Руханият

Анашым менің ардағым!

Ана дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ шығар, себебі Ана – әрбір адамның жарық дүние сыйлаушысы, ақ сүтін беріп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Расында да, бізді Анамыз үнемі жығылсақ тұрғызып, жыласақ жұбатқан жан, әрі үлкен армандарға жетелеп, жылы жүрегімен үміт отын сыйлап отырушы еді. Жүзінен мейірім нұры төгіліп: «Құлыным, ботақаным, шырағым, күнім!» деп мың толғанып, емірене иіскеп, шашымыздан сипап, аялаушы еді. Анамыз біздің қолдаушымыз, ақылшымыз, сырласымыз болды.

Анашым! Асыл бейнеңізді, нәзік үніңізді, жұмсақ алақаныңызды енді көріп, естіп, сезе алмайтынымызды ойласақ, өзегіміз өртенеді. Қанша жасқа келсең де анадан айырылу оңай емес екен… Анамызға деген сағыныш күннен -күнге артып барады. Ананың құшағына жетер ештеңе жоқ қой бұл жалғанда. Оның құшағы – ең жылы, ең мейірімді ыстық ұя болды біздерге.

Жан анашым! Бүгінде біз өмірде өз орнымызды тауып, еңбектеніп жүргеніміз де ардақты әкеміз бен сіздің бізге берген тәрбиелеріңіз бен үлгі-өнегелеріңіздің арқасы деп білеміз. Сіздер бізге әрдайым қиындықтарға төтеп беруге, жақсылыққа ұмтылуға, жамандықтан аулақ болуға үйреттіңіздер. Осы үшін біз сіздерге қанша алғыс айтсақ да артық болмас, сірә!

Ардақты анам! Сіз бізге өмірде барға қанағат етуді үйреттіңіз. Сіз біздің қателіктерімізді кешіре білдіңіз, еркелігімізді көтере білдіңіз. Аяулы анам, біздің сізден алғанымыз көп. Сізге қарап бой түзедік. Бізге айтқан әрбір сөзіңіз, үмітпен қараған көздеріңіз бізді алға жетелеп келе жатқандай еді.

Анашым! Сіз біз үшін әлемдегі ең ұлы тұлғасыз. Өз бақытын, қуанышын өзі өмірге әкелген перзенттерінің қылығынан, қызығынан іздеген аяулы да ардақты Анамыз жанашыр, нәзік, әділ адам болды. Сіздің шыдамдылығыңызға, ержүректілігіңізге, еңбекқорлығыңызға таң қалмау мүмкін емес еді. Сіздің бізге деген махаббатыңыз, аналық жүрегіңіз мөлдір, нәзік, шынайы болушы еді.

Сіздің қадіріңізді түсініп, сеніміңізді ақтай алдық па екен, анашым?

Перзенттік махаббатымызды, ең ізгі де ыстық сезімімізді білдіре алдық па екен, анашым?

Мына өмірде күнделікті күйбеңмен жүргенде сізге лайықты құрмет көрсете алдық па екен, анашым?

Шіркін, уақытты аз ғана кері шегіндірсе ғой, анамыздың құшағына еніп, мауқымызды басып, сезімімізді ақтарып, ерік берер едік… Оны қалай жақсы көретінімізді, анасыз өмір сүрген аз күнде қалай сағынғанымызды, орны ойсырап, көңіліміз құлазып қалғанын, анасыз өмірдің мәні де, сәні де жоқ екенін айтар едік, мойындар едік. Әттең !!!

Біздің Отбасының шамшырағы, ерінің асыл жары, балаларының өмірі болған анамыз Ермек Қасымқызы Хайруллина – 1932 жылы 27 желтоқсанда Қарқаралы кентінде дүниеге келген. Орта мектепті 1950 жылы бітіріп, сол жылы ашылған Қарағанды мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1956 жылы дәрігер дипломын алып, оқу орнын сәтті аяқтайды. Оқуды тәмамдағаннан кейін анамыз «ақ халатты абзал жан, адам жанының арашашысы» дәрігер болып жұмыс істейді.

43 жылдан астам еңбек өтілі бар Ермек Хайруллинаның еңбек жолы, кәсіби алғашқы сапары ауылды жерлердегі аурухананың табалдырығынан басталады. Өзін нағыз маман ретінде танытқан анамыз Ворошилов ауданының «Үлгі» колхозында, Қарқаралы ауданының Киргизия совхозындағы учаскелік ауруханаларда меңгеруші ретінде жұмысын адал атқарды.

Бұл қызметтің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды болды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнаған абзал жандардың бірі – біздің анамыз болды. Қиындыққа мойымай, денсаулық сақтау саласына аянбай қызмет етеді. 1959 жылы Ульянов ауданының «Колхозное» селосына көшіп келіп, 1963 жылға дейін фтизиатр және рентгенолог болып қызмет етті. 1963 жылдың тамыз айында Қарағанды облысы Шет ауданының Ақсу-Аюлы селосындағы түберкулезге қарсы диспансер меңгерушісі қызметіне жолданып, 1970 жылға дейін бас дәрігер болып жұмыс істейді. Өз ісінің нағыз маманы, үлкен жүрегі және адал қызметі үшін елі оны үнемі елеп-ескеріп жүрді. 1970 жылдың қараша айында Шет ауданының Халық депутаттары кеңесінің бірінші орынбасары болып сайланды. Анамыз бұл қызметті 12 жыл абыроймен атқарды.

1982 жылы фтизиатр мамандығына ауысып, 1988 жылы жергілікті маңызы бар дербес зейнеткер ретінде демалысқа шықты. Дегенмен, қажыр-қайратын, күш-жігерін аямай, 1996 жылға дейін еңбек етті. Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Осы қажырлы еңбегінің арқасында анамыз «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген мерекелік медальдармен, тың және тыңайған жерлерді игергені үшін медальдармен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған, 1982 жылдан жергілікті маңызы бар дербес зейнеткер болған. 43 жылдан астам уақыт тынбай еңбек еткені үшін Шет ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Қызмет еткен жылдары тек алғыс пен марапаттарға ие болды.

Анамыз Ермек 4 баланы дүниеге әкелген. Төрт баласынан 10 немере, 10 шөбере сүйіп, үбірлі-шүбірлі болып өсіп-өнген, өрісі кеңейген жан еді. Әкемізбен 47 жыл отасты. Ата-анамыз бізді адами мейірімділікке, қайырымдылыққа, адал болуға, басқа адамдарға жанашырлық танытуға үйретіп, тәрбиеледі. Әкеміз дүниеден өткен соң анамыз Қарағандыға көшіп келді.

Ана екеу емес, біреу ғана. Ана – өміріміздің мәні, сәні. Ал, жалғыз дүниенің екінші рет қайтып келмейтінін, біреудің бірнешеу болмайтынын түсінсеңіз, ата-анаңызға жақсылық жасаңыз. Көз жасын күлкіге, мұңын қуанышқа, жабырқаса жұбатып, сағынса қасынан табылыңыз. Анаға деген көңіл, махаббат, сағыныш жас талғамайды-ау, сірә! Иә, ананың мейірімін, нұрлы жүзін, алақандарының ыстық табын, балаларына деген қамқорлығын, санасында саңылауы бар жан ұмыта ала ма? Әттең, оны кеш түсінетініміз өкінішті. Анамызды аңсап, елжіреп сағынамыз, әрдайым көңіліміздің төрінде тұрады, бас иіп тағзым етеміз.

Анамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алды пейіш, арты кеніш болсын деп дұға тілейміз.

Анажан, шаңыраққа болдың пана.
Жамандық қылмаушы едің ешбір жанға.
Амал не, жоқсыз бүгін ортамызда.
Сағындық, ана, сізді баршамыз да.
Жан-Ана, ұл-қызыңның тірегі едің.
Тірі болсаң жарқылдап жүрер едің.
Болмасаң да бүгін біздің жанымызда.
Айтқан сөзің, тәтті күлкің жадымызда.
Нұрлы бейнең есте қалар мәңгілік,
Дауысың да құлақта тұр жаңғырып.
Арамызда жоқтығыңды білсек те,
Келетіндей арманменен сан үміт!
Күттік сені, қырық күн де зыр етті,
Көңіл суып жоқ жеріңе гүл ектік.
Табаныңның астында ғой жұмағым,
Бақыл болшы, жанашырым, жыр-әнім!
Анам менің – жан шуағым, бұлағым,
Сені бізге Алла берді пана ғып.
Не шара бар ісіне Жаратқанның,
Артың кеніш болсын, жарығым!

ЖАЗЫКЕНОВ ұрпақтарынан.

Басқа материалдар

Back to top button