Руханият

Бала АБАЙДАН – дана АБАЙҒА

«Үш күндік жол, жеткізбей сағымдана, Сағынып балаң келеді ару дала. Қорықтан күн шыққанда атқа қонып, Мінекей, жетіп қалдық ауылға да». Бұл – «Жас Абай» қойылымындағы Абай монологының алғашқы жолдары. Қоңыр күздегі маусымашар ғажайып драма осылай ауылға деген сап-сары сағынышпен басталды. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры алты ай үзілістен кейінгі 89 маусымын Төкен ИБРАГИМОВ пен Мирас ӘБІЛДІҢ «Жас Абай» драмасымен ашты. Қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан ЖҰМАНИЯЗОВ.

Жарты жылға жуық уақыт Арқаның ақсарайын сағынған жұрт уақытылы жиылды. Санитарлық талаптар толық сақталып, театр басшысы Құрман Қалымов сағына келген көрерменге ыстық ықыласын жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов және Кеңес Жұмабеков, Қайрат Кемалов сынды театр ақсақалдары құттықтау лебізін ақтарды. Қойылымға Әлімбек Оразбеков бастаған театр майталмандары арнайы келгенін айта кеткен жөн.

Биыл туғанына 175 жыл толған қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өнегелі ғұмыры мен өміршең шығармаларын насихаттауға арналған «Жас Абай» драмасы жыл басында да сахналанған.

Қойылымның ерекшелігі – осы кезге дейін қартайған шағы сомдалып келген хәкімнің мұнда жастық шағы, оқудан ауылға келіп, ел ісіне араласуы, балалықтан – даналыққа бет бұруы, қоғамдағы түрлі қайшылықты көзімен көріп, жүрек елегінен өткізуі бейнеленді.

Жер үшін өзара қырқысқан рулардың арасындағы араздық пен Құнанбайдың қаталдығы һәм мейірімділігі, Бөжейдің оған ішкі қарсылығы, Абайдың бірлігі кете бастаған ағайынға деген өкпе-реніші және сол алауыздықты тоқтатып, бір үйдің баласындай ғұмыр кешуге шақыруы әсерлі жеткізілді әртістер тарапынан.

Автордың айтқысы келгенін қоюшы-режиссер Н.Жұманиязов жеткізуге барын салыпты. Сахнаны әрлеу, драмадағы дәуірдің келбеті мен адамдардың психологиясын, киім киісі мен жүріс-тұрысын көрермен ретінде тамаша сезіндік. Сүймелдеуші әуендер мен қойылымда орындаған Абай әндері үйлесімді болды.

Құнанбай рөлін – Бекмұхамед Киекбаев, Абайды – Ахай Жұмамұратов, Зере – Нұржібек Жансүгірова, Ұлжан – Гүлнәр Базарбаева, Тоғжанды – Саягүл Тәшімбекова, Бөжей рөлін – Рахат Қосжанов шебер ойнады. Диологтар мен қимылдар да сенімді шықты.

Ең күрделі образ – Абай бейнесі. Десек те, осы кезге дейін Абай рөлін шебер сомдап, көрерменнің сүйіктісіне айналған Кеңес Жұмабековтің тәлімін алған талантты жас актер Ахай Жұмамұратов осы ауыр жүктің үдесінен шықты. Оның тұла-бойынан медресіні аяқтап келген, жаны жаңалық пен ізгілікке құмар, қалыптасып келе жатқан ақынның болмысын көрдік, сезіндік, толқыдық. Қысқасы, әсер мол, сөзбен жеткізу қиын.

– Абайдың махаббатына қол жеткізе алмауы, Қодар мен Қамқаның қатігездікпен өлтірілуін көруі және содан кейінгі жан жарасын жырмен емдеуі, бітпейтін жер дауына тап болып, екі елдің арасындағы бітпес жанжалға араша түсуінің барлығын сезініп, көрермен жүрегіне жеткізу оңай болған жоқ. Оның үстіне, мұндағы Абайдың жас кезі – тың образ. Сол бейнені халықпен табыстыру – үлкен жүк. Абайдың ойлау деңгейін ел біледі. Барымды салдым, қалғаны көрерменге аян, – дейді Ахай Жұмамұратов.

Шындығында, эпизодтар тартымды, өзара байланыс сақталған. Композициялық тұтастық пен шығарманың негізгі идеясы сатылап, жанды өрбіп, шарықтау шегіне жеткенде оқырманның жүрегін шымырлатып, іштей қорытынды жасауға толық мүмкіндік беретін қойылым болды.

Талантты режиссер һәм актер Бек Киекбаев Құнанбай бейнесін жан-жақты ашты. Барлық оқиғаны өз маңайында өрбітіп, туындының темірқазығы бола алды. Абайдың оқудан келгендегі әкесімен, анасымен және әжесімен жүздесуі және Тоғжанмен кездесіп, одан мәңгі көз жазуы да жанымызды астан-кестен етті. Досы Ерболдың бейнесі де тартымды шығып, Абайдың тұлғасын асқақтата түсті. Шынайы махаббатты сахнадан көру оны сезінудің әсері бөлек қой, шіркін…

– Абай – өте терең әлем. Бұл басы ғана, әлі талай рет сахналанып, илеуі қана түспек. Спектакль деген жалпы, уақыт өткен сайын сан қыры ашыла түсетін құпия жанр. Мұның ерекшелігі де сонда. Екінші рет осы қойылымға келген көрермен басқаша әсер алуы мүмкін. Сондықтан, бірден ғажап болды деуден аулақпын. Ізденіп, толықтыра түсу – міндет. Мұндағы басты мақсат – бала Абайдың дана Абайға айналу кезеңін ел жүрегіне сіңіру. Болашақ ойшылдың қалыптасу дәуірін елестету. Қандай өмір сатысынан өткенін көрсету. Өйткені, Абайды тану, оған бойлау, бойымызға сіңіру, болашаққа соның көзімен қарауға бейімделу қазіргі қазақ қоғамына ауадай қажет. Сондықтан, театрға келіп тұрыңыздар, – деді Нұрлан Жұманиязов.

Ал, көрермен пікірі үнемі маңызды дүние. Қойылым біткен соң тарап жатқан ел де ой құшағында бара жатты. Жүздерінен ризашылықты, жаңалыққа, ізгілікке деген құмарлықты байқадық.

Алмаз есімді көрерменнің айтуынша, қойылымнан үлкен әсер алыпты. «Әсіресе, Абай мен Тоғжанның кездескен сәті жүрегімді сыздатып, екі рудың өзара жаға ұстасуы мен Құнанбай мен Абайдың достарша сырласуы терең ойға жетеледі. Режиссердің сәтті шешімдеріне риза болдым. Оқиғаның өрбуі менің қиялыммен ұшасып отырды. Алдағы Д.Исабековтің «Актриса» қойылымына да келу ниетім бар. Сонымен қатар, кейіпкерлердің өлеңдетіп, ұйқаспен сөйлеуі, мүдірмей бір-бірін іліп әкетуі қатты қызықтырды. Драманың кинодан айырмашылығы жер мен көктей екен» дейді ол.

Иә, Абайдай күрделі тұлғаның қалыптасуын сахналау оңай емес. Халқымыздың тұтастай ойлау жүйесін басқа арнаға бұрып, сайын даламызға ізгіліктің нұрын сепкен, жазба әдебиетінің негізін қалаған хәкімнің бозбала бейнесін елдің жүрегіне жеткізу – абыройлы міндет. Адамзаттық терең білімнен сусындап, оны халқына өз болмысымен әрлеп беруі Абайдың даралығын көрсетеді. Оның ойлау дәрежесі мен көңіл-күйін қоғамдағы жайттармен астастыра сөйлету – өте жауапты іс. Көңіліміз толып, толқып қайттық. Бүкіл қазақ даласы Абайша ойлап, Абайша ән салып, Абайша мұңға батып тұрғандай. Бала Абайдың – дана Абайға айналуы әлі көз алдымызда тұр… 

Жәлел ШАЛҚАР.

Суретті түсірген Е.ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button