РуханиятТарих

Дала кемесіне кім бұйда тақты?

Тәңірі ғаламдарды қорығанда, Үлген мен Ерлік жарық пен түнекке әмір болғанда, Ұмай – тіршіліктің анасы еді. Бабасы Темір мен Қарақұс (Бүркіт) сынды қағандардан болған көшпенді түркілер табиғатпен үндесе өмір сүрді. Оны Еуразия кеңістігіндегі таңбалы суреттер растайды. Тіршілік философиясы жауыздықтан емес, әділдіктен қуат алған түркілер жылқыны алғаш болып ауыздықтады. Айыр өркешті жануарға алғаш болып бұйда таққан да, ұрпағына Бурахан, Ботагөз деп ат берген де адамзаттың осы нәсілі сияқты. Байырғы түріктердің зілдің (мамонттың) азу сүйегіне кертіп салған ұрыс буралары бізді осындай ойға жетелейді.

Сібірдің тоғыз айын тоң басқан орманды даласы, Алтын Алтайы мен Сібір Алатауы түркінің талай ғажабын бауырына жасырған. Олардың сыры ашылған сайын Түркі баласының жады жаңғыруда.

Сондай кереметтің бірі – 1989 жылы Сібірдегі Томь өзені жағасынан табылған түйелердің кескіні. Зілдің азуына нақышталған туындының жасы – 13 мың жыл. Мұны 2014 жылы жасалған радиокөміртекті әдіс 95 пайыз дәлдікпен анықтағанын ғалымдар растап отыр. Бұл – түйенің Азиядағы ең көне суреті. Ғажап емес пе?!

Бойына тарихтың тылсымын жасырған азуды алғаш Северск қаласының маңындағы алаңда қазу жұмыстарын жүргізген құрылысшылар тауып алады. Олар бейтаныс дүниені Томск университетінің ғалымдары С.Терехин мен А.Гаманға табыстайды. Алайда, үшке бөлініп, шытынаған сүйекке мамандардың қызығушылығы болмайды. Археологтармен ілесіп барған бозбала студент Александр Кондрашев үйіне алып кетеді. 1994 жылы оқуын тәмамдап, археолог атанған жігіт қоймадағы азудың үлкен бөлшегін балшықтан тазартады. Ақжемделген азу сынықтарына асықпай үңілген жас ғалым түйелердің көмескі кескінін көргендей болады. Ол мұның құнды жәдігер екенін түсініп, Юрий Ожередов сынды білікті ғалымдарға көрсетеді. Жорамалы дұрыс болып шығады. Сүйекке терең батырмай, аса ұқыптылықпен нақышталған кескінді Agisoft PhotoScan бағдарламасында 3D үлгілеумен зерделеген ғалымдар суретшінің шеберлігіне таң қалады. Туындыда арпалыса айқасқан төрт бура айнытпай салынған. Қасында тұрған адамның бейнесі де айқын.

Сібірден табылған бұл кескін Қазақстан, Орта Азия, Моңғолия, Башқұртстан, Саха, Тува жерінде кездесетін тастағы таңбалармен үндесіп жатыр. Орал тауынан Тынық мұхитына дейінгі далада жабайы түйелердің мыңдаған табындары мекен еткенін кейінгі археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеді. Киелі жануарлар қорымының ең көнесі – Кемер облысын 55 мың жыл бұрын кезген түйелердің сүйегі. Осыған қарап, прототүркілердің қос өркешті бактрианды бағзыдан білгенін байқаймыз. Әлкей Марғұлан өз жазбаларында Атыраудан Алтайға дейінгі аралықтағы «Тамғалы», «Теректі әулие» сынды петроглифтердің ұқсастығын айтып өткен. Суреттерде тымақ киген көшпенділердің қоңыр аңды қарумен емес, асатаяқпен иіргендігі жайында баяндайды ғұлама. Таңбалы тастар мен табылған сүйектер – түйе мен жылқы жануарларын алғаш қолға үйретіп, төрт түліктің қатарына қосқан байырғы түркілер екендігін айғақтайды.

Біз «Бабаларымыз жылқыны қолға үйреткелі 6 мың жыл болды» деп жүрміз. Сонда, одан мыңдаған жыл бұрын қосөркешті жануармен желген екен бабалар. Біз білетін Асанқайғының Желмаясы мен Бұрындықтың Ақ бурасы көнеден қалған ұрыс көлігі екендігін енді түсініп, түйсінгендейміз. Қазақтың түйені түліктің төресі дейтіні содан шығар, бәлкім. Соңғы зілдің 4 мың жыл бұрын жойылғанын ескерсек, ерте замандағы табиғаттың сан алуандығы ғаламат болғанына қайран қалмасқа шара жоқ.

Көнтабандының «қаптағай» атты» жабайы түрі бүгінде Моңғолия мен Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аумағында ғана кездеседі. Саны – мың бастан сәл ғана асады. Бұл киелі жануарлар Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енген.

Қазақстандағы түйенің саны 200 мыңның маңайында, ал, ұжымдастыруға дейін 1,5 миллионның шамасында болған деген дерек бар. Шөл даланың кемесі Түркілер жаһанды билеген Ұлы дәуірде халықаралық «Жібек жолы» сынды сауда керуендерінің негізгі көлігі болды. Олардың қомында өркениеттер сапырылысты. Сондықтан, бұл киелі жануардың санын арттырып, шұбаты мен шудасын кәдеге асыру керек. Өйткені, ол ұлттық дәстүр мен құндылықтың мәйегі. Бірақ, ең алдымен ғылымы мен технологиясы күн санап қарыштап дамитын мына жаһанда бағзы бабалардың мыңдаған жылдар бұрын ұлан-ғайыр далада шаһарлар салып, металлургияны өркендетіп, түйелер керуені арқылы логистиканы дамытқанынан ғибрат алуымыз керек. Себебі, Алаш баласы болмысын сақтап, құндылығын қадірлегенде ғана ел-жұртымыз өркендемек. Ендеше, өткенімізді ұмытпай, озық болашаққа ұмтылайық! Сонда ғана санамызды рухани экспансиядан сақтай аламыз.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button