Руханият

Теміржол тарланы

Ол – «әке көріп, оқ жонған ұл». 1941 жылдың қара күзі. Батыстан ентелеген жау Одақтың оқпанына оқ жаудырып, кәріне мініп алған. Жаңаарқадан әскер қатарына шақырылған 40 бозбала Қарағанды түбіндегі қазіргі Сұрыптау станциясында жатқанына бір айдың жүзі болған. Өздерін Батысқа алып жүрер әскери эшелонды күтіп жатыр. Жатқан жерлері – «мың торғай қамасаң, бір торғай қалмайтын» аңғал-саңғал жаппа казарма. Күніне екі мезгіл сапқа тұрғызып, түгендеп қоятыны болмаса, ешқандай әскери жаттығу да өткізілмейді.

…Бір күні көп күткен әскери эшелон да жетті-ау. Саптағы сарбаздардың алдында Отан қорғаудың қастерлі міндет екенін жетелеріне жеткізе айтып, мақтасы шыққан қырық-шұрық күпәйкелерінің белін шарт буынған өрімдей жас жігіттерді жігерлендіріп тастаған офицердің қолында – жалғыз ғана әскери билет. Бір сәтте әлдене есіне түскендей, қолындағы әскери билеттің бетін ашты да, әскери әмірлі үнмен:

– Призывник Косубаев! Выйти из строя! – дегені. Саптың орта шенінде тұрған Қабылда Қосубаевтың жүрегі зырқ ете қалды. Әлгіндегідей емес, үні жұмсарған офицер:

– Сіз теміржолшы екенсіз. Бас Қолбасшының арнайы бұйрығына сәйкес, броньмен әскери қызметтен босатыласыз, – деді де, әскери билетін қолына тапсырды.

Қуанып кетті. Бір айдан астам уақыт бірге болып, алдағы қатерлі күндерге бірге тәуекел еткен жерлестерін де қимай қалды. Ауылдан бірге келген 39 жерлесі әскери эшелонға мініп, Батысты бетке алды. Теміржолдың казарма орналасқан тұйығынан екі жол шыққан сол күні. Бірі – өлімге, екіншісі – өмірге. Иә, сол жолы аттанған 39 сарбаздың бірде-бірі оралмады.

…1978 жыл. Майталман теміржолшы Қабылда Қосубаевтың ұлы Назыр Қарағанды мемлекеттік университетінің химия-биология факультетіне құжат тапсырып, конкурстан сүрінген. Ол кезеңде негізгі емтихандарды жақсы тапсырғандарды кешкі бөлімге қабылдайтын үрдіс бар еді. Назыр да қабылданыпты. Әкеден бата алып, қалаға аттанғалы ниет еткен ұлына Қабекең ақсақал жоғарыдағы әңгімені баяндап берді де:

– Шырағым, менің өмір жолым теміржолда жатыр. Сендердің көретін жарықтарың мен маған Алланың нәсіп еткен тағдыр сыйы шығар, мен сөйтіп, теміржолдың арқасында аман қалғанмын. Мені тыңдасаң, химияның кешкі оқуын оқығанша, бір жыл жұмыс істеп, теміржолдың күндізгі оқуына барсаңшы, – деді.

Міне, сол күні әкелі-балалы екеуі ортақ мәмілеге келіп, асқар таудай әке бауыр еті – баласына теміржолға – бағыт, өмір жолына бата беріп еді. Әкенің батасы қабыл болды. Сол Назыры – бүгінгі таңда Қазақстанның Құрметті теміржолшысы, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Қарағанды магистральдық жол желісінің директоры. Халық қалаулысы ретінде – аманатына адал.

***

Ол – депутат. Назыр Қабылдаұлы – №42 Ақадыр сайлау округінің қалаулысы. Бұл өңірдің барлық өзекті проблемасы – депутатқа ежелден таныс. 1984 жылы Алматы теміржол институтын бітіріп келгенде еңбек жолын Ақадыр машиналандырылған жол дистанциясында аға инженер болып бастаған. Теміржол бойына шоғырланған ауылдың барлығының тыныс-тіршілігі Назыр ағаның жадында жатталып қалған. Киікті станциясындағы мектеп үйі өзімен түйдей құрдас екен. Анығында 1960 жылы салынған. Саман кірпішпен қаланған қабырға сөгілуге шақ тұр. Мандат иеленген күні бірыңғай теміржолшылар отбасылары қоныстанған ауылдың жырға айналған осы проблемасына көңіл аударды. Ғимараттың апатты жағдайда тұрғанын дәлелдеу үшін төтенше жағдайлар қызметі қорытынды жасау керек. Комиссия мүшелерін бір күнде алып бару мүмкін емес. Бірі – іссапарда, екіншісі – демалыста. Соны да Назыр Қабылдаұлы орайлы ұйымдастырып, «Қазақстан Теміржолы» АҚ-мен келісіп, Киіктіге екі вагон адам алып барды. Құрамында депутаттық топ бар, төтенше жағдайлар қызметі, білім басқармасы бар, толыққанды комиссия Киіктінің мектебін көріп, депутат Қосубаевтың көтеріп жүрген мәселесін заңды тұрғыдан растады. Биыл сол Киікті мектебінің бірінші қабатындағы құрылыс жұмыстары межеленді. Сәтін салса, 2021 жылы толық аяқталып, ел игілігіне қызмет етуін бастайды жаңа мектеп.

Ақадырдан Ақшағыл ауылына баратын көтерме жолға күрек тимегелі де 40 жылға жуықтаған. Жол үстінде жеңіл көліктің төбесі көрінбейтін шұңқырлар бар. Осы мәселені де өткір көтеріп, орташа жөндеуден өткізуге септігін тигізді.

Шет ауданының Көктіңкөлі ауылынан Жаңаарқаға қарай шығатын жолды жылда су шайып кетеді. Бұл мәселе де халық қалаулысының ұйқысын қашырып, күлкісінен айырған еді. Оны да оңтайлы ұйымдастырып, халықтың алғысына кенелді.

«Қарағым, депутатсың ғой. Мынау оқу бітірген балама жұмыс табылмай жатыр» немесе «Шиеттей бала-шағаның оқуы бар, киімі бар, отыннан тарығып отырмыз. Көмірден көмектесе аласың ба?» деп, есігін қағып, есін шығаратын сайлаушыларда есеп жоқ. Бәрінің болмаса да, мүмкіндігі жететін шаруа болса, ешкімнің меселін қайтарған емес.

Депутат болмай тұрып-ақ, ауылға, елге бүйрегі бұрып тұратын азаматтың есімі аталса, Шет, Ақадыр, Жаңаарқа өңірі елең ете қалады. Өйткені, Назыр ағаның жомарт жүрегінен жоралғы көрген ел – мұның бәрі.

Бір жылы туған ауылына барған. «Көктіңкөлі» станциясы. Иә, шағын ауыл. Бастауыш мектебі бар. Мектеп басшысы кездесе кетіп:

– Аға, уақытыңыз болса, өзіңіз оқыған мектеп қой, бір келіп кетсеңізші, – деп қолқа салсын. Барды. Көрді. Құрқылтайдың ұясындай ғана шағын ғимарат шашылып қалуға шақ тұр екен. Әбден тозығы жеткен. Жылына бір рет ата-бабаларына ас беріп, елге рухани азық сыйлап жүрген әулеттің баскөтерерлерімен хабарласып, жағдайды түсіндірді. Ақылдаса келе, ауыл мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасап беруге бәтуаласты. Сөйтіп, ауыл мектебін «ине-жіптен жаңа шыққандай» кейіпке енгізіп, жанынан 60 шаршы метр қосымша бөлме қосып берді. Айналдырған төрт бөлмені үш пешпен әрең жылытып отырған мектепті дербес электр қазандығымен жылытуға мүмкіндік туды. «Міне, азамат!» десті ел-жұрты.

***

Ол – майталман инженер.

…Алдымда – теміржол саласындағы іргелі кәсіпорынның басшысы отыр. Әдетте, өндірістік сала басшыларының мінезі шапшаң, қимылы аласкүлес болушы еді ғой. Назыр ағада тау қозғалып, жер шайқалса да, қыңқ етпейтін сабыр бар. Сөзі – орнықты, мінезі – байсалды. Сөзге сараң, көлгірсімейді. Кейіпкеріңнің көлгірсімеуі көмбенің кілтін қолыңа түсірмейтіні тағы бар.

2015 жылы Қарқаралы өңіріндегі Қарасор көлінің кемері толып, көл жағалап өтетін теміржолдың су астында қалғаны бар. Өндірістік бағыттағы шойын жол. Сол төңіректегі кеніштердің кенін тасымалдау күрт тоқтады. Әбден арналанып алған көлдің жағалауы шегінер емес. Қысқасы – төтенше жағдай. Арнайы комиссия бірнеше мәрте барып, мәмілеге келе алмаған. Құлағымыздың түрік жүретіні – кәсіби дағдымыз. Естіп жүрміз. Біліп жүрміз. Кеніштер екі айға жуық мерзімге тоқтап, кеншілер ақысыз демалысқа кетіп жатыр. Комиссияның сегізінші сапарында санасы сергек біреуінің ойына жол құрылысының майталманы Назыр Қосубаев түскен екен. Қолқалап алып барған Қосубаев екпіндеп, екіленбей-ақ:

– Адамның жасағанын адам жасайды ғой. Егер, сеніп, рұқсат етсеңіздер, жасап шығамыз, – дейді байыпты қалпынан айнымаған күйі.

Ақыры, жоғарғы бетінен 1-1,5 метр су жүріп кеткен 10 шақырымдық теміржолдың негізгі табанын бұзбай-ақ, үстіңгі қабатынан күшейте отырып көтеру арқылы небары 43 күнде іске қосқан осы Назыр Қабылдаұлы болатын. Оны да біреу білсе, біреу білмейді. Біз де өз аузынан емес, әріптестерінен естігенбіз. Иә, Назыр аға – осындай жан.

***

Ол – жаңашыл менеджер.

Қайсыбір жылдары, естеріңізде болар, теміржол бойындағы жол дистанцияларының дені жекешеленіп, шетелдік инвесторлардың қолына өтіп жатты. Қазақстан аумағындағы теміржолдың барлығын солар жөндейді. Солар демдейді. Тендер арқылы жеңіп алады да, қымбат баға, сапасыз жұмыс ұсынады. Жоғарыда олардың мүддесіне «қызмет етіп» отырған «көкелер» бар. Көзін ашқалы жол құрылысы саласында қызмет етіп, әбден шыңдалған инженер Назыр Қосубаев үшін мына үрдіс ашық жасалған қылмыстай көрінетін-ді. Ол кезде «Қазақстан Теміржолы» АҚ Қарағанды бөлімшесі бастығының орынбасары лауазымында еді. Бұл мәселені ашық айтып, өткір сынап та жүрді. Әлгі жекеменшік компаниялармен бәсекелес бола алатын серіктес құрылым керек екенін биік мінбелерден де айтты. Бір күні сәті туды-ау, әйтеуір. Басшылық шақырып алып:

– Сенің айтып жүргенің дұрыс екен. Көршілес Ресейде машиналандырылған жол дистанциялары түгелдей сақталыпты. Акционерлік қоғам басшылығы ел аумағынан сондай бір құрылым ашу керектігіне көздері жетті. Әзірге, Семей, Қапшағай, Қарағанды үшеуінің бірінен магистральдық желі ашу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Осы мәселеге байланысты, Қарағандының мүмкіндіктерін дәлелдейтін құжат әзірлеу керек, – деп тапсырманы төтесінен қойсын. Бұл бірден:

– Әрине, дәл осы үш өңір бәсекеге түссе, Қарағандының мүмкіндігі зор. Қарағанды – Қазақстанның кіндігі, тоғыз жолдың торабы. Сондықтан, бұл желі бізден ашылу керек шығар, – деді.

– Ендеше, осы ұстанымыңды құжат жүзінде дәлелдеуің керек! – деп, шығарып салды.

…Аз уақытта дайындалған Назыр Қабылдаұлының бизнес-жоспары Елорда төрінде өткен келелі кеңесте жеңіске жетіп, қазір өзі басқарып отырған алып кәсіпорынның іргесі Ақадыр станциясынан қаланды. Қазір Қарағандыға көшкен. Қазақстан аумағында Назыр басқаратын желінің қайласы тимеген жол жоқ.

Ана бір жылы тағы да бұл желі желдің өтінде қалып, басына қара бұлт үйіріле қалды. Аяқ астынан «Қазақстан Теміржолы» АҚ басшылығы «Бұл кәсіпорынды ұстап тұру – қып-қызыл шығын. Бізге – жекеменшік мердігерлермен жұмыс істеген тиімді» деген ылаң бастасын. Сонда да Директорлар Кеңесінде магистральдық желіні асқан табандылықпен, дәйекті дәлелмен қорғап қалған Қосубаев еді!

Аңдап қарасақ, бұл әңгіменің де бастауында жекеменшік компаниялармен ауыз жаласқан «көкелер» отыр екен…

***

Биыл – Қосубаевтар әулетінде мерейлі жыл. Теміржолшылар әулетінің отбасылық еңбек өтілі 250 жылды еңсеріп отыр. Мұнда аманатқа адал депутат, Құрметті теміржолшы Назыр Қабылдаұлының өзінің, әкесінің, бауырларының, зайыбының, балаларының еңбек өтілі бар. Өмір жолы (40 жылдан астам) теміржолдың бойында өткен Қабылда әкеден тараған ұрпақтың өзі ғана екі жарым ғасыр бойы ел экономикасының күретамырына қан жүгіртіп келеді.

Ал, Назыр ағам 60 жастың асқарына абыроймен көтеріліп отыр. Елжандылықпен еңселеніп, табандылықпен тамырланған тағдыры, өрелі істерге толы өмір жолы – теміржолдың бойында. Нағыз теміржол тарланы!

…Аз-кем әңгімеден соң, Назыр ағаның қалтафонында дамыл болмай кетті. Ендігі отырыстан береке таппайтынымызды ұққан екеуміз де орнымыздан қозғалдық. Ағамды шығарып салып тұрып, көз алдыма теміржол елестеді. Рельстің бір табаны – Назыр ағам, екінші табаны – жамандық атаулы. Екеуінің де көтерген жүгі – батпандай… Бірақ, екеуі мәңгілік түйіспейді!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button