Руханият

«Баталы ер – арымас!..»

Сақтың салтын, ғұнның ғұрпын ұстаған қазақтың ұрпағымыз. Ата-бабадан мұра болған ұлттық болмысымыздың негізі де сонда жатыр. Өкінішке қарай, заманның ағымы ма, әлде батыстық мәдениеттің кері әсері ме, кейбір дәстүріміз ұмытылып барады. Тіпті, өзіміз мүлдем білмейтін әдет-ғұрпымыз да бар. Ал, қолға су құю мен келіннің сәлем салуын жастайымнан көріп өстім.

Шындығында, ата-бабамыз діннің өзін ұлттық менталитетке икемдеп, таным-түсінігіне сай, реформалап отырған. Өйткені, кез келген діннің жетегінде кетіп, өзге сенімнің шырмауына түспес үшін тіні бекем ұлттық негіз қажет. Ол ғасырлар бойы бойға дарып, қанға сіңген салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпта бейнеленген. Мәселен, кез келген орыстілді қазақтың өзі беташар рәсіміне қатысып, бата беріліп жатса қолын жайып отыра қалады. Болмаса тамақты үлкеннен бұрын бастамай, ер азаматтың алдынан кесіп өтпеуге тырысады. Немесе жасы үлкен адам келгенде қос қолдап амандасып, нанды екі қолымен үзіп жейді. Мұның бәрі сүйекке сіңген ұлттық салт-дәстүрдің құдіреттілігі.

Ал, бүгінгі жас ұрпақ осы күрделі мәселенің маңызын жете түсіне ме? Осы сауал көп мазалайды. Олардың бойына асыл қасиеттер мен ұлттық құндылығымызды дарытып, болашақтың қамын қазір ойламасақ, ертеңіміз бұлыңғыр болмақ. Сондықтан, батаның құдіретін қолға су құю және сәлем салу дәстүрімен байланыстыра жеткізбекпін.

Көпбалалы шаңырақта өстім. Әкем колхозда жұмыс істегендіктен, үйден адам арылмайтын. Иығыма орамал асынып алып, Шалқар атамыздан қалған мыс құманыммен су құямын да жүремін. Олар қолын жуып, сүртініп жатып «Үлкен азамат бол!», «Арманыңа жет!», «Айдай сұлу қыз ал!» деген сынды батасын беріп жатады. Мен «Әумин» деп басымды изей беремін. Қазақта «Үйдің кішісі болғанша, иттің күшігі бол» деп бекер айтпаған. Сол сәттерде сол дәстүрге аса мән бермеген екенмін. Кейін есейген соң, Дәуіт Пайғамбардың ұлы Сүлейменнің елдің қолына су құйып, аман қалғаны жайлы аңызды оқып, таң қалдым. Бірақ, бүгінде су құю салты ұмытылып бара жатқаны өкінішті.

Сәлем салу дәстүрі жайлы да сан түрлі пікір бар. Қазір, кейбір жас келіндер сәлем салу салтын үйлену тойындағы беташар рәсімінде әдемілеп орындайды да, кейін ұмытып кетеді. Бұл да үлкенге деген құрметтің белгісі.

Ал, енді осы қолға су құйған бала мен сәлем салған келінге бұл дәстүрдің ортақ пайдасы бар екен. «Батаменен ел көгерер» деген сөздің мәнісі осы тұста айқын көрінеді. Өйткені, қолға су құятын бала да, сәлем салатын келін де жас ұрпақ өкілі. Олар өсіп-өнуі мен ел қатарына қосылуы үшін алдымен батаға зәру. Сондықтан да, үлкендер осындай дәстүрлерді жаңғыртып, жастардың ертеңіне алаңдайтынын іспен дәлелдеген. Қазір үлкен азамат болып, ұлқыз сүйіп отырғаным сол ел берген батаның күші екенін сеземін. Ал, өзінен жасы үлкендерді сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің жаман болғанын көрмеппін.

Сондықтан, салт-дәстүрімізді сақтап, ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрпымызды қайта жаңғыртып, рухани кемелдікке, ұлттық болмысымызды ұсақтамауға ұмтылайық! «Баталы ер – арымас!..» демекші, елден бата, алғыс алуға тырысайық!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button