Жазушының «уақыт машинасы»

Снукер деген ойын бар. Джадд Трамп деген ойыншы бар. Күні кеше ғана өткен English open 2020 біріншілігінің ақтық ойынында осы ойыншымыз қарсыласы Нил Робертсоннан үш фрейм айырмашылығымен жеңіліп жатты. Есеп 4:7 еді. Енді екі фрейм алса жеткілікті болатын. Солай болады деп ойлағамыз. Алайда, көп ұзамай есеп теңескен еді. Қалайша? Ол уақыт машинасын қосқан еді.

Ол ерекше ойыншы болатын. Миға кірмейтін соққы жасайтын. Соған орай оның жанкүйері көп болды. Ойыншы атаулының барлығы одан тайсақтап тұратын. Дегенмен, айтарлықтай нәтиже көрсете алмай жүрді. Содан ол өз ойынынан бас тартып, өзгелер сияқты ойнайтын болды. Әлем чемпионы да болды. Ел енді оны «әлем чемпионы» деп танығанымен, «ойыншы» деп танымады.

Осы ойында ел қайтып өздерінің сүйікті ойыншысын тапқандай болды.

Ел Өмір Кәріпұлы жазушыны білсе керек-ті. Қазіргі бірден-бір классикалық канонда жазатын суреткер. Бес-алты бет мақала жазса да, сол ұстанымынан айнымай келеді.

Бүгінгі заман екі иінімен дем алып тұр. Рас болса тәуліктің өзі 24 сағаттан тұрмайды дейді. Аралдың тартылғаны ештеңе емес, Балқаш та соның кебін құшады деп жатыр. Түрлі нәубетке байланысты елдің ауушылығы болған. Бүгін айдың аманында аң-құс ауып жатыр. Елде бір есірік көңіл бар. Даласын тастап кетіп жатыр. Алды шетелге, арты қалаға… Үйін бұзып алып, көшіп жатыр. Қазақтың осында тұрғандығынан төртқұлақ бейіттер ғана хабар береді.

Мұны біз білгенмен келер ұрпақ біле қояр ма екен? Әй, қайдам?

Мұқым жұртқа жарқын өміріміз келешекте деп жар салдық, елді соған ұйыстырдық, сол сөзімізге ұйыттық. Ақыры не болды?

Болғаны сол, қазақ баласы өзінің жерінен құландай жеріген қалып алды. Жеріне кім келіп жатыр, жерінен кім кетіп жатыр… бәрібір.

Кейінгі ғасырлар өліарасы қазақ баласына оңай тиіп жатқан жоқ. Кәуір сақал мен қысық көзден сақтанып жүруші едік, біреуіне қыз ұзатып, біреуінен күйеу келтіріп отырған жай бар. Мұсылмандықтың жөні осы екен деп шолақ балақ шалбар киіп, көзімізді жылтыратып тұмшаланып алдық.

Қолда бар бес-алты тұяқты базарға шығарып, ауылда «Рама» майын жеп отырған жұрт көп.

Даланың көркі еді-ау… сол құс-аң…

Даланың сәні еді-ау… сол бес-алты тұяқ…

Даланың иесі еді-ау… қалаға ауған қаймана қазақ…

Даланың киесі…

Қалғаны сол…

Содан айырылып қалмайық, – дейді Жазушы!

Содан да қолына қалам алған.

Кере қарыс роман жазуы керек пе еді? Жоқ, жаза алмайды. Жазған ондай дүниелерді. Әлі де жазады…

Алайда, тап бүгін қазақ баласы өзінің даласын тануы керек. Сөйткен даласында қасиет қалмай барады. Аттан түскен қазақ Еуропаның темір көлігіне ауысып алған. Сол көлікпен даланың аң-құсын қырып жатыр…

Иен даладан екі аяқтыны көру – мұң. Жолай жолаушылардан жөн сұрассаң «Қызылорданың қазағымын», болмаса «Павлодардың тумасымын» деп тұрады.

Қайран қазақ жері!..

Бабаларымыз қойып кеткен қасиетті атаулар елдің аузынан түспейтін күн туар ма екен!? Баяғыдай үйге қаймана қазақ ат тіреп түсіп жатар ма екен? «Сарыарқаның қазағымын» деп, болмаса «Тарбағатайдың қазағымын» деп; «Есілдің қазағымын» деп, болмаса «Сібірдің» қазағымын деп; «Маңғыстаудың қазағымын» деп, болмаса «Сырдың қазағымын» деп… «Қаратаудың қазағымын» деп, болмаса «Алтайдың қазағымын» деп… «Бетпақдаланың қазағымын» деп, болмаса «Ұлытаудың қазағымын» деп…

Бұл оның ғұмырлық тақырыбы. Топырақтың киесін білмеген жұрт, даланың киесін қайтып ұқсын. Топырақ тартады, деген тәмсіл бар. Жортуылға аттанған, Ібір-Сібірге айдалған бабаларымыз туған жерінің бір шөкім топырағын іле кеткен. Ажал оғы жетсе әлгі туған жерінің топырағы бар. Ал, біз болсақ сол топырағымызды саудалап жатырмыз, шетелге асырып жатырмыз…

Өмір ағамыз содан да тартынады.

Шау тартқанда қолына қаламын алса, басқа себебі жоқ. Қаламы судай жорғалап кетсе, басқа салдары жоқ.

Топырақтың түйірінде тарих жатыр. Тарихын сатқан ұлттың ғұмыры – шолақ. Қазақ баласы руға, елге бөлінеді. Бірақ, қасиетті жері ешқашанда бөлінген емес. Қазақ баласының жері – ортақ.

Қазақ баласының Даласы – ортақ.

Өмір ағаның соңғы сиясы кебе қоймаған шығармасы – «Дала сыры» деп аталатын нән кітап. Тіл де осында, тарих та осында, салт-дәстүр де ұмытылмаған. Жырмен өрген, қара сөзбен жырлаған. Сабақтастық та үзілмеген.

Ешкімнің тауын қызғанбаған. Біреудің көліне көз сүзбеген. Шөл болса да, өз шөлі.

Жақында ағамызбен тағы хабарласқанбыз.

– Тағы бір кітабым дайын тұр, – деді.

– Не кітап? – деймін мен.

– Дала туралы, – дейді ағамыз.

Ағамыз уақыт машинасын қосқан екен деймін іштей.

Айтпақшы, Джадд Трамп Инглиш чемпионы деген атағын қорғап қалды. Робертсонды 9:8 есебімен жеңді. Уақыт машинасын қосып. Біз қашан қосар екенбіз?..

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.