала кетейік, Нұрмақовтың 1935 жылы қазан айындағы іссапары Қазақстанның Кеңестік Автономия алуының 15 жылдығына орай БОАК төрағасы М.Калинин екеуінің Қазақстанға келуіне байланысты болды.

Нұсқаушылардың ішінде Кушаевтың жұмыс жоспарына келейік: Қарашай автономиялық облысында – 7–19 сәуір (12 күн), Қазақ АКСР-інде – 19 мамырдан 9 шілдеге дейін (51 күн), Қалмақ АКСР-де – 2 қыркүйек – 10 қазан арасында (30 күн), Якут АКСР-інде 30 қазаннан 31 желтоқсанға дейін (61 күн) – барлығы 1935 жылдың 154 күні іссапарға арналыпты.

Мынаған назар аударған жөн: Қазақстанға іссапар Кушаевқа жоспар бойынша бекітіліп («прикрепленная территория», «по плану» деп жазылған – авт.), келесі тапсырмалар жүктелген: Қарқаралы округтік кеңесінің округтің шаруашылық және мәдени құрылысын дамытудағы жұмыстарын тексеру. Қалған Қарашай автономиялық облысының, Қалмақ АКСР-нің, Якут АКСР-нің тұстарына іссапар «жоспардан тыс», «бекітілмеген территория» деп көрсетілгеніне қарағанда Нұрмақов Қарқаралы округін тексеруді Ұлттар бөлімінің 1935 жылғы жұмыс жоспарына мақсатты түрде енгізіп, бекіткені күмән тудырмайды.

1928 жылы құрылған Қарқаралы округі 1930 жылы таратылып, 1934-1936 жылдары бұл мәртебе қайта берілді. КСРО үкіметінің қаулысымен 1934 жылы 4 шілдеде құрылған Қарқаралы округінің құрамына Қарқаралы, Баянауыл, Жаңаарқа, Қоңырат, Қу және Шет аудандары кірді. Нұрмақовтың округтің шаруашылық-экономикалық және әлеуметтік жағдайын арнайы үкіметтік деңгейде тексеру қажеттігін қоюы келесі мақсатты көздеді: жоспарланған шара болғаннан кейін оның нәтижесі БОАК Президиумы отырысының күн тәртібіне қойылады, жетістіктері мен кемшіліктері талданып, оларды жоюдың жолдары белгіленеді, ол үшін мемлекет арнайы қаржы бөледі, материалдық жәрдем көрсетеді, жаңа шаруашылық нысандарды салу жоспарға енгізіледі, тағысын тағы.

Нұрмақов РКФСР-дың ұлттық-әкімшілік аймақтарын қызметтік сапармен көп аралады. Жасыратыны жоқ, іргедегі қырғыздар мен өзбектер, түркімен-тәжіктер және Сахалин, Қиыр Солтүстік секілді климаты қатаң аймақтар болмаса Ресейдің орталық аудандарындағы, Мәскеу төңірегіндегі, одан бергі Еділ бойы немістерінің, Қырымдағы қала, елді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі Қазақстанның губерниялары мен аудардарына қарағанда едәуір алда болды. Осының бәрін көріп-білген Нұрмақовқа туған елінің артта қалғаны қатты батты. Қазақстанның шалғай аудандарының, қазақ ауылдарының да осылай дамуын, олардың да техника мен мәдениеттің жетістіктерін көріп, игеріп тұрмыста пайдалануын, оқу мен мәдениетті үйреніп, басқа ұлттардан кем болмауын армандады. «Қамқорлық жасасам, көмектессем, жанашыр болсам» деген ой көкейінен бір сәт кетпей әрдайым оны мазалап, толғандырып жүрді.

Екінші жағынан Нұрмақов 1934 жылдан БОАК Президиумы Есеп-ақпарат бөлімінің меңгерушілігін де қатар алып жүргендіктен, шалғайдағы округке, ондағы басшы азаматтарға құжаттардың, іс-қағаздары мен хаттамалардың үлгілерін беріп, арнайы нұсқаушы бөліп ұйымдастыру, есеп-ақпараттық жағынан көмек көрсетуді көздеді. Жұмысты қазақ тілін түсінетін тәжірибелі қызметкер Кушаевқа тапсырды.

Хафиз Кушаев – 1888 жылы туған, ұлты башқұрт, мемлекет және қоғам қайраткері, 1922- 1929 жылдары Башқұрт АКСР-і Орталық Атқару комитетінің төрағасы, 1929-1937 жылдары КСРО Орталық Атқару комитетінде және БОАК Президиумының нұсқаушысы қызметтерін атқарды. 1937 жылы ұлтшылдыққа айыпталып, сол жылы 27 қыркүйекте атылған. 1957 жылы 30 шілдеде ақталған.

Х.Кушаевты Қарқаралы округтік атқару комитетінің төрағасы Абдолла Асылбеков жылы қабылдады. Қазақстан басшылығында бірге қызмет еткен, ежелден дос, ой-көзқарастары бір Нұрмақовтың тапсырмасы әрі келісілген шаруа болғандықтан, Орталықтың өкілінің өнімді жұмыс жасауына қолдан келгенше жәрдем көрсетілді: 10 адам кеңестік белсенді қызметке тартылды, одан бөлек округтік атқару комитетінен 4 бригада ұйымдастырылды. 2 ауданның, 4 ауылдық кеңестің жұмыстары тексерілді, оларға нұсқау, кеңестер берілді, тұрғындармен кездесіп, шаруашылық жайы әңгіме болды, халықтың талап-тілектері, мұң-мұқтажы тыңдалды.

1935 жылы 27 маусымда Қарқаралы округтік атқару комитетінде қорытынды жиын өтті. Сөйтіп, іс-сапарын аяқтаған Кушаев 1935 жылы 9 шілдеде Мәскеуге оралды. 1935 жылы 20 тамызда М.Калинин төрағалық еткен БОАК Президиумының отырысында Қазақ АКСР-і Қарқаралы округінің кеңестік, шаруашылық және мәдени құрылысы туралы мәселе қаралды. Тәртіп бойынша іссапарда болған нұсқаушы жұмыстың қорытындысы туралы баяндама жасап, бұған қосымша тексеру жүргізілген аудан немесе облыстың атқару комитетінің төрағалары есеп беретін. Сондықтан, Кушаевтан кейін есепті Қарқаралы округтік атқару комитетінің төрағасы А.Асылбеков жасауы тиіс болды. Мұрағат құжаттарынан білгеніміз, бәлкім, басқару және маусымдық жұмыстардың қарбаластығынан болар А.Асылбеков Мәскеуге бармаған, БОАК Президиумының отырысына қатыспаған, нақты себебін анықтай алмадық. Отырыста А.Асылбековтің дайындаған есебін баяндаған Н. Нұрмақов болды.

Сонымен, Қарқаралы округінде барлығы 60 мың адам бар. Халық отырықшылыққа көшкен. Негізгі айналысатыны мал шаруашылығы, сондай-ақ, егіншілік дамып келеді. Соңғы екі жылда округтегі мал саны үш жарым есе артқан. Егіс алқаптары 1933 жылғы 39 000 гектардан 1935 жылы 52 000 гектарға ұлғайған. Алғашқы машина-трактор станциясы құрылған. Мәденитұрмыстық, медициналық мекемелер жетіспейді, ауылдарда мүлде жоқтың қасы. Тұрғындар арасында, әсіресе 12-13 жастағы балаларда туберкулез ауруы кең тараған.

БОАК төрағасы М.Калинин жағдайға қатты абыржып, өзінше себептерін ашуға тырысты. Оның ойынша, бұрын далада, таза ауада еркін көшіп жүрген халық отырықшылыққа көндіге алмай тұр. Аурудың шығу, көбею себебі де осыдан. Оларда бұрын ет тағамдары көп болған еді, соған үйренгендіктен, яғни, ендігі тамақтанудың нашарлығынан дей келе М.Калинин Кушаевтың баяндамасына қанағаттанбаушылық білдірді. «Халықтың отырықшы өмірге бейімделуі қалай, олардың денсаулығына қалай әсер етіп отыр? Егіншілікке қалай үйренуде, бұрын айналыспаған еңбектің бұл түріне шамалары келе ме? Олар неге ауырады, не ойлайды? Жалпы халықтың көңіл-күйі қалай? Баспаналары бар ма? Қайда тұрады? Міне осының бәрін көзбен көріп, көпті көрген қарттардан, ақсақалдардан сұрау керек еді» деді.

Кушаев болса олардың көш кезінде жағдайларының нашарлағанын айтқанын, көңіл-күйлері жақсы екенін, бұрын киіз үйде тұрғандықтан жабық үй-жайларда өмір сүре алатынын жеткізді. Ауырған адамдарды емдеу үшін қымыз шипажайын ашу керектігін айтты.

М.Калинин бұған келіспейтінін білдірді. «Шипажай аштық дейік, онда 50-60, ең көбі 100 адамды ғана емдей аласыз. Оның өзінде алдымен бастықтар барады. Ал қалған халық не істемек? Бұл жерде тек бір ғана жол бар, ол – әр отбасына бие, сиыр ұстау, ет-сүт тағамдарын көп қолдану керек» деді.

1935 жылы 1 қыркүйектегі БОАК Президиумының отырысы мұның алдында қаралған Қарқаралы округінің шаруашылық және мәдени құрылысы туралы мәселе бойынша қаулының жобасын жасауды Нұрмақовқа жүктеді.

Қолымыздағы БОАК Президиумының Қазақ АКСР-і Қарқаралы округінің кеңестік, шаруашылық және мәдени құрылысы туралы 5 парақтан тұратын қаулысының сол жақ жоғарғы шетіне Нұрмақов қол қойып, оң жағында «жоба» деп көрсетілген. Он бір пунктен тұратын құжаттың негізгі мазмұны мынадай:

1) Қарқаралы округтік атқару комитетіне келесі тапсырмаларды жүктеу: колхоздарды нығайту, мал тұқымын жақсарту, оның өнімділігін арттыру, жылқы, түйе санын өсіру, зоотехникалық қызметті, малшылардың материалдық-тұрмыстық жағдайын көтеру; 2) РКФСР Жергілікті өнеркәсіп халық комиссариаты мен Қазақстан үкіметіне Қарқаралыдағы диірмен құрылысын аяқтауға қаржы бөлуді тапсыру; 3) КСРО Байланыс халық комиссариатына Қарқаралы – Шет – Жаңаарқа, Қарқаралы – Ақтоғай, Баянауыл – Қарқаралы телефон байланысын орнатуды, 4 радиостанцияны жабдықтауды, почта таситын 4 автокөлік бөлуді жүктеу; 4) РКФСР Халком Кеңесіне 1935 жылы Қарқаралыдағы электр станциясының құрылысына 40 мың, монша салуға 50 мың, барлығы 90 мың сом ақша бөлуді, округтік атқару комитетіне ағымдағы жылы 1 жеңіл, 1 жүк машинасын бөлуді және 1936 жылы қосымша 2 жеңіл, 3 жүк машинасын беруді міндеттеу; 5) РКФСР Коммуналдық шаруашылық халкоматына 1936 жылдың бақылау сандарында Қарқаралы қаласына үш-төрт пәтерлі тұрғын үй салуға және қаланы көріктендіруге 200 мың сом бөлуді тапсыру; 6) РКФСР мен Қазақстанның Ағарту халық комиссариаттарына 1936 жылы Қарқаралыда жанында 250 орындық интернаты бар 1 орта мектеп салу және округтегі аудан орталықтарында 60 орындық интернаты бар 2 мектеп, 1936 жылы 1 аудандық мәдениет үйін, 75 орындық 1 балабақша салуды тапсыру; 7) РКФСР Денсаулық сақтау халық комиссариатына Қарқаралы округіне 1936 жылы медициналық отряд жіберу, оларды жылжымалы техникамен қамтамасыз етуді, 1935, 1936 жылы тұрақты жұмысқа 5 дәрігер жіберуді, округтің ауруханалары мен емханаларын медициналық дәрі-дәрмектер, құралдармен жабдықтауды міндеттеу; 8) РКФСР Ішкі сауда халық комиссариатына Қарқаралы округінің Нұра станциясында округке сауда, тауар тасымалдау базасын ұйымдастыру және осы мақсатқа 1935 жылы 5 автокөлік бөлуді жүктеу. Центрсоюзға ағымдағы жылдың ІV тоқсанына Қарқаралы округіне мануфактура тауарларын жеткізуді жүктеу.

Қаулыға қол қойғандар: БОАК Президиумының төрағасы М.Калинин, БОАК хатшысы А.Киселев. Мәскеу. Кремль. 1 қыркүйек 1935 жыл.

БОАК заң шығарушы орган болғандықтан, қаулыны орындайтын атқарушы билік – РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі болды. Енді, осы құзырлы органның БОАК-нің 1935 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысын қалай орындағанына назар аударайық.

1935 жыл, 5 қазан. РКФСР үкіметінің қосымша қорынан Қарқаралыдағы электр станциясының құрылысын аяқтауға 40 мың сом, монша салуға 50 мың сом, барлығы 90 мың сом бөлінсін. РКФСР Халком Кеңесі төрағасының орынбасары – Д.Лебедь.

1935 жыл. 29 қазан. Қарқаралы округіне ағымдағы жылдың ІV тоқсанына 1 жеңіл және 1 жүк автокөлік бөлінсін. РКФСР Халком Кеңесі төрағасының орынбасары – Д.Лебедь.

1935 жыл. 31 қазан. Қарқаралыдағы диірмен құрылысын аяқтауға қаржы бөлінсін. 1936 жылы округте екі шағын диірмен салуға 400 мың сом бөлінсін. РКФСР Жергілікті өнеркәсіп халкомының орынбасары – Богданов.

1936 жыл, 23 қаңтар. Бұл күні 1936 жылы Қарқаралы қаласында 280 орындық 1 мектеп құрылысын бастау және осы жылы аяқтап пайдалануға беру туралы РКФСР Халком Кеңесінің №31 қаулысы жарық көрді. Айта кетейік, «Орталық Қазақстан» газетінің биылғы жылғы 25 мамырдағы санында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нәзипа Асқарова «Қарқаралының қақ төріндегі 1937 жылы құрылысы бітіп, күзде пайдалануға берілген қосқабатты ақ мектеп Нығмет ағамыздың нұсқау-жобасымен салынған. Ол қаладағы ең сәулетті ғимарат ретінде әлі күнге дейін сақталып келеді» деп мақтанышпен атаған мектеп осы болатын. 1937 жылдан бертінге дейін мыңдаған шәкірттер ұшырған мектеп ғимаратында бүгінде Қарқаралы аудандық білім бөлімі және басқа да мекемелер орналасқан.

1936 жыл 4 ақпан. №85 қаулы. 1936 жылдың І тоқсанына Қазақстанға 24 жүк көлігі бөлінсін, оның 1-і Қарқаралы округіне берілсін. РКФСР Халком Кеңесінің төрағасы – Д.Сулимов.

Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер жүрді. 1936 жылы Қарқаралы округінде 3 акушерлік пункт, 3 перзентхана ашу туралы Қазақстан үкіметінің қаулысы шықты. РКФСР-дегі медицина институттарын 1935 жылы бітірген түлектерді бөлу кестесіне үңілсек, Қазақстанның ауылдық жерлеріне – 135, қалаларына – 45, барлығы – 180 дәрігер жіберілген екен. Олардың ішінде Қарқаралы округінің аудандары да бар. РКФСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының медицина институтын бітірген мамандарды бөлу туралы 1936 жылғы 3 шілдедегі шешімінде Омбы медицина институты емдеу факультетінің түлегі З.Сметанкина (балалар дәрігері), Ростов медицина институтын бітірген А.Зайцева – екеуі де Қарқаралы округіне жіберілгені, келіп жұмысқа кіріскендері көрсетілген. Бұл құжаттар РКФСР үкіметінің 1935-1936 жылдары қабылдаған қаулы-қарарларының жартысы ғана. Әрине, бұдан кейін де қаншама жарқын істер өмірге енді, қаншама мәдени-әлеуметтік нысандардың тұсауы кесілді.

Жалпы бұл сол уақыт үшін үлкен жетістік екенін айтқымыз келеді. Себебі 1930 жылдардан бастап халықаралық қатынастар шиеленісіп, жаңа соғыс қаупі айқын бола бастаған кезде Кеңес Одағы басты назарды ауыр өнеркәсіпке, индустрияландыруға бөлді. Ел қаражатының қомақты бөлігі соған жұмсалды. 1930-1937 жылдардағы РКФСР Халком Кеңесінің төрағасы Д. Сулимовтың сөзі қалыптасқан қаржылық қиындықтардан хабар береді. «Орталық Комитетте сұрақтарды Сталин тек өзі ғана шешеді, басқа кеңестік органдар билік жүргізу құқығынан айырылған. РКФСР Халком Кеңесі ештеңе шеше алмайды, қағазбасты кеңсе. Деревняда, мектептер мен денсаулық сақтау саласында жағдай ауыр, ал Орталық Комитет ақша бермейді, барлық қаржы индустрияландыруға бөлінуде» деп наразылық білдірген.

Әсіресе, автономиялық ұлт республикаларының құқықтары шектелді. Нұрмақов Ұлттар бөлімін басқарған жылдары мұндай әділетсіздіктерге жиі кездесті. Жоспарлаған шаруалардың қаражатқа байланысты аяқсыз қалған кездері болды. Біздің қолымызда Нұрмақовтың РКФСР құрамындағы автономиялық республикаларды Орталыққа қаржылық тәуелділіктен босату, қаржы мәселесін дербес шешуге құқықтар беру үшін 1936 жылы КСРО-ның жаңа Конституциясы қабылданғанда өзінің жобасын ұсынғаны туралы құжат бар.

Сайып келгенде, қабылданған шешімдер біртіндеп шындыққа айналып, халық оның жемісін көре бастады. Қарқаралының келбеті өзгерді, округ әлеуметтік-мәдени, экономикалық жағынан дами бастады. Мектеп, ауруханалар саны өсіп, білім беру, медициналық қызмет көрсету жақсарды, клуб үйлері, монша салынды. Мал басы көбейді. Арада екі жыл өткен соң мұның бәрі зиянкес «халық жауларының» ісі болып тәрк етілер деп кім ойлаған?

1937 жылы басталған жаппай саяси қуғын-сүргінге бірінші кезекте республиканың басшы-қызметкерлері мен зиялы қауымы ілікті. 1937 жылы 16-22 қарашада өткен «Қарағанды ісі» деп аталған ашық сот процесі Қарқаралы округінің, Қарағанды облысының бұрынғы және сол кездегі басшылары А.Асылбековті, М.Ғатауллинді, Н.Нұрсейітовті, А.Ізбасаровты, М.Ордабаевты, Ж.Баймолдинді және тағы басқаларын «1934 жылы ұйымдастырылған Қарқаралы округінде Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық, зиянкестік ұйым құрды, оларға Мәскеудегі Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, С.Қожановтар басшылық жасады» деп айыптады. Мәскеуде Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан мен Дағыстанда құрылған контрреволюциялық ұйымдарды біріктірген пантүріктік ұйымның орталығы жұмыс жасаған деп кезінде Кеңес Одағындағы ұлт республикаларының басшы қызметкерлері Н.Нұрмақов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Ф.Ходжаев, Г.Каркмасов, Халиков, Х.Кушаев, Таджиев айыпталды.

1937 жылы 19 шілдеде Мәскеуде Хафиз Кушаев тұтқындалды. Оған, Башқұртстанда Кеңес өкіметіне қарсы зиянкестік ұйым құрған, сонымен қатар Нұрмақовпен тығыз байланыста болған, одан контрреволюциялық күрес жүргізуге кеңес алып отырған, 1934 жылы Қазақстанға барғанда Ағарту халкомы Х.Нұрмұхамедовке, Қарқаралы округтік атқару комитетінің төрағасы А.Асылбековке, Қарқаралы округтік жоспарлау бөлімінің қызметкерлері Кикенов пен Таукинге, Семей қалалық кеңесінің төрағасы Байтіленовке, тағы басқа адамдарға Қазақстанның совхоз және колхоз құрылысына зиян келтіру жұмысын ұйымдастыру үшін көтерілісшілер ұяларын құру, Кеңес өкіметіне қарсы ұйымның жұмысын күшейту туралы Нұрмақовтың тапсырған нұсқауларын берді деген айып тағылды.

Толығырақ тергеу құжаттарына сүйенейік. 1937 жылы 16 тамызда КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік Бас басқармасының қызметкерлері Нұрмақов пен Кушаевтың арасында көзбе-көз беттестіру өткізген. Кушаевқа «Сіз Нұрмақовтың тапсырмасымен Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізгеніңізді мойындайсыз ба?» деген сұрақ қойылғанда «Иә, мойындаймын» деп жауап берген. Әрі қарай тергеушінің «Қандай жұмыс жүргізгеніңізді толық айтып беріңіз» дегеніне Кушаев Нұрмақовпен 1932 жылдан таныс екенін, өзінің Башқұртстандағы кеңеске қарсы ұйымның басшыларының бірі екенін білген соң Нұрмақовтың Кеңес өкіметіне қарсы қазақ ұйымының жұмысы бойынша тапсырмалар беріп, сол үшін өзін жиі Қазақстанға іссапарларға жібергенін, оның 1934 жылы өзінің кабинетінде кеңеске қарсы башқұрт ұйымы жағынан террорлық ұйым құру, БК(б)П ОК Саяси Бюросының мүшелеріне қарсы қастандық жасау туралы нұсқау бергенін, нұсқауды Нұрмақов оңшылдар Бухариннен, Рыковтан, Томскийден алғанын айтты деп жауап беріпті.

Осыған орай өзіне қойылған «Сіз Кушаевтың көрсетулерін растайсыз ба?» деген сұраққа Нұрмақов «Кушаев Хафиздің оған зиянкестік, көтерілісшілер қозғалысын ұйымдастыру туралы құқықтық нұсқауларды және БК(б)П ОК Саяси Бюросының мүшелеріне қарсы террорлық актілерді бергенім туралы көрсетуін растаймын» деп жауап беріпті. Жауап қалың, қою сиямен жазылып, қырынан сызылып қойылған.

Біз бұл құжат мазмұнының шындыққа сай келмейтінін, жалған екенін айтқымыз келеді. Әдетте, заң бойынша көзбе-көз беттестіру хаттамасына айыпталушылар өздерінің жауаптарын растап қолдарын қоюлары керек. Хаттаманың соңында «Хаттама біздің сөздерімізден жазылған, жеке оқыдық» деген жазу бар да, астыңғы жолға Нұрмақов, Кушаев деп аты-жөндері жазылған, бірақ қолдары қойылмаған, тұстарындағы «қолы» деген орын бос тұр. Одан кейін тергеушілер Гагкаев пен Меретуков қолдарын қойған.

Мынадай ой келеді. Екі арыс тергеушілердің қорлығы мен азабына қарамай жалған жаланы мойындарына алмай, қарсылық көрсетіп бас тартты ма екен? Әлде жазықсыз адамды жау етіп көрсету үшін неше түрлі қитұрқы, адам нанғысыз өтірік пен сұмдықты қиыннан қиыстырып құрастыруға шебер қанды қол жендеттер өздері құрастырған хаттамаға атынан ат үркетін 58-ші баптан аман қалмайтындарын білген соң өмірлері қыл үстінде тұрған Нұрмақов пен Кушаевтың қол қоюларын керек етпеді ме екен? Тіпті көзбе-көз беттестірудің болмауы да мүмкін. Бірақ, хаттама Нұрмақовтың тергеу ісіне тіркеліпті. Бұл ретте саяси қуғын-сүргін жылдары айыпталушының айыбын көбейту, қоюлату үшін жалған құжаттар жасау Кеңестік құқық қорғау органдары үшін «аса маңызды» тапсырма, қалыпты дағдыға айналғанын ескеру керек.

Зерттеуші Б.Қабдөшев Нұрмақов туралы өз зерттеуінде партия және кеңес қызметкері Ә.Досовтың 1937 жылы тұтқындалғанда тергеушілерге Мәскеуге іссапармен келген Қазақстан басшыларының қай-қайсы болсын Нұрмақовқа соқпай кетпейтінін, басқосуларда Қазақстанның жағдайы туралы қозғап, Нұрмақовтың оған қатысты мәселелерді шешуге көмектескенін, ұжымдастыру кезінде Ф.Голощекиннің өрескел қателерін айыптағанын, аштықтан халықты аман алып қалуға күш салғаны туралы айтқанын келтіреді.

Белгілі ғалым Т.Омарбеков Н.Нұрмақовтың М.Мырзағалиевпен бірге Голощекиндік саясатты айыптап, 1931 жылы Сталинге арызданып кіргені туралы Ф.Голощекиннің жазған дерегі бар екенін айтады. Біздіңше, үкімет басшылары бұған дер кезінде құлақ асып, шаралар жасағанда, бәлкім, қазақ халқын аштық апатынан аман алып қалуға болар ма еді?

Нұрмақов Қазақстаннан сыртта жүрсе де оның тағдырына, келешегіне қатты алаңдады, елімен, халқымен бірге болды, өз мүддесінен ұлтының мүддесін жоғары қойып, өмірінің соңына дейін сол үшін күресті. Кеңестік бақылау органдары мұны ұмыт қалдырмады. Нұрмақовтың Мәскеудің Қазақстанға жаңадан қоныс аудару саясатын жүргізуіне, байлар мен ауқаттыларды кәмпескелеуге қарсылықтары, ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру кезінде Қазақстан басшылығының қателерін ашық сынағаны құжат болып қатталып, 1937 жылы оны ұлтшылдыққа айыптауға негіз болды.

Н.Нұрмақов 1937 жылы 27 қыркүйекте Мәскеуде атылды. Дәл осы күні Ә.Бөкейхан мен Х.Кушаевқа КСРО Жоғарғы Сотының «атылсын» деген үкімі шықты. Тағылған айыптың негізінде олардың ұлттық мүддеге, халқына жасаған ұлтжанды қызметтері жатты.

«Атыңнан айналайын Қарқаралы…». Мәдидің асқақ әні! Әділдік пен теңдік үшін арпалысқан күрескер композитордың жан толғанысы, ішкі шері мен мұңы! Иә, солай. Бірақ, осылай толғану тек Мәдиге ғана тән бе еді? Бұл Мәдидің өзі сүйсініп «Тіліңнің балы тамған бұлбұл інім, Арналған елің үшін мол білімің» деп, келешегін жазбай танып бағалаған інісі, арманы мен мақсаты бір Нығмет Нұрмақовтың да туған еліне, жеріне деген махаббаты, сағынышы болатын. Елден жырақта үлкен лауазымда ұлтына, нәсіліне қарамай бәріне бірдей қызмет қылып жүргенімен жүрегінің түбінде туған Қазақстаны, оның кең байтақ даласы, қасиетті Қарқаралысы жатты. Қазақстанның әр шыққан биігіне бірге қуанып, бір сәт туған елін, жерін сағынып көңілін мұң шалғанда «Атыңнан айналайын Қарқаралым» деп сан рет айтқан шығар. Қанатының астына алып, реті келгенде қолындағы биліктің күшін пайдаланып маңызды қаулы-қарарлар шығартып, оны халықтың пайдасына шешіп беріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай құрақ ұшып қамқор болды, мұны өзінің перзенттік парызы санады.

Басқаша болуы мүмкін емес те еді. Балқантаудың бауырында Тәттімбеттің күйі тербеп, Қарқаралыда Алаш ағаларының тәлімін алған Нығмет Нұрмақов қазақтың сәулетті қалалары бар, оқыған даналары бар, ғылым мен техниканың жетістіктерін игерген білімді ұрпағы бар, өндірісі дүрілдеп, өрісі малға толған, ата кәсібін жоғалтпаған, дәстүр-салтын ұмытпаған «Саржайлаудың» көрінісіндей мамыражай, бейбіт, дәулетті, басқалармен терезесі тең, бақытты өмір сүруін арман етті.

Нығмет Нұрмақов туған халқының алдында парызын өтеп кеткен ұлт қайраткері. Ал, бүгінгі ұрпақтары – біздің баба алдындағы қарызымыз өтелді ме? Көрсетілген құрмет қандай? Қарқаралылық жерлестері бабаларының тойына қандай сый дайындап жатыр?

Өткен жылы Қарқаралыда Алаштың үш қайраткері Ә.Бөкейханға, Ә.Ермековке, А.Байтұрсынға ескерткіш қойылды. Осы игі дәстүр олардың ізбасары Н.Нұрмақовқа да көрсетіліп, жалғасын табуы қажет. Қарқаралы Н.Нұрмақовтың кіндік қаны тамған, білім алған, қоғамдық-саяси көзқарасы қалыптасқан жер. Қоғамдық-мемлекеттік қызметінің алғашқы кезеңі де Қарқаралыда басталған. Осыдан біраз жыл бұрын Нұрмақовқа ескерткіш қою үшін қор ашылды дегенді естіп қуанған едік. «Орталық Қазақстан» газетінің 2015 жылғы 28 мамырдағы санында қордың есеп-шоты да жарияланған болатын. Бүгінде сол қордың толатын уақыты жеткен сияқты. Егер де кем-кетігі болса ауданда Қарағайлы кен байыту комбинаты, Кентөбе сияқты өндіріс орындарын тарту қажет. Сондай-ақ, Нұрмақовтың туған ауылынан 40 шақырым жердегі Теректі ауылында «Қазақмыс» корпорациясына қарайтын мыс, алтын өндіретін кәсіпорын жұмыс істеп отыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл іске Қарқаралы ауданының экономикалық әлеуеті толық жетеді.

Алашына өлшеусіз еңбек сіңіріп, өшпес мұра қалдырған Нығмет Нұрмақов – болмысы бөлек, тұғырлы, кесек тұлға! Алаш аспанында еркін самғаған – Қарқаралы қыраны. Олай болса, Алаштың арда ұлына көрсетілер құрмет те ірі, сом, кесек, салмақты, тұғыры биік болуы қажет. Ол – ескерткіш!

Сәуле ҚАСЫМОВА,

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты. 

(Мақалада Ресей Федерациясы Мемлекеттік мұрағатының материалдары пайдаланылды).

Басқа материалдар

Back to top button