Руханият

Бәсекелестіктегі бассыздықтар басылымдарға қауіп төндіріп тұр

Әлеужеліге «әу!» десеңіз, әлемді шарлайтын шапшаңдығы қоғамның біраз қотырын қасып, жарасын жазуға септігі – шын. Мұнда сыбырлап айтқан сөзіңізді де жел алып жөнеледі. Ашық алаң кейпіндегі онда небір күрмеу шешіліп, талай түйін тарқатылып жатқаны да өтірік емес. Сол сипаттағы ақпар күні кеше Қарқаралы аудандық газетіне қатысты саңқ етті. Ол саңқыл 90 жылдық тарихы бар аудандық басылымның мемлекеттік тапсырысты сатып алуда бірнеше рет «сүрініп», соның салдарынан қызметкерлеріне 3 ай жалақы төлей алмай баз кешкендігін айтады. Бақсақ, бұл – қызықтың бер жағы екен. Қуырдақтың көкесі – әріде. Қазбалай келгенде, мәлім болғаны мынау.

Аудандық газет жыл сайын мемлекеттік тапсырыс негізінде алып жүрген қаражатынан қағылған. Дәлірек – Қарқаралы ауданы ішкі саясат бөлімінің ақпараттық саясатқа қатысты жариялаған ашық конкурсында жеңіліп қалған. Жұртқа түсінікті тілмен айтқанда, әр жылы тамақ қылған тендері тентіреп басқа біреуге бұйырыпты. Конкурста төмен баға ұсынып, аудандық газеттің жауырынын жер иіскеткен – Қарағандыдағы «Новый Вестник»» газеті көрінеді. Ол болса, миығынан күліп, бірнеше миллионды қанжығасына бөктеріп жүре беріпті. Ал, аудандық ішкі саясат пен «Қарқаралы» аудандық басылымы қылар амалы жоқ, қаражаттың орнын «сипап» қала берген. Тіршілігінің көзі – мемлекеттік тапсырыс болған басылымның бүгінде «көзі қарауытып, басы айналған» жөні осы екен…

ҮШ АЙЛЫҚ ЕҢБЕКАҚЫ ҚАРЫЗЫ ЖАБЫЛАДЫ

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нариман Есовтың мәлімдеуінше, басылым жарық көруін тоқтатқан емес. Газет өз қаражатымен шығып, қызметкерлеріне жалақысын шілдеге дейін төлеп келген. Кейінгі үш ай мұғдарында жалақылық қарыз қалыптасқан. Десек те, бүгінгі таңда бұл қарызды өтеудің жолы шешілген. Алдағы аптада қарыз толық жабылып, ақысыз демалысқа екі аптаға жіберілген қызметкерлер жұмысқа шығады.

– Бұл мәселе бізге мәлім болғаннан соң қаржы көзі қарастырылды. Алдағы аптада демеушілік жолмен еңбекақы бойынша қарыз толық өтеледі. Басылым жұмысын жалғастырады, – деді бөлім басшысы.

«Новый вестник» қалай жеңді?

Ішкі саясат бөлімінің басшысы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң бойынша ақпараттық саясат жүргізу жөніндегі ашық конкурстың наурызда жарияланғанын айтады. Конкурсқа шығарылған сома 11 млн. 160 мың 714 теңге 28 тиын. Осы конкурсқа аудандық «Қарқаралы» газетімен бірге Қарағанды қаласындағы «Новый вестник» басылымы бәсекеге түскен. «Новый вестник» 9 млн. 374 мың 999 теңге төмен баға ұсынып, жеңімпаз танылған. Ал, «Қарқаралы» газетінің ұсынған бағасы – 11 млн. 160 мың 714 тенге 28 тиын.

– Иә, «Новый вестник» ұтты. Олармен де жұмыс жасадық. Жұмыс жасау барысында оны Қарқаралы ауданы өңірінде қажетті данасын тұрғындар арасында таратуда кемшілік орын алды. Бізде келісімшартта Қарқаралы ауданы өңірінде 3 мың оқырманы болуы тиіс деген талап бар. Олар конкурсқа қатысқанда ол талаптың барлығын орындайтынын көрсетіп, дәлелді заңды құжаттар ұсынды. Бірақ, іс жүзінде шарттағы талап орындалмаған соң ол басылыммен келісімшарт бұзылды. «Новый вестник» басылымын өздерінің шартта көрсетілген талаптарын іске асырмаған «Жосықсыз өнім беруші» ретінде тану туралы сотқа шағым бердік. Алайда, карантин және төтенше жағдайлар кезінде бұзылған шарт болғандықтан заңдық талаптарға сәйкес ол «жосықсыз өнім беруші ретінде танылмайды және айыппұл салынбайды» деген шешім шығарды. Сол себепті келісімшартты бір жақты бұзып, жұмыс тоқтатылды, – деді Нариман Есов.

ЖАЛҒЫЗ ШАУЫП БӘЙГЕ АЛМАДЫ

Ресми көздер ұсынған деректе, бұдан соң тағы ашық конкурс жарияланып, алайда онда «Қарқаралы» газеті жалғыз қатысып, заң бойынша «конкурс өтпеді» деп танылған. Сөйтіп, бейресми ақпарат бұл конкурстың төрт рет, ресми ақпарат екі рет жарияланғанын жеткізді. Енді «ер кезегі – үш» деп үшінші рет жарияланып отырса керек. Оған ішкі саясат бөлімінің бөлген қаржысы – 3 млн.теңге көлемінде.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңының 29-бабы 3 тармақшасында «конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылғанда мемлекеттік сатып алу өткізілмеді» деп шешілетіні жазылған.

Әйтсе де, «Мемлекеттік сатып алу» туралы 29-бабының 3 тармағында конкурс тәсілімен қайта мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс берушінің бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу құқықтары көрсетілген.

ЖАРНАМАМЕН ТАБЫС ТАБУ – ҚИЫН

«Қарқаралы» аудандық басылымының бас редакторы Рымбек Смағұлов осы уақыт аралығында газеттің өз қаражатына тоқтаусыз жарық көргенін айтып отыр.

– Жыл басынан бері газетті тоқтатқанымыз жоқ, бүгінгі күнге дейін. Енді еңбекақының қаржылық мәселесі шешілді. Аудандық газеттің өзін-өзі ақтауы мүмкін емес. Оны өздеріңіз де білесіздер. Құттықтау секілді жарнамалық негіздегі түсетін материалдардан келетін қаражат айтарлықтай қомақты емес. Онымен газетті толық қамту да мүмкін емес. «Аудандық газет қаржы табуы тиіс» деген қисынсыз, – дейді редактор.

Бұл – рас енді. Алақандай аудандық газет түгілі мүйізі қарағайдай іргелі газеттердің жарнамадан байып кеткенін көргеніміз жоқ. Хабарландыру, ақылы материалдар әзірге ана тілді басылымдардың шекесін шылқытқан емес.

ЖЕР АСТЫНАН ЖІК ШЫҚТЫ…

Дәл мұндай кеп Қаражал қалалық газетінің басында да бар. Оның да нәпақысын «Новый Вестник» газеті ұтып әкетіп, зарлатып отыр. Онда да жағдай тап «Қарқаралыдай». 5 млн.теңге шамасында аз баға көрсетіп, ақпанда Қаражал қаласы газетінің асын аузынан жырып әкеткен. Қаражал қаласының ішкі саясат бөлімі де «Новый Вестниктің» «мешкейлік» әрекетінен туған тірлігіне көңілі толмай, ақыры сотқа жүгінген жайы бар. Қазір іс сотта жатыр дейді Қаражал қалалық газетінің редакторы Алтын Тәжитова.

– Мұның барлығы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңнан шыққан шикілік. Онда біздің ұсынған біліктілік талаптарымызға, басылымның жергілікті ме, жоқ па, ондай ешбір басымдықтарға пысқырып та қарамайды. Соның нәтижесінде, осындай ақылға сыйымсыз мемлекеттік сатып алулар жүзеге асуда, – дейді ол.

ТҮЙІН

Басылымдар арасында тендер ұтудан алдына газет салмай жүрген «Новый Вестниктің» Қарағандыда отырып, Қарқаралы, Қаражал жұртының жоғын қайтіп жоқтап, мұңын қайтіп мұңдауды ойлағанын білмейміз. Бірақ, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы бойынша әділ бәсекеде «айдарынан жел есіп» «жеңімпаз» танылып-ақ жүр. Сонда «Новый Вестниктікі» жөн де, жұрт аман, ел тынышта бір тиынсыз қалған жергілікті қалалық, аудандық басылымның өз обалы өзінде. Заң сөйдейді. Біз емес. Бұдан соң мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға бүйтіп берген қаншалықты әділ? Әділміз деп, әділетсіздікке жол беріп жатқан жоқпыз ба? Ақшамен бірге алаяқтықтың да қатар жүретінін еске алсақ, мемлекеттік сатып алудағы заң талаптарын тағы бір сұрыптайтын кез жеткен.

Солқылдақ заңдардың соңы – осы үнемі…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

 

Басқа материалдар

Back to top button